Күрең күз

Күрең күз
жеке
блог

        Таңертең тұрып жатахананың терезесінен далаға өте ұзақ қарадым. Кеше ғана ағаштар жайқалып, хош иісті гүлдер жайнап тұрған еді. Ал қазір құдды бір түнде келіп жау шапқандай аласапыран кейіпте тұр. Жерге түскен сары жапырақтар алаңсыз, уайымсыз жүрген бала кезімді еске түсіріп жіберді. Еріксіз көзіме жас келді.

       Осыдан үш жыл бұрын мектепте дәстүрлі түрде өтетін «Күзгі балл» мерекесіне дайындық жасап жүрдік.Сныптастарым сары жапырақтардан бала махаббатым екеумізге шашу шашып еді. Сондағы достарымның риясыз күлкісі, папамның сырттай бақылап, бізге күлімсіре қарап тұрған жүзі әлі көз алдымда. Әкем менің нағыз досым болатын. Ал анам «қыз деген жігіті жайлы әкесіне айта ма екен?!» деп ренжігені есімде.

     Ал қазір анам мен әкемнің жанынан алыстамын. Білім қуып, қалада жүрмін. Кеше ғана кураторымыз «қыздар, сендер осы кеткеннен енді қайтып үйге оралмайсыңдар, жай ғана қонақсыңдар» деп айтып еді.Шыныменде солай ғой. Қыз баланың жолы өте ауыр. Ертең өз үйіңнен тіпті алыстап, басқа үйдің шамын жағасың. Жүрегің қатты ауыратын тәрізді. Әне, анашым хабарласып жатыр. Түсінде мені ақ машинаға отырып, кетіп қалғанымды көріпті. Енді уайымдап жүр, алып қашып кетпесін деп. Әй, осы менің тынымсыз анашым-ай...