Құрбыма менен сәлем айтыңызшы...

   "Достар - бөлек тәнде өмір сүретін, бір адам"

Аристотель

 Әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, достық жайлы жазылған жазбаны оқып қалдым. Бірден ойыма ең жақын досым деп білетін құрбым оралды. Сағыныппын... 

   Біз бір мектепте, бір сыныпта оқыдық. Бірінші сыныптан бір партада отырып, сол кезден айнымас достар болдық десем өтірік. Бала кезімізде жай жақсы араласатын достар болдық. Балалықпен ұрысатынбыз да... Кішкентай кезімізде "Давай, екеуміз жан дос боламыз" деп "дос" болатын едік қой... Мектептің соңғы жылдарында өзімізді-өзіміз енді таныдық па екен, рухани жақындай түстік. Мектептен бірге қайтып, көп сырласушы едік. Көзқарасымыздан не айтпақ болып тұрғанымызды ұғып қоятынбыз... Сонда да біз "Ең жақын достармыз" деп санамаушы едік өзімізді...

   Оның арманы - Астанаға оқуға түсу еді, ал мен ару Алматыны армандадым. Болашағымызды солай елестеттік. Бірақ адамның емес, Алланың дегені болады екен. Екеуміз де Алматыға, бір университетке оқуға түстік. Мен қуандым, ал оның өкініші болды. Жылады. Астананы армандай беруші еді. Алматыға бірге келдік. Келгенше болашағымыз жайлы армандап, қиялдап келдік. Бөтен қалаға, оқуға, жаңа таныстарға үйренісе алмай көп жылайтынбыз барлық "балмұздақтар" секілді біз де. Сондайда күнде бір-біріміздің жатақханамызға іздеп келуші едік. Өткен күндерді, үйді сағынып жылап алатынбыз. Солай сырлассақ, жеңілдеп қалатын едік. Қиын сәтте бірімізді біріміз жұбатып, қолымыздан келгенді аянып қалмайтынбыз. Сондайда екеумізді екі қалаға емес, бір қалаға, бір университетке "тығып" қойған Аллаға шүкіршілік ететін едік. Екеуміздің достығымыздың берік бола түсуі осыдан да шығар мүмкін.

   Мен оған ғана шынайы ренжи алатынмын, оған ғана шынайы өкпелеп, оған ғана шынайы еркелейтінмін. Керек кезде ұрысып та аламын. Ол да солай: еркелейді, ренжиді, ашуланады, ұрысады. Бірақ екеуміз де оны көтере аламыз. Тез ұмытамыз ренішімізді, өкпемізді.

   Студенттік өмірдің екінші жылын бастағалы қалаға да үйрендік, жаңа ортаға да. Араласатын өз ортамыз пайда болды. Ол уақытының көп бөлігін өз топтастарымен, мен өз достарыммен өткіземіз. Солай жасайық деп жасамаймыз. Өмір солай екен... Жиі кездеспейтін болдық бұрынғыдай. Соңғы кезде тіпті кездесуді сиреттік бір универде оқысақ та. "Хабарсыз кеттің ғой" деп хабарласып ем, "саған барам бүгін" деді. Күттім, келмеді... Әлеуметтік желіде отырады: жазбайды. Мен жаздым бүгін. Сәлемдесуіміз тез аяқталды... Сабағына ыңғайлап театрға шақырып ем, бара алмайтындығын айтты да үндемеді...

   Мен оны жақсы көрем, ол да мені жақсы көретінін білемін. Біз - апалы-сіңлілердей болып кеткенбіз... Бір үйдің қыздарындаймыз. Міндетті түрде кездесеміз әлі. Сырласамыз да талай. Тек... тек...

   Мен сені сағындым, Әсел...



Бөлісу: