Құрбым қолсөмкеңде не бар?

 

        Қашаннан нәзік жанды арулар тәні құпияға, сырлы сырға толы келеді. Олардың жан дүниесінің тұнықтығы мен сырт келбетінің сұлулығына қайран қалатын ерлер қауымы бұл құпияның сырын білгісі келетін сықылды. Әсіресе, өздері қолға алмайтын сөмкені неге осы қыздар үнемі тастамай алып жүреді екен деген сұрақ оларды жиі мазаласа керек.Оның жауабы сол – ол қыздарға  жарасады! Ол соларға тән имидж, жарасым тапқан дүние. Мақұл қолсөмке сырт көзге жылтыр аксессуар шығар, ал оның ішінде не бар? Сонша жанына серік ететіндей бұл дорбаның іші толған не? Мен ойлаушы ем, мен айтушы ем ол шағын кітапхана, керек-жарақ не айна-тарақ деп. Алайда бүгінгі қолсөмке «косметика» қоймасы ма дерсіз. Осы сауалға  дәлелді жауап іздеп барлап көріп едік осылай болды. Масқара! Кітаптың емес бояудың жүгін арқалаған сұлулардың иығы қисаймай ма екен. Әлде оны қадағалар не ана, не ұстаз жоқ па екен. Әрине бар, бірақ оған құлақ асар құрбы жоқтың қасы.

    Қыздарымыздың жартысынан көбі осындай көрсеткіш көрсетті. Олар заман ағымының ығына жығылған, батыстың қаңсығын таңсық көретін ермелер. Жылтыр біткенге көзі жайнар еліктегіш көшірмелер. Жан сұлулығын тән сұлулығынан артық көретін сұлу сымақтар. Үлкен мағына беретін бір ғана сұлулық сөзі бірнеше сатыдан тұрады құрбым біле білсең. Қырық үйден тыйым салатын атам қазақ ақылы көркіне сай аруды ғана сұлу деп білген.

      Сөмкесіне қалам, дәптер, кітап салған, арқалағандарды да көрдім. Және мен оған қарап сүйсіндім. Шүкір дедім,шын қуандым. Түбегейлі жасанды бояудың соңынан тегіс кетпеппіз. Ақылға бой алдыратын Қыз Жібек, Гүлбаршындай қыздарымыз да бар екен. Міне осылар айналар  елдің ертең аяулы анасына. Құрбым саған айтам, қазақ қызы сен тыңда. Сұлулық жасандылық емес, олай ойлау оспадарлық. Ол әсемдік атты асыл жібекке тізілген табиғилық, мейірбандылық, ізгілік, қарапайымдылыққа деген жан тәнімен берілгендік қасиеттері. 



Бөлісу: