"Құрбылардың" диалогы

-Естідің бе?
-Нені?
-Естімедің бе не?
-Нені естуім керек еді?
-Анау Мағираш бар ғой, сол ше, не ғой...
-Иә, не болыпты оған?
-Естімедің бе рас?
-Түф, айтасың ба, жоқ па?
-Тұрмысқа шыққалы жатыр екен ғой. Тойына шақырды ма?
-Жоқ.
-Мәссаған! Қалжыңдамашы! Рас па?! Сені, жан "подружкасын" шақырмады ма не? Сұмдық қой! Неге өйтті екен? Қызық болды мұнысы. Онша араласпасам да, мені шақырып, сені шақырмағаны дұрыс болмады. Сендер мектептен дос емес пе едіңдер? Өткенде ғана бірге көйлек алып жүрміз деп еді ғо. Ренжісіп қалдыңдар ма? Мейлі, қанша жерден ренжіссеңдер де көршісі, бала-бақшаға бірге барған, мектепте бірге оқып, дос болған құрбысын қалай шақырмауға болады? Әлде болашақ күйеуі сені ұнатпай қалды ма екен. Бәрібір түсінбей тұрмын неге олай еткенін. Мен сол, сен не кигелі жатыр екен деп, біліп қайтауға келіп ем. Ренжімеші. Көңіліңді түсірдім бе? Мен сені шақырмағанын білмедім. Сені ренжітейін де демедім. Оны білгенде, той туралы айтпас едім саған. Жан құрбысын шақырмаған адамды бірінші рет көріп тұрмын. Сосын той суреттерін жіберемін ғой саған. Кімдер барғанын, кім қалай өзгеріп кеткенін айтып беремін. Мектеп бітіргелі жеті жыл бойы көрмеген сыныптастар да келетін шығар. Бәрі өзгеріп кеткен шығар. Сен қапаланба, жарай ма, саған бәрін кино көргендей етіп айтып беремін. Тойбастар ала келемін. Мен Мағираштан сені неге шақырмағанын жайлап сұрап көремін. Сосын айтамын ғой саған.
-Болдың ба?
-Нені?
-Айтарыңды айтып болдың ба?
-Түф, көңіліңді түсірейін демедім. Бірге барамыз деп ойлап ем. Сені тойға шақырмағанын-ай. Шынымен, саған жаным ашып тұр. Қаншама сыныптастарды көру "бақыты" бұйырмай тұрғаны. Өкінішті-ақ...
-Иә, мен тойға бармаймын. Шақырған да жоқ. Бірақ сол жерде міндетті түрде боламын. Шақырусыз-ақ барамын.
-Барасың ба сонда? Көпшіліктің көзінше ұрсысып жүрме Мағирашпен. Шақырылмаған жерге барған ұят емес пе? Сен ойланып көрсей...
-Алаңдама, мен тойдың бас-аяғында боламын. Себебі, ол менің жеңгем болады...
-...



Бөлісу: