Құралай Анарбекова: «Түсірілім қайта басталса, көзімді жұмып ойланбастан барар едім»

Құралай Анарбекова: «Түсірілім қайта басталса, көзімді жұмып ойланбастан барар едім»
жеке
блог

-Тарихи-драмалық көркем фильмдегі басты
рөлдердің бірін сомдасам деген ойыңыз болды ма бұрын?

-Бұрын
соңды осындай тарихи-драмалық фильмге түсіп, басты рөлдердің бірін сомдаймын деген менің
ойымда болмаған нәрсе. Әрбір актриса
менің ойымша осындай батыр қыздың рөлін сомдауды армандайды. Өйткені, бұл жерде мінез бар. Ал, кейбір актрисалар бір
рөлдің ғана сомдаушысы болып, бір амплуада жұмыс істеп қалады. Менің алғашқы рөлім
романтикалық кейіпкер болса, артынан осындай батыр қызды сомдауым мен үшін үлкен
сынақ, үлкен образ. Осы фильмнен кейін маған
басты рөлді сомдауға төрт ұсыныс түсті. Бірақ,
мен келісімімді бермедім. Өйткені, «Жаужүрек Мың бала» фильмінен кейін жинаған
абыройымды шашпай, сол секілді өте жақсы рөлдерді күтемін. Себебі, Қорланның рөлі
мен үшін ең үлкен мектеп болды. Ұсыныстар көп деп әрбіреуіне жүгіре беруге
болмайды. Саны көп, сапасы жоқ рөлдерді
сомдағанша, түспей-ақ қойған артық деп ойлаймын.

-«Менің күнәлі періштем» фильміне
кастингсіз қабылданған екенсіз. Ал, бұл фильмге 23 мың үміткер қатысқандығын
білеміз. Бұл жолы іріктеу қалай өтті?

- Талғат
ағаның түсінуі бойынша солай шығар, бірақ мен олай деп айта алмаймын. Кастинг
болды. Өйткені, адамды толық білмей, оның биге икемі бар ма немесе актерлік шеберлігін білмей тұрып басты рөлге қабылдау
мүмкін емес. Мен өзге үміткерлер секілді Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер
театрында жүз адамның алдында видеопробадан өттім. Оған дейін мен басқа да
жарнамаларға түсіп жүрдім. Киев қаласында болдым. Сол жақтан келгеннен кейін
мені осы рөлге бекіткендігін айтты. Бимен кішкентай жасымнан шұғылданғанмын. Сондықтан
болар икемім болғаннан кейін осы рөлге бекітті. Ал, «Жаужүрек Мың балаға» іріктеу
өте қатты болды. «Қорлан» рөліне Қазақстанның әрбір облыстарынан көптеген жас қыздар
келді. Кастингтен мықты деген 20 қыз іріктеліп алынды. Оның ішінде Қазақстандық
танымал актрисалар да болды. Сол
жиырмамыз екі ай бойы циркте дайындықтан өттік. Дайындық барысында қыздар саны
азая бастады. Себебі, ат үстіне міну, садақ ату және қылыштасу секілді нәрселер
бірінің қолынан келсе, біріне қиындық келтірсе керек. Күштіректері қалды да әлсіздері
кете бастады. Ең соңында екі қыздың арасынан осы рөлге мені бекітті.

-Түсірілім барысында жоғарыда атап өткен
қауіпті трюктарды өзіңіз жасадыңыз. Осыдан-ақ сіздің батыл, ер мінезді қыз екендігіңізді байқауға
болатын сияқты. Келісесіз бе?

-Өзімнің
бойымда ер мінезді қасиет бар деп ойлаймын. Мен өзім батыс аймақтан болғаннан
кейін, Әлия, Мәншүк секілді ер жүректі апаларымыз шыққан жерден қандай батыр қыз
шықпасын. Әрине, мен осы «Қорлан» рөліне өте ынталандым. Сезіндім. Осы рөлді
сомдаған кезде түсірілім алаңында шаршағандығым білінбейтін. Қылыштасып, одан
сайын беріліп ойнайтынмын. Маған дәл қазір «Түсірілімді қайта бастаймыз! Құралай
барасың ба?»-десе, ойланбастан көзімді жұмып, қайта баратын едім. Өйткені, өте қызық
және ойдан кетпес кереметтей әсер аласың.

-Сізге қарап осындай нәзік қыз қалайша
батыр қыздың рөлін сомдаған деп таң қаласың. Түсірілім барысында жарақаттанып қалған
жоқсыз ба?

-Өмірде
қыз болғаннан кейін әрине табиғатыма сай нәзікпін. Бірақ түсірілім барысында оның
барлығын ұмыту қажет болды. Қорланның образы еркекшора болғаннан кейін мен
іштей өзім Қорлан болуға тырыстым. Қорланның батырлығын сомдаған кезімде мен-Құралай
болған жоқпын, мен-Қорлан болдым. Сол мезетте мен өзімді ұмыттым. Аса қатты
жарақаттар алғаным жоқ. Тек таудың шатқалдарында, тастардың үстімен жүгіріп жүргенде
немесе жаңбырдан кейін тайғанап құлап,
аяқтарымызды көгерткен кездер болды. Дегенмен, түсірілім алаңында қызық болғаннан
кейін түк те білінбеді. Жоңғарлармен төбелесер кезінде құлаймын, қайта тұрып
шайқасамын. Сол кезде ештеңені де сезбеген екенмін. Екі-үш күн өткеннен кейін үстімнің
көк ала екендігін көрдім. Кейін ойлап отырсам, эмоцияға беріліп, ауырлықты, үстіме
тиген қатты бір күштерді сезбегенмін ғой. Адамның қолынан келмейтіні жоқ екен.

-Сіз үшін өмірде де, өнерде де ең биік,
үлгі тұтатын тұлға кім?

-Ең
бірінші үлгі тұтатыным ата-анам. Өйткені, солардың өсіріп, мәпелеп, әлі күнге
дейін қолдап, қуанышыма бірге қуанып, жыласам бірге жылайтын әкем мен анам деп
айтамын. Және де әр уақытта үлкендердің аға-жеңгелерімнің ақыл-кеңестерін, нақыл
сөздерін құлағымнан асырмай тыңдауға тырысамын. Ал өнерде үлгі тұтатын тұлғалар
көп қой. Есімдерін бөле жарып атамай-ақ қояйын.

-«Ақтөбе аруы-2006» байқауының жеңімпазы
болдыңыз, жақында ғана «Хабар» арнасындағы «Сонымен солай дейік» бағдарламасынан
байқап қалдық. Алдағы уақытта басқа да байқауларға, шоу-бағдарламаларға шақырып
жатса қашпайсыз ба?

-Иә, қашпау керек қой ондай бағдарламалардан. Шамамыз
келгенше баруға тырысамыз. Бірақ, егер басқа да маңызды жоспарларымыз болса,
оларды тастап тағы да кете алмаймыз. Сондықтан да кейбір кезде бағдарламалардан
бас тартуға тура келеді. Бірақ, мүмкіншілігімше, уақытым барда қатысқым келеді.
Себебі, өзім үшін де адамдармен сөйлесіп, ойыммен бөлісіп, камера алдында өзіңді
ұстау, тәжірибе алмасу әрқашан да қажет болады. Әрбір жастың өзінің бір қызықтары болады ғой. 16 жасымда
мен үшін байқауларға қатысып, жүлделі болу өте қызық болатын. Жастайымнан неше
түрлі байқауларға қатысып келемін. Мен ондай сынақтарды өте жақсы көремін. 9 сыныпты
бітіріп, колледжде оқып жүрген кезімде сол бір байқауға қатысып, бірінші орынды
алып, облыстық деңгейдегі жарыста бақ сынадым. Сөйтіп, облыстық байқауда «Ақтөбе
аруы» атандым. Бірақ, республикалық сында әрине жасым кішкентай болғаннан кейін
басқаларға орын бердік.

-Бос уақытыңызды қалай пайдаланасыз? Қандай
спорт түрімен шұғылданасыз?

-Мен спортты өте жақсы көремін. Мен өзімді спортсыз
елестете алмаймын. Өйткені, кішкентай кезімнен бастап спорттың түр-түрімен
айналыстым. Бір жетіде би мен тенниспен шұғылдансам, келесі жетіде қыс уақытында
әсіресе шаңғы теуіп немесе дене шынықтыру залында боламын. Өз денсаулығына немқұрайлы
қарамайтын кез келген адам спортпен шұғылдануы керек деп есептеймін. Спортпен шұғылдансаң
әрдайым сергек, көңіл-күйің көтеріңкі жүреді.

-Т.Теменов, А.Сатаев сынды
режиссерлармен жұмыс істедіңіз. Алдағы уақытта тағы қандай режиссерлармен
немесе актерлармен жұмыс істегіңіз келеді.

-Қазір
нақты осындай актерлармен жұмыс жасағым келеді деп айта алмаймын. Әрине, осы
фильмнің барысында Қазақстанның еңбек сіңірген ең құрметті актерларымен жұмыс жасадық.
Ол мен үшін өте үлкен бақыт деп айта аламын. Өйткені, бұл киноға Қазақстанның
беделді актерлері қатысып, бәрімен танысып, бәрімен жұмыстас болғаныма қуаныштымын.
Алдағыны енді Алла Тағаланың өзі біледі. Болашақты жорып айта алмаймын. Не
болса да өскенді қалайсың ғой. Болашақтағы жоспарларыма келсем, әзірге оқу.
Кино саласына қатысты болса, жақсы сценарий болса, одан да бас тартпаймын. Ешқашан
да бір ғана затпен шектелмей, тек қана алға ұмтылу қажет. «Жаужүрек Мың баланың»
түсірілімі барысында Ақан ағаның режиссер ретінде актерлермен жұмыс істеуі өте үлкен
деңгейде. Өйткені, түсірілім алаңында өте жақсы аура қалыптасты. Соның барлығы
Ақан ағаның арқасы. Бәрі бір-бірімен сыйласып, тату-тәтті болдық. Актерлердің
шалыс кетіп жатқан тұстары болса, ол кісі барынша дұрыс түсіндіріп, көрсетіп
беретін. Осындай режиссермен жұмыс жасағандығымызға бәріміз де өте қуанышты
болдық. Ол кісінің имандылығы, адамдармен қарым-қатынасы өте керемет. Менің
ойымша, осындай режиссермен жұмыс істеуді әрбір қазақстандық актер армандайды.