ҚҰПИЯСЫ КӨП КӨЛДЕР

 

Біреулері өзінің таңғажайып сұлулығымен таңғалдырса, келесісі емдік қасиеттерімен танымал. Дегенмен 5 миллионға жуық көлдің ішінде өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, тылсым құпиясын ішіне бүгіп жатқандары да баршылық. Мәселен, жыл он екі ай қайнап жататын, біресе толып, біресе тартылатын, тіпті түсін өзгертіп, құбылып тұратын көлдер де бар. 

АҚШ-тың Yellowstone ұлттық паркін­­дегі «Таңғы Даңқ» көлі – жер бетіндегі ерекше көлдердің бірі. Әлем туристерінің қызығушылығын туды­ратын бұлақ көзінің басты ерекше­лігі – өз түсін өзгертіп тұратындығы. Ол қанық күлгін көк түстен ашық кө­гілдір түске дейін өзгереді. Тіпті кей кез­дерде қанық жасылға дейін боя­лады. Тереңдігі 2200 метр болатын ыс­­тық су бір кездері момақан күйде жатса, бір кездері қатты қайнап, тіпті гейзер болып атқылайды. Көбінесе көлдің бұлайша құбылуы аймақтың сейсмикалық белсенділігіне байла­ныс­ты болады. Таңғы Даңқ көлін та­ма­шалауға келген туристер оған тиын тастауды әдетке айналдыруы біте­луіне әкеп соғып, көлдің темпера­ту­расы 100 градусқа дейін төмендеп кет­кен. Десе де, көлдің суы әлі күнге дейін тап-таза, мөлдір қалпын сақ­та­ған. 
Ал бетіне ала-құла дақ түскендей болып жататын көл туралы естігеніңіз бар ма? Жер бетінде бұндай да көл бар. Атақты дақты көл Канаданың Osoyoos қаласының маңында орна­лас­қан. «Клилук» аталатын көлдің құрамында өзге көлдерге қарағанда минералды заттар өте көп болған­дықтан, жаздыгүні су буланған кезде көл бетінде түрлі-түсті дақ пайда болады. Олардың түсі жыл мезгілі мен минералдық құрамына байланысты. Көл бетіндегі минералдардың қатып қалатыны соншалық, оның үстімен қорықпай-ақ жүруге болады екен. Аталмыш көл суының емдік қасиет­те­ріне бола, жағасын жайлаған үндіс хал­қы оны өте қасиетті санап, қор­ғаштап жүреді. Айналасындағы жер де жергілікті тұрғындарға тиесілі бол­ғандықтан, олар толықтай қоршап тас­­таған.
Бар сырын ішіне бүгіп, құпиясын ашпай келген көлдердің бірі Ресей­дің Алтай аймағында орналасқан. «Бос көл» деген атауға ие болған көлде не балық жүзбейді, бетінде не құс ұш­пай­ды, тіпті айналасында шөп те өс­пейді. Ал оған жақын орналасқан сол аймақтағы өзге көлдерде өмір қайнап жатады. Тіпті оған өзге балықты көл­дерден ағатын өзендер келіп құяды екен. Зерттеушілер бірнеше рет көл­дің бойына жан бітіріп, тіршілікті тірілту үшін күй талғамайтын балық­тарды жіберіп, өсімдіктерді жерсін­діріп көрді. Алайда олардың бұл әре­кетінен ештеңе шықпай, 1-2 күннен кейін барлығы қырылып қалған. Көл суының химиялық құрамын зерт­теу­шілер оның құрамында ешқандай улы заттың жоқтығы мен пайдалануға жарамдылығы туралы қорытынды шығарыпты. Еуропа елдерінен келген білікті деген сарапшылардың өзі оның құпиясын аша алмаған. Химиялық құрамы қалыпты суда ешқандай тір­шіліктің болмауы елді қайран қал­дырған. Алайда бірнеше жыл бұрын бұл көлге платина салынып, судың құ­рамы өзгерген екен. Нәтижесінде, ол өзінің емдік қабілетін жоғалтып, мөңке балық, теңіз алабұғасы сынды балықтар өмір сүре бастаған.  «Пич-Лейк» атты көлдің арқасын­да Тринидад аралы әлемге әйгілі бол­ды. Оның ерекшелігі неде? Кариб те­ңізі бассейніне жататын көл жа­нар-
таудың аузында орналасқан. Сол се­бепті асфальттың табиғи қайнар көзі болып саналады. Шайырға толы көл Кариб плитасының орнынан қоз­ға­лып, жарылуы әсерінен пайда бол­ған. Жер астындағы мұнай жарық­шақты бойлай, жер бетіне шығып, ұшпа зат­тардың булануы салдарынан, өнді­рістік жолмен алынған түрінен кем түспейтін асфальтқа айналады. Уақыт өткен сайын көлдің бетіне жаңа ас­фальт шығып отырады. Жыл сайын 150 мың тоннадан артық ас­фальт өн­діріп, шетелдерге экспорт­та­лады. 
Әлемдегі ең улы көл ретінде Си­цилиядағы «Өлім көлі» танылған. Оның қорғасынды-күкіртті суында ешқандай тіршілік иесі мекен етпейді. Тіпті құстардың өзі оны айналып ұша­ды. Құрамында күкірт қышқылы өте үлкен. 1999 жылы көлді зерттеген ға­лымдар оған күкірт қышқылы түбін­дегі екі қайнар көзден келетінін анық­таған. Атақты сицилиялық мафия өз құрбандарын осы көлге лақтырып отыр­ған деген деректер де бар. Өйт­кені көл­ге түскен тіршілік көзінен бір демде түк те қалмайды...
Ал Шотландияның белгілі Лох-Несс көлі туралы естімеген адам жоқ шығар. Құпияға толы бұл көлде Лох-Несс құбыжығы мекендейді делінеді. Десе де, бұл елдің түрлі аңыз бен жұм­баққа толы жері көп болса да, көлдегі періні көруге үмітті туристердің саны жылдан-жылға артып келеді. Сон­дық­тан бұл көлдің маңында туристердің саяхаттауына барлық жағдай жа­сал­ған. Сонымен қатар, Австралиядағы Гипсленд көлі түнде көк неон сәуле ша­шып жатады. Табиғатта мұндай сәуле шашу өте сирек кездеседі. Кө­бінесе күн сәулесі түспейтін, мұхит тереңдерінде пайда болады. Ал бұл көлдің неон сәулесін шашуы су тү­бінде көп өскен ерекше балдырлар­дың әсері. «Noctiluca scintillans» – түн­­гі сәуле шашқыштар деп аталатын бұл балдырлар адам көзіне көрінбейді. Де­генмен олардың тарататын жа­ры­-ғы адам назарын бірден аударады. 
Жер бетінің географиялық карта­сында түрлі-түсті көлдердің қатары көп. Су құрамындағы минералдық заттардың түрі мен көлеміне қарай түсін өзгертіп отырады. Соның ішінде жер бетінде ақ көлдердің қатары көп. Айталық, Куриль аралдарындағы сүт­тей аппақ көл жыл бойына қайнап жатады. Ал Боливияның Лагуна-Коло­радо атты көлінің суы қызыл түске боялған. Бір қарағанда қорқыныш тудыратын көл Марс ғаламшарының келбетін еске түсіреді. Бұл да бір таби­ғаттың ерекше құбылысы. 
Жоғарыда аты аталған көлдермен қоса, жер бетінде түрлі дыбыс шы­ғарып, ән салып жататын көлдер де бар екен. Еуразия құрылығындағы Ладога атты көл – солардың біреуі. Осы көлден балықшылар алыстан күн күркіреп, найзағай түсіп жатқандай дыбысты еститін көрінеді. Осындай дыбыстарды өзге де көлдердегі тір­ші­лік иелерін зерттеп жүрген ғалымдар да естіген. 
Қазақстанда да табиғи сұлулы­ғы­мен қатар, жасырған жұмбағымен 
таңғалдыратын көлдер де жетерлік. Мәселен, Карқаралыдағы Шайтан­көлдің аты аңызға айналғалы қашан. Карқаралы тауының ұшар басында орналасқан көл атының шығуы тура­лы түрлі деректер айтылады. Атауы­нан бөлек, әлі күнге тереңдігі туралы да нақты дерек жоқ. Ұшар таудың ба­сында тостағанға құйған судай болып жарқырап жататын айдын көл ағын­сыз екені тағы бар. Ешқандай өзен келіп құймаса да, алғашқы қалпын сақ­тап келуі де ерекше жайт. 
Ал Жамбыл облысында орналас­қан Көккөлдің де айналасында түрлі аңыздар жүреді. Жергілікті тұрғындар бұл көлде айдаһар іспеттес мақұлық мекендейді деп есептейді. Өйткені көлдің беті ішінде алып жануар жүзіп жүргендей діріл қағып, кей кездері түрлі дыбыстар шығады екен. Көлдің кейбір бөліктерінің тереңдігін анық­тай алмаған. Тіпті бұл су айдынын аурасы бөлек аймақтардың қатарына жатқызады. Өткен жылы жазда ре­сейлік зерттеушілер көл құпиясын ашуға әрекеттенген. Ол туралы да көп жазылды. Десе де, табиғаттың көркем туындылары адамзаттың алақанына бүкіл құпиясын ашып салмай, әлі күнге бір сырларын іште бүгумен келе жатыр..



Бөлісу: