ҚҰПИЯСЫ КӨП КӨЛДЕР
блог
Біреулері өзінің таңғажайып сұлулығымен таңғалдырса, келесісі емдік қасиеттерімен танымал. Дегенмен 5 миллионға жуық көлдің ішінде өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, тылсым құпиясын ішіне бүгіп жатқандары да баршылық. Мәселен, жыл он екі ай қайнап жататын, біресе толып, біресе тартылатын, тіпті түсін өзгертіп, құбылып тұратын көлдер де бар.
АҚШ-тың Yellowstone ұлттық паркіндегі «Таңғы Даңқ» көлі – жер бетіндегі ерекше көлдердің бірі. Әлем туристерінің қызығушылығын тудыратын бұлақ көзінің басты ерекшелігі – өз түсін өзгертіп тұратындығы. Ол қанық күлгін көк түстен ашық көгілдір түске дейін өзгереді. Тіпті кей кездерде қанық жасылға дейін боялады. Тереңдігі 2200 метр болатын ыстық су бір кездері момақан күйде жатса, бір кездері қатты қайнап, тіпті гейзер болып атқылайды. Көбінесе көлдің бұлайша құбылуы аймақтың сейсмикалық белсенділігіне байланысты болады. Таңғы Даңқ көлін тамашалауға келген туристер оған тиын тастауды әдетке айналдыруы бітелуіне әкеп соғып, көлдің температурасы 100 градусқа дейін төмендеп кеткен. Десе де, көлдің суы әлі күнге дейін тап-таза, мөлдір қалпын сақтаған.
Ал бетіне ала-құла дақ түскендей болып жататын көл туралы естігеніңіз бар ма? Жер бетінде бұндай да көл бар. Атақты дақты көл Канаданың Osoyoos қаласының маңында орналасқан. «Клилук» аталатын көлдің құрамында өзге көлдерге қарағанда минералды заттар өте көп болғандықтан, жаздыгүні су буланған кезде көл бетінде түрлі-түсті дақ пайда болады. Олардың түсі жыл мезгілі мен минералдық құрамына байланысты. Көл бетіндегі минералдардың қатып қалатыны соншалық, оның үстімен қорықпай-ақ жүруге болады екен. Аталмыш көл суының емдік қасиеттеріне бола, жағасын жайлаған үндіс халқы оны өте қасиетті санап, қорғаштап жүреді. Айналасындағы жер де жергілікті тұрғындарға тиесілі болғандықтан, олар толықтай қоршап тастаған.
Бар сырын ішіне бүгіп, құпиясын ашпай келген көлдердің бірі Ресейдің Алтай аймағында орналасқан. «Бос көл» деген атауға ие болған көлде не балық жүзбейді, бетінде не құс ұшпайды, тіпті айналасында шөп те өспейді. Ал оған жақын орналасқан сол аймақтағы өзге көлдерде өмір қайнап жатады. Тіпті оған өзге балықты көлдерден ағатын өзендер келіп құяды екен. Зерттеушілер бірнеше рет көлдің бойына жан бітіріп, тіршілікті тірілту үшін күй талғамайтын балықтарды жіберіп, өсімдіктерді жерсіндіріп көрді. Алайда олардың бұл әрекетінен ештеңе шықпай, 1-2 күннен кейін барлығы қырылып қалған. Көл суының химиялық құрамын зерттеушілер оның құрамында ешқандай улы заттың жоқтығы мен пайдалануға жарамдылығы туралы қорытынды шығарыпты. Еуропа елдерінен келген білікті деген сарапшылардың өзі оның құпиясын аша алмаған. Химиялық құрамы қалыпты суда ешқандай тіршіліктің болмауы елді қайран қалдырған. Алайда бірнеше жыл бұрын бұл көлге платина салынып, судың құрамы өзгерген екен. Нәтижесінде, ол өзінің емдік қабілетін жоғалтып, мөңке балық, теңіз алабұғасы сынды балықтар өмір сүре бастаған. «Пич-Лейк» атты көлдің арқасында Тринидад аралы әлемге әйгілі болды. Оның ерекшелігі неде? Кариб теңізі бассейніне жататын көл жанар-
таудың аузында орналасқан. Сол себепті асфальттың табиғи қайнар көзі болып саналады. Шайырға толы көл Кариб плитасының орнынан қозғалып, жарылуы әсерінен пайда болған. Жер астындағы мұнай жарықшақты бойлай, жер бетіне шығып, ұшпа заттардың булануы салдарынан, өндірістік жолмен алынған түрінен кем түспейтін асфальтқа айналады. Уақыт өткен сайын көлдің бетіне жаңа асфальт шығып отырады. Жыл сайын 150 мың тоннадан артық асфальт өндіріп, шетелдерге экспортталады.
Әлемдегі ең улы көл ретінде Сицилиядағы «Өлім көлі» танылған. Оның қорғасынды-күкіртті суында ешқандай тіршілік иесі мекен етпейді. Тіпті құстардың өзі оны айналып ұшады. Құрамында күкірт қышқылы өте үлкен. 1999 жылы көлді зерттеген ғалымдар оған күкірт қышқылы түбіндегі екі қайнар көзден келетінін анықтаған. Атақты сицилиялық мафия өз құрбандарын осы көлге лақтырып отырған деген деректер де бар. Өйткені көлге түскен тіршілік көзінен бір демде түк те қалмайды...
Ал Шотландияның белгілі Лох-Несс көлі туралы естімеген адам жоқ шығар. Құпияға толы бұл көлде Лох-Несс құбыжығы мекендейді делінеді. Десе де, бұл елдің түрлі аңыз бен жұмбаққа толы жері көп болса да, көлдегі періні көруге үмітті туристердің саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан бұл көлдің маңында туристердің саяхаттауына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, Австралиядағы Гипсленд көлі түнде көк неон сәуле шашып жатады. Табиғатта мұндай сәуле шашу өте сирек кездеседі. Көбінесе күн сәулесі түспейтін, мұхит тереңдерінде пайда болады. Ал бұл көлдің неон сәулесін шашуы су түбінде көп өскен ерекше балдырлардың әсері. «Noctiluca scintillans» – түнгі сәуле шашқыштар деп аталатын бұл балдырлар адам көзіне көрінбейді. Дегенмен олардың тарататын жары-ғы адам назарын бірден аударады.
Жер бетінің географиялық картасында түрлі-түсті көлдердің қатары көп. Су құрамындағы минералдық заттардың түрі мен көлеміне қарай түсін өзгертіп отырады. Соның ішінде жер бетінде ақ көлдердің қатары көп. Айталық, Куриль аралдарындағы сүттей аппақ көл жыл бойына қайнап жатады. Ал Боливияның Лагуна-Колорадо атты көлінің суы қызыл түске боялған. Бір қарағанда қорқыныш тудыратын көл Марс ғаламшарының келбетін еске түсіреді. Бұл да бір табиғаттың ерекше құбылысы.
Жоғарыда аты аталған көлдермен қоса, жер бетінде түрлі дыбыс шығарып, ән салып жататын көлдер де бар екен. Еуразия құрылығындағы Ладога атты көл – солардың біреуі. Осы көлден балықшылар алыстан күн күркіреп, найзағай түсіп жатқандай дыбысты еститін көрінеді. Осындай дыбыстарды өзге де көлдердегі тіршілік иелерін зерттеп жүрген ғалымдар да естіген.
Қазақстанда да табиғи сұлулығымен қатар, жасырған жұмбағымен
таңғалдыратын көлдер де жетерлік. Мәселен, Карқаралыдағы Шайтанкөлдің аты аңызға айналғалы қашан. Карқаралы тауының ұшар басында орналасқан көл атының шығуы туралы түрлі деректер айтылады. Атауынан бөлек, әлі күнге тереңдігі туралы да нақты дерек жоқ. Ұшар таудың басында тостағанға құйған судай болып жарқырап жататын айдын көл ағынсыз екені тағы бар. Ешқандай өзен келіп құймаса да, алғашқы қалпын сақтап келуі де ерекше жайт.
Ал Жамбыл облысында орналасқан Көккөлдің де айналасында түрлі аңыздар жүреді. Жергілікті тұрғындар бұл көлде айдаһар іспеттес мақұлық мекендейді деп есептейді. Өйткені көлдің беті ішінде алып жануар жүзіп жүргендей діріл қағып, кей кездері түрлі дыбыстар шығады екен. Көлдің кейбір бөліктерінің тереңдігін анықтай алмаған. Тіпті бұл су айдынын аурасы бөлек аймақтардың қатарына жатқызады. Өткен жылы жазда ресейлік зерттеушілер көл құпиясын ашуға әрекеттенген. Ол туралы да көп жазылды. Десе де, табиғаттың көркем туындылары адамзаттың алақанына бүкіл құпиясын ашып салмай, әлі күнге бір сырларын іште бүгумен келе жатыр..