Құпиялы шеге (ертегі)
Ертеде, Шығыстың бір шәһарында Назым мен Абдулла атты сараң да айлакер екі саудагер өмір сүріпті. Олар кілем сатумен айналысқан екен және дүкендері көршілес тұрыпты, сондықтан да саудагерлер үнемі өзара бақталасады екен. Олар кім көбірек тауар сатады және кім көбірек табыс табады деп жарысады екен, және бір-бірінен асып түсу үшін небір құйтырқы айла-шарғыға барады екен.
Бірақ бір айда Аллаһтың қалауымен Назым саудагер көп кілем сатып, көп табысқа кенеледі де, Абдулланың тауары аз өтеді. Абдулла саудагердің ішін өз көршісіне деген қызғаныштың қызыл иті тырналап, оның дүкенін өртеп жібермекші болады. Түн ортасы таяғанда ол көршісінің дүкеніне бұқпантайлап келіп, оны айналдыра жанғыш қоспа төгіп шығып, отқа орап жіберіпті.
Сөйтіп Назым өзінің дүкені мен бүкіл тауарынан айрылып қалыпты. Ол жұмыссыз қалған соң, «Менің қолымнан сауда жасаудан басқа еш шаруа келмейді. Жаңа тауар сатып алу үшін ақша табу қажет,» - деп, ойлана бастайды. Сөйтіп, Назым өз үйін сатпақ болады, алайда оның өз есебі ішінде еді.
Ол сатылым туралы құлаққағыс етеді және өте төмен құн белгілейді. Үйді қарауға келген әр адамға Назым бүкіл үйді сататынын, бірақ қабырғаға қағылған шеге өз иелігінде қалатынын және ол шегені қалаған уақытында қалағанынша қолданатынын айтады. Сатып алушылардың көпшілігі мұндай оғаш шарттан үркіп, бас тарта беріпті. Алайда Абдулланың сараңдығы соншалық, үйді шегесіз сатып алуға келіседі. Ол сатып алған үйіне көшіп барады. Келесі күні-ақ Назым келіп:
– Мен өз шегеме қапшығымды іліп қойғым келеді, - дейді.
Абдулла оны үйге кіргізіп, Назым қапшығын іліп кетіпті.
Келесі күні Назым тағы келіп:
– Мен өз шегеме шапанымды ілгім келеді, - дейді. Ол қапшығын алып, шапанын іліп, кете барады. Әр күні Назым Абдуллаға шегеге бірдеңе іліп немесе шегеден бірдеңесін алуға келіп тұратын болады. Сөйтіп, күндердің бір күні ол үй табалдырығына қолына өлген мысық ұстаған күйі келеді. Мысықтан қолқаны қапқан күлімсі иіс шығып тұрады.
– Мысықты өз шегеме ілгім келеді, - дейді ол.
Абдулла оны кіргізгісі келмейді, дегенмен кіргізуіне тура келеді, өйткені келісім бойынша Назым өз шегесіне қалаған нәрсесін іле алатын еді.
– Мен сенің шегеңді сатып алғым келеді, - дейді Абдулла шарасыздықтан мұрнын басқан күйі.
– Ол сатылмайды ма деп қорқамын, - деп жауап берген Назым кетіп қалады.
Мысықтың мүңкіген иісіне шыдау мүмкін болмағандықтан, Абдулла мен оның отбасына үйден кетуге тура келеді.
Назым үйіне қайтып келіп, мысықты жерлеп, қайтадан сонда тұра бастайды.
«Егер ақшаны осылай оңай жолмен табуға болатын болса, - деп ойлана бастайды ол, - маған жаңа тауар сатып алудың қажеті қанша? Үйімді шегесіз тағы да сатып көрмеймін бе?»
Назым тағы да өз үйінің өте төмен бағада сатылатыны жөнінде базарға хабарландыру іледі. Тағы да көпшілік сатып алушылар оның үйін шегесіз сатып алғылары келмейді. Бірақ, оған Аниса есімді жесір әйел келеді. Оның зайыбы о дүниелік болып, оның үйі басқа туыстарына қалған екен, ал Анисаға мирасқа азын-аулақ ақша ғана қалады, сол ақшасына ол жаңа үй сатып алмақ болады. Алайда бұл ақша ештеңеге жетпейтін еді. Сондықтан да ол Назымның ұсынысына қуана келісіп, оның үйін шегесіз сатып алады.
Өткен жолғыдай келесі күні Назым өз шегесіне қапшығын ілуге келеді. Аниса оны үйге кіргізеді, ол қапшығын іліп, кетіп қалады.
«Жалғызбасты әйелдің өз үйіне бөтен ер адамды кіргізуі жараспайтын қылық, - деп ойлайды жесір әйел, - бұл үшін Аллаһ мені жазалауы мүмкін. Біздің арамызда ол өз шегесін қалаған уақытында және қалағанынша қолданатыны жөнінде келісім болды, алайда шеге үйде қалуы тиіс деген келісім болған жоқ қой».
Аниса шегені жұлып алып, оны базардағы үйдің сатылатыны жөніндегі хабарландыру ілулі тұрған бағанаға апарып қағып тастайды.
Осылайша Аллаһтан қорқатын мұсылман әйел сараң айлакердің сыбағасын берген екен.
(менің аудармаларымнан)