13 шілде күні «Қара су» / «Черная вода» фильмінің тұсау кесері өтті. Бұл режиссер Роман Каримовтың драма мен қорқынышты фильм жанрында түсірілген еңбегі. Кинода көпшілікке бейтаныс ресейлік әртістер басты рөлдерді сомдайды.
Оқиға желісі бойынша ағайынды Максим мен Петр құрбылары Полина үшеуі шалғайда орналасқан ауылдық жерге демалуға барады. Ауыл маңындағы көлде тастанды кемеге тұрақтанған үшеуін жергілікті тұрғындар жылы шыраймен қарсы алмайды. Бұл ауыл тұрғындары келген үшеуіне көл мен тастап кеткен кеменің құпияларын айтып қорқытады. Бірақ, бұл сөздерге мән бермеген үшеуі әрі қарай демалыстарын жалғастырып, жергілікті тұрғындарды одан әрі ашуландыра түседі. Бір түні Полина жоғалып кетеді. Ағайынды екеуі қызды іздеуге кіріседі. Полина табылған кезде небір түсініксіз жағдайлар орын алады.
Бір ұнағаны, фильм әлеуметтік мәселелерді көтерген. Зауыт-фабрикалардың жабылуы салдарынан ауылда жұмыссыздық орнады. Есесіне, жұмыссыз қалған тұрғындар ішімдікке салынып, әл-ауқаты төмендеген. Сондай-ақ, жастар нашақорлыққа жақын болып, қылмысқа жақын келеді. Соның салдарынан адамдардың мінездері мен өмірге деген көзқарас өзгерген, бір-біріне деген сыйластықтан айырылған.
«Меломан-Афиша» компаниясы мен «Lumiera Cinema» кинотеатрының ұйымдастыруымен жаңа фильмнің алдын-ала көрсетілімі өткізілді. Шыны керек, мен қорқынышты фильмдерді көргенді ұнатпаймын. Бірақ, бұл киноны қорқынышты деп айтуға болмайтын секілді.