«Құпия дос» ойынының қызықтары

«Құпия дос» ойынының қызықтары
жеке
блог

Студенттік кезде группамыздың айнымас бір дәстүрі болды. Ол жыл сайын “Құпия дос” ойынын ойнау. Бұл ойынның басты мақсаты –  жанымыздағы досымызға қуаныш сыйлау, “Құпия досымызды” жіті тану болатын.  Бұл ойын әр факультетте әртүрлі атаумен ойналады. Алдымен ойынға қатысушылардың есімдері жазылған жеребе тарқатылады. Сол жеребе бойынша түскен адамға, яғни өзіңіздің құпия досыңызға күн сайын сыйлықтар аттандыруыңыз керек. Мейлі ол хат болсын, мейлі ол қолдан жасалған зат болсын, әйтеуір титтей болса да қуаныш сыйласа болғаны. Бір қызығы сіздің кімге сый жасап жүргеніңізді ешкім біліп қалмауы тиіс. Ойынның уақыты әр қатысушының тілек-ұсыныстарына қарай белгіленеді. Біз 2 аптаға ойнайтын болып белгіледік…

****************************************
Жатақхана. Түнгі 12-ден өткесін есікті біреу тақылдатты. Ашсам ешкім көрінбейді. Тыпырлап жоғары қабатқа көтерілген біреудің аяқ дыбысы естіліп барып, жым болды. Сөйтсем, құпия досым сыйлық тастап кетіпті. Сусабын, сабын, тіс пастасы, не керек жуынуға қажетті қаттардың бәрі бар. Хатыңда «мына заттар сіздің тәніңіздегі дақтарды кетіруі мүмкін, бірақ жүрегіңізге, жаныңызға түскен дақтарды ешуақытта кетіре алмайды. Сізді ешкім ренжітпесін, сіз де ешкімді ренжітпеңіз…» деп түйіндепті. Ұнады. Күн сайын сыйлық келеді. Хат жазыстық. Ой, қозғамаған тақырыбымыз қалмаған шығар. Ең ұнаған сыйлығы… Әйгілі диктор Сауық Жақан апайдың дәрісінен шыққанбыз. Курстас қыз «Әйгерім, осы жерде екі-үш минут аялдай тұршы, қазір келемін» деп жүгіре жөнелді. Қарасам… менің бойымнан үлкен етіп үрленген қызылды-жасылды, әр түрлі шарларды алып келеді. Әрбір шарға қанатты сөздер жазылған. Тағы да шар туралы хаты бар. 33 шар үрлегенінің себебін түсіндіріпті. Балалық шағым есіме түсіп кетті ғой… Жатақханаға екі-үш қыз көтеріп қайттық. Шарлар бөлмемде ұзақ уақыт жарылмай ілулі тұрды…

*******************************************
Маған Арнат есімді группаласым түскен. Пәтерде тұратын. Сыйлығын тек корпуста ғана беріп жіберуге тура келеді. Ал ойын жатақханада қызып жатты. Ду-ду күлкі, әзіл-қалжың, бәрі жарасымды. Сосын Әсел деген қызбен сырттай ойнағым келді. Өзі аңғал. Не айтсам да «мен енді саған сенбеймін» дейді де, сеніп қалады. Даяна деген группаласым екеуміз бір алманы ортасынан қақ бөліп, «Әсел, достар өле жегенше бөле жейді, мына алманың жартысын мен жедім, жартысы саған…» деп хат жазып, есігіне жабыстырып кеттік. Ертеңіне сабақта кім қандай сыйлық алғаның жарыса айтып жатса, Әселіміз «маған бір алма беріп кетті» деп қарап тұр. Біз оған жарты алма берген сияқты едік. 1 кг алма ма?- деп қайта сұрадық. –Жоқ, бір алма. Жарты алма деп айтпады ақыры. Ұялған болуы керек… Әселге бірнеше күн бойы жарты нәрселер беріп, әсерін сырттай тамашалағанымыз бар…

*******************************************

Негізі  Әселдің құпия досы Сәуле еді.  Екеуі бір бөлмеде тұратын. “Жазуымды танып қоймасын” деп Сәуле хатын біреулерге көшіртіп жүріпті. Дүйсенбі күні сабаққа әпкесінің үйінен ет көтеріп келеді де, күні бойы корпуста көтеріп  жүруге  ерініп «мынаны асып жеңдер» деп жазып, Әселге беріп жіберген ғой. Кешкісін жатақханаға барғанда тамақ дайын бола берсін деп.

*******************************************

Бұл ойынға біздің оқытушыларымыз да үлкен ықылас білдірді. Сөйтіп келесі ойынға ұстаздарымызды да қосып алдық. Ең қатал деген апайдың құпия досына жазған хаттарын оқып, мүлде басқа бейнені, жүрегінің кеңдігі мен мейірімділікті көрдік. Бір аптаға созылған екінші «Құпия дос» ойыны оқытушы мен студенттің арасындағы байланысты, достықты нығайтты десек те болады. Ойынның соңында үздік хат иесі мен ең көп сыйлық жасаған адамдарды марапаттадық. Ойынның жай-жапсары мен әрбір күні кино лентасындай көз алдымнан өтіп, тізе беретін түрім бар. Ең бастысы бұл ойын студенттік өмірдің ең қызықты, қайталанбас шақтары болып әрбіріміздің есімізде қалары анық. 

Мерекелеріңізбен, студент достар!

Сіздер группаластарыңызбен қандай ойын түрлерін ұйымдастырасыздар? Қайта айналып келмейтін студенттік шақтың әсерлі, думанды, көңілді өтуі үшін қандай үлес қосып жүрсіз?..