Күңіренген күзден жадыраған жазға...

Жаз бойы бәлендей демалыс болмады, негізінен жұмыс істедім. Ал қыркүйектің басында Болгариядағы Sunny Beach-те өткен "Education, Research & Development" конференциясына 1 аптаға барып келгенімді бесеу білсе, екеу білмес... Міне, сол жерде жағымды мен жұғымдыны үйлестіріп, жазғы демалысымды жалғастырдым.

Теңіз терапиясы

 

Шуақты жағалауда болған күндердің барлығында дерлік теңізге баруды өзіме міндет санадым. Таңғы жеті болсын, кешкі жеті болсын, қолым қалт еткен уақытта теңізден табылуға тырыстым. Шомылдым, барқыт маусымының күніне қыздырындым. Бананнан құлап, басымды ісірдім.

Теңіз терапиясына теңіз өнімдерімен қоректенуді де енгізіп қойдым. Сосын әрине, күніне бір бокал қара теңіз шарабы...

Шарап дегустациясы

 Шарап демекші, іссапарымыздың 4-күні Поморие елді мекенінде орналасқан «Черноморское злато» арақ-шарап зауытына экскурсияға бардық.


Алдымен қолымызға ұйымдастырушылар ұсынған бір-бір бокал шарабымызды ұстап, шарап жасалатын және сақталатын ғимараттар мен бөшкелерді тамашаладық.

Мына бөшкелер тек қана Болгарияда өсетін еменнен жасалған уникалды бөшкелер. Үстіңгі нөмірі инвентар, ал астыңғысы – сыйымдылығы. Мұндай бөшкеден 10 мың бөтелке шарап шығады. «Өзің көтеріп кетсең, тегін сыйлаймыз» деп қалжыңдайды қызметкерлері.


Содан соң, сұлу келіншек бізді әдемі мейрамханаға шарап дегустациясына бастап әкелді.


Әрқайсымыздың алдымыздағы бос 4 бокал қара теңіздің таңдаулы ақ-қызыл шараптарымен толтырылды: Шардоне, Мускат, Мерлот және Каберне. Сұлу келіншек шарап дегустациясының қадамдарын айтып өтті:

Бокалдағы шарап ернеуіндегі доға түсі. Мәселен, Шардоне шарабының жиегіндегі доғасы алтын жасыл түсті болады екен. Анықтап көру үшін ақ салфеткаға тақап қарау керек. Бокалды баппен шайқап, шараптың исін байқау. Тағы да Шардоне шарабының исі турады айтсам, алма мен алмұрт хош исі мұрныңызды қытықтайды. Үшінші қадам – асықпай дәмін көру. Бұл жерде енді Мускат шарабының дәмі есімде қалыпты, сарайыңды ашатын,балғын шампанды еске түсірді.

Менің келтірген мысалдарым – алғашқы ішкен 2 шарап. Қалған екеуі есімде қалмапты, айып етпессіздер. Әйтеуір, олар да ұнағанын білем.

Кейін бәрімізді шарапқа әбден тойдырғасын, зауыт бағасымен сатылатын шарап дүкендеріне алып барды. Өмірге риза жамағат 6 бөтелкеге дейін алып жатты. Бағасы шынымен-ақ арзан, 800-1200 теңгеден.


 

Антика мұрасы

 

Шуақты жағалауға жақын жерде 5-6 ғасырдан келе жатқан Нессебар және Созополь («құтқару» дегенді білдіреді, христиан діні келгенге дейінгі атауы – «Аполлоний») қалалары орналасқан. Екі тарихи қаланың музейлерін әбден аралап, ежелгі грек әлеміне саяхат жасағандай болдым.

 Антика дәуіріндегі ақша

Өлген адамды жоқтап, жылағанда көз жасын осындай құмыраларға жинап, бірге көмген екен

Балық пісіретін ыдыс

 Ахх, Аполлон!

 

Қазба жұмыстары әлі жалғасуда

 

Ежелгі құдық

ЗЫ:Созопольде су асты археологиясы да бар.

 

Эстафета таяқшасын Айжан-Кербезге бердім.



Бөлісу: