Күнделігімнің берекелі парағы

Күнделігімнің берекелі парағы
жеке
блог

   Кімге, не үшін керек екенін білмеймін. Біз күнделік жазамыз. Әйтеуір, ұлы адамдардан бастап өткен-кеткенін қағазға түсіріп отырған. Мүмкін, жан мен парақтың сырласуы. Мүмкін, шығармышылықтың шыңы. Бір білетінім, белгілі адамдардың жеке тарихын зерттеуге ең бір көмектесетін құрал – осы күнделік. Мен де  өткен бір күнім туралы айтып берейін.

   Қарашаның 31 жұлдызы құрбыммен бірге кітапханаға бардым. Берілген тапсырма – басылым беттерінен «бүгінгі қазақ театры» деген тақырыпқа он-оннан мақала тауып, эссе ретінде өз ойымызды жазу болған. Он бес мақаладай қарап шықтық. Кітапханадан шықпай жатып, құрбым шыдамсыздық таныта бастады. Бүгін бірінші келмесе де, газет-журналдардан мақалалар іздеп, тапсырыс бермегендігі оны ашуландырмай қоймады. Сабырға шақырғанымнан дәнеме шықпаса да, оның менімен бірге жүріп, кітап оқығаны іштей қуантты. Ол жақтан шығып, студенттерден жиналған ақшаға билет алу үшін театрға бардық. ҚазҰУ-дан келген бізге мекеме ұйымдастырушысы: «өзге студенттерге келіп билет алып жатсыңдар, еңбектерің зая кетпесін» деп, жеңілдігін ұсынып, қойылымға тегін кіргізді.

    Қойылым – сыйға тартқан тағдырының сорына, әділетсіздікке, құдайсыздыққа куә болған, ерте есейген Фатима қыз туралы. Кіршіксіз ұйқысын ұрлап әкеткен түсінде – кәрі шалға ғашық болады. Осы сезім, осы түс – бейшара қыздың азапқа басқан алғаш қадамы. Тәлім алып жүрген мұғаліміне «жан жолдасым» деп қарағанының өзі – ауыр жүк. Күйеуі Біләл Сүлейов имансыздардан зорлық көріп, жер аударылады. Ал, байғұс ананың балаларының амандығы үшін келесі тұрмыс құрған жаны – Біләлдің  туысы Ілияс Жансүгіров. Ол да өз кезегінде себепсіз жазаға тартылғанда, қолынан қысып, кеудесінен демеген – Мұхтар Әуезов болды.  Содан, Фатима бір өмірінде үш еркекпен бас қосады. Осы бір бейшара қыздың басынан кешкенін сахна тілімен жеткізе білген актерлардың шеберлігіне сол кезде тәнті болдым.

   Міне, бүгінгі күнім тез өтсе де, орынды өткен тәрізді. Мәдениет ошақтарына көп басын сұға бермейтін құрбым да, бүгін ол жерлерде аса қызығушылық танытты. Осы кезде «Досың – сенің айнаң, айнаны сындырып алма, қайта қарай алмайсың» деген сөз есіме түсті. Бүгін сол айнаның бетін сүрткендей болдым. Бәрі бірден бола қоймаса да, құрбымның менімен көсегесі бірге көгергенін, бойында ұйықтап жатқан дарынының оянғанын шың ықыласпен қалаймын. Әрі мұндай достық, өзіме – бақыт, өзгеге – үлгі, ал күнделігіме береке сыйлар еді...