Күнделігімнен бір үзік

Блогты "онлайн-күнделік" деп жатады ғой. Күнделігімнен бір үзік ұсынсам деймін ))

11-07-12

Сәрсенбінің сәтті күні. Таңертең ұйқыдан оянып жатып, бүгін не киетінімді ойландым. Кеше көйлегімді үтіктеп қойып, соны киермін деп шешкем. Балконнан ескен суық желге қарап, бүгінгі ауа-райының көйлекке келіңкіремейтінін түсінген соң, джинсы шалбар мен кішкентай қызыл дақтары бар баулы ақ кофтамды іле салармын дедім. 

Оралдан келгеніме бірнеше күн болғанына қарамастан, жүрегім Жайықта қалып қойғандай. Сол бір аптаның тәтті естеліктері ойымнан кетер емес. Айналайын Оралым, өзіңе оралармын әлі. Бірақ, аузынан уызы кетпеген балапан қыз болып емес, толысып, кемелденген, өмірден орнын тапқан адам болып оралармын. Сонда сен менің бетімнен өбіп, бауырымды емген қыз еді деп көсіле шалқырсың. Мен де сені аялай құшып, өзіңе деген перзенттік сүйіспеншілігімді жырмен өрермін.

Дала жаз. Суық. Көңілім жаз. Жылы. Бір жылылық бар. 

Группадағы старостамыз хабарласып, дипломды бір-екі күнде аламыз, дайындала беріңдер деді. Обходнойды тез толтыруым керек. Әйтпесе, дипломсыз қалармын. Осы менің жайбарақаттығым-ай. Бейқамдығым-ай. Елдер обходнойларын атам заманында толтырып, таласып-тармасып өткізіп те қойған. Менің жүрісім мынау. Өй, елдерді қайтем? Ел құдыққа түссе, мен де түсем бе? Бірақ бұл құдық та, ор да емес. Бұл - обходной лист. 4 жыл бойы КазГУ-ға қарыз болдың ба, жоқ па, соның есебі. Керек құжат. Бәрі еріншектіктің кесірі. Жалқаумын. Аййй, оңбаспын мына түріммен. Оңбаспын...

Марк Левидің кітабын орташалап қалдым. "Каждый хочет любить". Кітаптың аты осылай. Әдемі кітап. Бәрібір әзірге махаббат тақырыбынан басқа кітаптарды оқи алмай жүрмін. Біреу үшін нағыз ғашық болып жалындайтын шақта болсам, біреудің айтуынша, алаулаған махаббатпен емес, ақылмен сүйетін жасқа жетіппін. Әй, қойшы сол махаббатты )) 

Кешкісін үйге келіп, құлай кеттім. Тау көтеріп келгендеймін құдды. Бір досым "Қыдырып келейік, күн күшті екен" деді. "Шаршааап жатырмын, кешірші..." "Ой, тормоз". Тұтқаны тастай салды.

Не тындырып жүрмін өзі? Не бітіріп жүрмін? Тау көтергендердің өзі бұлай қирамас. Күйремес. Салп-салп етіп, былай да былай жүргеніме мәзбін. "Тіпті қазірдің өзінде сенің дұшпандарың құмарлана білім алуда" деген сөз бар ғой. Менің анау деп шұқып көрсететін дұшпаным, қас жауым жоқ. Менің дұшпаным - уақыт. Уақыт құм секілді сусып кетпей тұрғанда, жалпақ жаһаннан адаспай өзімді-өзім табуым керек. Кез келген тосын сыйға дайын болуым керек.

Сурет: anitakurkach.blogspot.com



Бөлісу: