Кейде өзімді жек көремін, кейде деймін-ау, үнемі! Әбден өтірік сөйлегенге, айналамдағылардың маған үндемейтініне сеніп алыппын. Есейе келе бойымдағы, болмысымдағы «плюстерден» «минустардың» басым екенін сезіп, жанымды қоярға жай таппай жүрмін. «Я, Аллай, неге бұлай күрт өзгеріп кеттім?» деп іштей налимын. Жақсы көрген жандардың алдында қадірімнің қашқаны жайлы ойлағым де келмеді. Не деген негтив адаммын, иә?! Жасанды. Иә, бәрін өзім қолдан жасайтын болып тұрмын ғой. Әйтпесе, қарашадай қыздың басына қайғыратын не күн туды дейсіз? Кішкентай кезімде аузым жабылмай көөп сөйлейтінмін. Қазір ше?! Кеше практикаға шыққанда жанымдағы құрбым: «Санадым. Бір күнде 30-ақ сөз айттың» дейді. Солай болмағанда ше? Бардым, сәлемдестім, өзімді таныстырдым, түстендім, офиста отырдым, қоштастым. Болды.
Мен ешкімге сенбеймін, ешкімге! Себебі, сенден көңілім қалды. Басыма таяқ тигенде барып, «әр адамның ішінде ешкімге айтпайтын құпиясы болу керек » дегенге тоқталдым. Мың жерден адамдарды жақсы көріп тұрсам да сенбеймін!
Маған қарап адамдардың жандары ашып, аянышты көзбен қарайды. Қабағынан қар жауып, жанарынан қуаныштың көлеңкесі де сезілмейтін бейбақты көргенде «аямағанда» қайтеді? Кейбіреулер қиналса білдірмеді, күліп жүреді. «Ішің мұңға толы болып, сырттай күлгеннен асқан бақытсыздық жоқ» деген сарында бір сөзді массагеттен оқыған едім. Оны рас деп ойлаймын. Ал мен сияқты қуанышы бола тұра күлмейтін, жыламайтын нәрсеге жылайтын адамдарды кім дейді екен?
Келесі жазбамда позитив болады деймін де, бірақ бәрібір осындай жазбалар шыға береді. Кешіріңіздерші...