– Сен өзі оралман емессің бе?
Маған алғаш танысқан азаматтың қояр сауалы бұл.
– Жоқ, – деймін.
Кейде сенбесе, төлқұжатымдағы “Абылкайров” деген тегімді көзге шұқып көрсетуге тура келеді.
– Білмеймін, сөздеріңе қарасам, оралман сияқтысың, – дейді.
Бұл қоғамда таза қазақ тілінде сөйлеуге болмайтындай күйге түсемін. Сосын түр-тұрпатыма қарап, қара жұмыс жасай алмайтынымды байқаған соң, “Қайда жұмыс істейсің?” деген сұрақ алдымнан кесе-көлденеңдейді. Мынандай шабуылдан кейін картасын көрсетіп қойған ойыншыдай “журналистпін” деп аузымды жыбырлатқан боламын.
– Ә, – дейді сырым белгілі болғандай әңгімелесушім. “Не жазасың?” “Саясат”…
– Осы сендерге шындықты айтқызбайды ғой, ә!, – дейді білгішсынып...
– Біз айта алмай жүрген ол қандай шындық?
– Мәселен, билік жайлы…
– Нақты айтсаңыз…
Осы жерден бастап “менбілем” танысушым батпаққа белшесінен батып қалады. Биліктегі біреудің мұртын, біреудің тоқалын, біреудің байлығын жіпке тізгісі келгенімен, нақты дерек келтіре алмай әуреге түседі.
– Сен журналиссің ғой. Сендер көп дүниені білесіңдер. Бірақ, айтпайсыңдар, – деп тектұрмастың кебінін киіп, ығыма жығылады, ақыры.
***
Маған кездесе қалған бірқатар азаматтар ақылгөйсіп, буынсыз жерден пышақ ұрып “мынаны жазыңдаршы” (ой-шұқыр жол, парақор МАИ, ауылда газдың жоқтығы, ауызсу, т.б) деп Қорқыттың көрінің бетін ашып беретіндер де бар.
– Ал, енді осы сөзіңізді айтып беріңізші, – деп диктофоныңды қоса қойсаң… “бәле болады” деп өз басын ала қашады. Сонда деймін-ау! Ол айта алмаған шындығын, мен қалай айтпақпын…
***
– Сенің газетіңді кім оқиды?
Бұл сөз де жиі алдымнан шығады.
– Сіз өзіңіз оқисыз ба?, - десем, “жоқ” деп тіл қатады.
– Шындықты жазбайсыңдар, сондықтан оқымаймын, – дейтіндер де бар. Ол қандай шындық десең, тағы да тығырыққа тіреледі.
Адам оқуды өзінен бастауы керек қой…
Пы/сы: Осы мен бір электрикпен кездессем: “Аға осы сендер, токқа түсіп өліп қалмайсыңдар ма?” деп сұрамаймын ғой… Менің өз шындығым бар. Ол менің – ойым. Бітті. Басқа түк те емес…