«Күнді көлегейлеуге болмайды...»

1. СЕРІК ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ  – БЕСАСПАП ТҰЛҒА!

   Журналистика мен жазушылық  –  ауыр жол. Екінің бірі бұл егіз сүрлеуді еңсере бермейді. Тәңір кімге талант дарытса, сол ғана соқпақта сүрінбейді. Шынайы талантты танымау  – бүгінгі біздің қоғамның кемшін кемдігі. Кіл мықтыны танымайтындар енжарлық танытады. Бірақ пәтшағарлардың теріс пиғылынан туған сөз де, ниет те тарланбоз таланттарға әсер етпейді. Сөзсіз, Серік Әбдірайымұлы да дәл сондай  шоқтығы биіктердің қатарынан. Қабырғалы қаламгер өз дәуір дүрмегінде елеулі өмір кешіп, қазақтың жезайыр жазушысы, қазақ журналистикасының қара нары атанды. Қара шаңырақтың айнасына айналған Темірбек Қожакеевтің ізін жалғап, ұстаздық һәм жазушылық жолда ілімді ізбасар болды. Ағартушылықпен айналысып, өскелең ұрпаққа өміршең шығармаларды мұра етіп қалдырды. Шетел әдебиетіне қалам тербеп, аудармашылық саланың томағасын сыпырып, таңдаулы шығармаларды ана тілдің әуезімен әспеттеді. Бүгінгі заманаға дейін сүлесоқ хәлде жетімек күй кешкен баспа саласының дамуына, кемелденуіне атсалысты. Осы турасында журналист-филолог Серік Негимов былай деп қаузайды:

 «…Серағаңдай көркем мінезді, қара нардай көнтерлі көшелі ағаның шығармашылық еңбегіне, қоғамдық қызметіне барлау жасар болсақ, ол сан қырлы талант иесі. Ол журналист, көсемсөзші, баспагер, ұстаз, аудармашы. Республиканың әдеби мәдени өміріне белсенді түрде араласып, артына жарқын із, сәулелі сөз қалдырды. Білімді-білікті, тәжірибелі баспагер, қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері Серік Әбдірайымұлының өмір жолы өнегелі, ғибратты, тағлымды».

Іскерлік қызметте де, құдай дарытқан дарынды дәріптеуде де Серік Әбдірайымұлы ілкімді істер атқарды. Даусыз, қаламгер қалдырған естеліктер мен тың деректер ұлттың кәдесіне жарайтыны анық. «Ғалымның хаты өлмейді» деген – осы! Ал ұлт мүддесі үшін қарымды қарекет қылған тұлғаны жаңа қырынан таныту – біз үшін үлкен мәртебе!

2. АРҚАТІРЕК – ҚОНАЕВ!

   Адамдықтан аттап, мешеу санасын батпаңқұйрықтыққа ұластырып жүргендердің қатары көп. Біреуге міншіл, біреуге күншіл болу — сорақылық іспеттес. Осыдан соң қылар қарекеті, жасар әрекеті жоқтар бейшараның кейпіне енеді. Өнегелі өмір кешіп жүргендерге шибөріше шауып, оларды итше қабуға тырысады. Арзан сөзге алданып, гу-гулетіп өсек тасиды. Түбі іштарлықтың, қызғаныштың шыжғырулы отына күйеді. Күйген соң қуыс кеуделікке, бойкүйезділікке ұшырайды. Ал бұл — дендеген дерт. Өзі ғана сырқаттанса мейлі, ондайлар тұтас қоғамды лайлайды. Дұрыс көзқарасты бұрысқа айналдырады. Адамдықтан, адалдықтан адастырады. Мүмкін біздің ордалы Отанның оңалмай жатқанының бір себебі осы шығар. Бүгінде тасыр қоғам таланттарды төпеп, жайсаң жақсыларды жапырып жатқаны таңсық дүние емес. Әйтпегенде «жоғарыға» қоңылтақсып қарайтын тобыр пайда болмас еді ғой. Тірі кезінде барлық құрметке лайық алыптарды табытта ғана талықси құшамыз. Осындай кемдікке кереғар дәйек ретінде Дінмұхамед Ахметұлы мен Серік Әбдірайымұлының бір-біріне деген жылымық сыйластықтарын негізге алуға толықтай негіз бар. Қаймана халық үшін сәулелі ғұмырын тәрк еткен арда ұлға сол заманада жадаулық танытып, тұқыртуға тырысқан сұмпайылар көп еді. Қазақтың қанына сіңген озбыр тірліктен күні бүгінге дейін арыла алмай келеміз. Ақиқаты сол, Димекең сенген дүмбілез пенделер келешек ұрпаққа қиянат жасады. Алашты емес, боқ дүниені пірәдардай сүйді. Әлі күнге қос көзімізді шел басып, құмыққан деміміз байлықпен, мансаппен тыныстап жүр. Шала басымыз шала-пұла тірлігіміздің кеселінен әбден түгесіліп бітті. Бұл кеселден қашан арылатынымыз белгісіз. Ол енді бөлек әңгіме...                 Қытымыр шақта ұлттың ұлықты ұлына болысып, әлеуеті жеткенше қолғабыс болғандардың қатарында Серік Әбдірайымұлы да бар еді. Бұл хақысында Қайырбек Мырзахметұлы:                  

 «Серік қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың басына қара бұлт үйірілген сәтте жанына жалау болған інілерінің бірі болды» дейді.

Осынау пікірді желең һәм қаңқу сөз деу ағаттық. Серік Әбдірайымұлының інілік ізет танытуына Димекеңнің іскерлік тұрғысындағы Отанға деген адалдығы ғана емес, қарабайыр тірліктегі адами болмысы да себеп. Дінмұхамед Ахметұлының атағы дардай болғанына қарамастан пендешілікке салынып, тәкаппарлықтың тәлкейіне түсіп, адамдық жолдан тайқыған кезі кемде-кем шығар. Бұны кемеңгердің көзін көрген замандастары да растаған. Тарих мойындап, қараша елге еңбегі еленген тұлғаның жүріп өткен жолындағы ілікті іздеу кейінгі буын үшін әбестік. Қарапайымдылықты ту етіп, әр ортада байыпты да байсалды қалпын сақтауы зиялы қауым өкіліне тән мінездің көрінісі. Әйтпегенде, әңкі де тәңкі басымен маңғаздана қарап,  «пендешілік»  деген дертке шалдығып, ол дерті қаншама мадақ пен атаққа масаттанып дендеп кететін еді ғой. Жоқ, ұлт көсемі сасықкеуделік пен дақпырт даңқтан ада болды. Менмұндалап тұратын қасиеті үшін де Серік аға қөксеңгір тұлғаны құрметтеді, пір тұтты. Бұл жайлы Серік Әбдірайымұлы өзінің бір сұхбатында:

«Димекең пенделіктен жоғары тұрушы еді» деген еді.                                                              Айшықты пікір де, жүйелі сөз де – осы. Дінмұхамед Ахметұлы Серік ағаның өмірлік ұстазы ғана емес, саяси қайраткер ретіндегі идеалы болды. Серік Әбдірайымұлы ұстаз алдындағы парызын орындап, борышын өтеді. Жарқын бейнені жаңғыртты. Қонаевтану мирасын байытты. Заңғар тұлғаның «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты қос туындысына редакторлық жұмыстар жасап, жарық көруіне сүбелі үлес қосты. Димекеңнің мұрасын өлтірмеуді басты міндеті санап, сол жолда телегей тер төкті. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың еншісіне тиесілі өлшеусіз мұра. Ұлт руханиятына жасаған жанкешті қарекеті үшін де Серік Әбдірайымұлына ордалы қазақтың барлығы қарыздар!

3. ҰЛЫЛАР КӨШІ

Қазақ журналистикасының қайнар бұлағы саналатын КазГУ-ден дүр тұлғалардың шыққаны жаңсақ ақпар емес. Ірі әдебиет өкілдерінің де осынау ыстық ұядан түлегені ақиқат. Тұғыры биік алыптарды шырқау биікке шығарып танытқан да, сәуірік шағынан жүйрік тұлпар етіп жарытқан да осы — КазГУ. Ал сол тұлғалардың арнасынан тасуына, кемелденуіне үлес қосқан ұлықты ұстаздар қауымы екені даусыз. Шәкірттің көкірек көзесіне үңіліп, жүрек түкпіріне ізгілік шамын жағу қауақ басты көп пенденің қолынан келе бермейтін қажырлы іс. Асылында, білім майданындағы жауынгер-шәкірті кемдік көрсетсе саралы сөзбен сынау, ақыл айта отырып жетілуге баулу, жігері жасығанда әкелік ізгілікпен арқасынан қағу нағыз ұлағатты ұстазға ғана тән қасиет. Серік Әбдірайымұлы да өнегелі ұстаздардың тәлімін игерді, сәулелі ғұмырына қарап бой түзеді. Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Қайыржан Бекхожин, Әбілфайыз Ыдырысовтар шәкірт Серіктің әр жетістігін қолпаштап, шығармашылық қадамына қанат бітірді. Серік аға да апайтөстердің ұстаздық миссиясын атқарудағы дәуір дүрмегіне куә болып, тағлымды тәлімдерін жүрек-санасына сіңіріп, тал бойына дарытуға талпынды. Зейінді шәкіртке тілеулес болып, бағыт-бағдар беруге өз кезегінде Темірбек Қожакеев те аянып қалмады. Темірбек аға декан болған уақытта журналистиканың алтын буыны пайда болды, танымал таланттардың үркердей шоғыры қалыптасты. Себебі, Темірбек Қожакеев «Болмаған Белинскийлер мен толмаған Толстойлардың» талайын тау тұлғалы азаматтарға айналдырып, қара шаңырақтан түлетіп ұшырды. Қожакеев мектебінде бой түзеп, жазушылық жолды таңдаған  тұлғалардың бірі де бірегейі – Серік Әбдірайымов еді. Тіпті зейінді шәкіртінің ұстаздық имиджін шындауға да қолғабыс қылды. Ұлылардың көшін жалғап, Серік Әбдірайымұлы да қара шаңырақта жемісті қызмет етті. Серік ағаның өзі де бұл турасында:

«Талапшыл болуды Темағаңнан (Темірбек Қожакеевтен), адамдардың бойынан тек жақсылық іздеуді Әбағаңнан (Әбілфайыз Ыдырысовтан) үйрендік» дейтін.

Ұстаздардан көрген мейірім шарапатты ұмыту – есерсоқтық. Мұны шәкірт Серік Әбдірайымұлы ескерді, тікен тірлікте адами ағаттық жасаудан аулақ болды. Ұстаз атаулының парасаттылығын, таным көкжиегінің тереңдігін, рухани білімінің кемелділігін ескірмейтін естеліктер арқылы дәріптеді. Өміршең туындылар жазып қалдырды. Ұстазға сүйікті шәкірт ғана емес, шығармашылық ғұмырда ізетті іні де бола білді. Нұрғиса Тілендиев, Асанбай Асқаров, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов секілді ұлт зиялыларымен шынайы рухани байланыс орнатты. Оларды атақ-абыройы үшін емес, адами болмысына бола құрмет тұтты. Өресі биік зиялы қауымның қадірін сасық дүниемен өлшемеді. Өз ортасын паңдықтан ада ағайынмен қаумалады. Ақселеу Сейдімбеков, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбаев, Кәрібай Ахметбеков т.б көрнекті әдебиет өкілдерімен үзеңгілес дос болды. Ғапыл ғұмырда тағдырлас атанып, өліара шақты бірге кешті. Жан – жадау, көңіл – күйреуік кезде сырлас достарға айналды. Шала бастағы шала мұңды бірге мүжгіледі. Бұдан артық қандай телегей бақ бар ? Серік Әбдірайымұлы таңдауда жаңылмады. Бәрінен даңқ-дақпыртты емес, адами құндылықты жоғары қойды. Өзі ғана емес, ортаймас ортасы да осы бір қасаң қағиданы берік ұстанды. Демек, елі мен сертіне адал Серіктей алтын ұлы бар алтын құрсақты Үшарал бақытты! Қаламгер түлеген қарашаңырақ бақытты!  Қаламы қарымды дарынмен толысқан қазақ әдебиеті бақытты!



Бөлісу: