Күнәһар

Күнәһар
жеке
блог

 

Қараңғы...

Тар көшенің бойындамыз,

Осылай жиыламыз айында біз.

«Біз» дейтін кім дейсің бе?

Адамдармыз!

Бәріміз күнәһардың тойындамыз.

 

Атылып шампандары, шулағандар,

Жанарды жасқа шылап сулағандар.

Толғатып өлеңімен тулағандар,

Тірлікті ақшаменен улағандар-шулағандар...

 

Айтылды тостар қанша ретіменен,

Тартылды торай басы етіменен.

Өсектің өлі сөзін тыңдайын деп,

Жайғастым нәпсінің кеп шетіне мен.

 

Дінсіздер өз сөзіне ұйып алған,

Атаған өтіріктің сыйы жалған.

Мөп-мөлдір шарап келді алдымызға,

Жетімнің көз жасынан құйып алған.

 

Қараңғы...

Тар көшеде әлі де айғай,

( ал, көрде азап тартқан өліде айғай)

Сәттілік тілеп жатыр күнәһарға,

Аяғын сүйіп тұрып бірі қалмай.

 

Жетімнің көз жасына мас боп қалған,

Адамдар! Жүректері тас боп қалған.

Әндетіп көше бойын кетіп барад,

Тар көше, қанға толы жас боп қалған...

 

Таң атты.

Есерсоқ ем, есім кірді.

Күн нұры нұрыменен шешіндірді.

Малынып қанға сонша ұйықтаппын,

Күнәһар! Бамдат қаза! Бесін кірді...

 

12.07.2014