Күн деген тек балаларға КҮЛЕДІ!

Күн деген тек балаларға КҮЛЕДІ!
жеке
блог

      Кішкентай баладан үйдің, даланың және ашық аспанның суретін салуын сұраңызшы. Бәрін де қалай елестетсе солай салады. Үй, гүлдер, тау және де... КҮН! Иә, иә, күліп тұрған күн!..

      Ертеректе бір психолог мынадай тұжырым айтқан еді: «Балаларда түйсік бар, сол арқылы олар ересек адам көре бермейтін нәрселерді көреді, егер бала күліп тұрған күн салса, бұл жай ғана сурет емес, бала расында Күннің күлкісін көріп тұр!»

      Балалар – әлемдегі ең пәк, ең кіршіксіз жаратылыс иесі:

ересек адам өзін қанша жақсы ұстап, таза ойласа да, кіршіксіз болуға тырысса да баладай бола алмайды, өйткені, балалар ТЫРЫСПАЙДЫ ғой, олардың болмысы солай!

      Баланың күлкісін ести тұра езу тартпаған адам – мына жалғандағы ең қатігез адам:

қасыңызда сықылықтап сәби күліп тұрғанда қайғы туралы бір рет те болсын ойлап көрдіңіз бе?

      Баланың бал тілінен артық байлық іздесеңіз – таппайсыз:

осы бір былдыр жаныңызды емдемесе, дауаны басқадан табу екіталай!

      Баланың күлкісіндей сыңғыр тіпті ең мөлдір деген бұлақта да болмайды:

олар басқаша күледі, жыласа да басқаша жылайды, баланың күлкісіне, жылағанына бұлақтың өзі ұйиды!

      Балаларды ұлтқа, нәсілге бөлу және соған қарай жақсы көру – жақсы көрудің ең төменгі дәрежесі:

жер асты жолдарында қайыр сұрап «нәпақа тауып» жүрген «лолалардың» қасында асыр сап жүрген баланың көзіндегі азайып бара жатқан күнәсыздықты байқап жүрсіз бе?

      Балаларды алалау – нағыз надандық:

өз балаңызға (ініңізге, сіңіліңізге) кәмпиттің үлкенірек бөлігін беріп жатып қасындағы баланың жәутеңдеп тұрған жанарын байқайсыз ба? Білесіз бе, ол «Неге өз баласына артық берді?» деп ойламайды, ол тек қана бұртияды, Сізден артықшылығы сол – ол «өз баласы» және «бөтен» деген ұғымдарды білмейді!

      Егер баққа қыдыра барғанда Сіздің балаңызды қандай да бір карусельге мінгізуге әкімшілік рұқсат бермей қойса, ұрыса жөнелмей, қайта қуаныңыз. Өйткені – ол әлі бала екен! Ал егер батутқа секіруге рұқсат бермей қойса, «Е, тіпті жақсы, ертерек қайтатын болдық» демей тұрып, бір мұңайып алыңыз. Өйткені, жыламсырап тұрған бұл бала балалық дейтін қайталанбас шақтан бір қадамға мәңгіге алыстады!

      Егер, қызыңыз Сіздің биік өкшелі аяқ киіміңізді киіп көргісі келсе, қайтер едіңіз? «Бұл да қызыға бастапты, өскені ме?» деп мұңаяр ма едіңіз? Ал, мен қуанар едім, өйткені ол өзінің екі есе кішкентай аяқтарымен басқанда ол туфлидің ортасынан сынып кетуі мүмкін екенін әлі бағамдамайды, ол – бала!

      Бала кітап қарап отырса ше? Тағы бір мұңайып қалатын шығарсыз «Кітапқа қызыққаны – өскені ғой!» деп. Мұңаймаңыз, анықтап қарасаңызшы, ол кітапты теріс қаратып ұстап алыпты ғой!

      Балаңызға «Миранда» деп айтқызып көріңізші! Айта ала ма? Шынымен «Миранда» деді ме? «Миланда», «Милана» емес шынымен «Миранда» деді ме? «Р»-ға тілі келді ме? Қайтесіз енді, көнесіз де... Өсу, ер/бой жету – өмір заңы ғой...

      ... Жоғарыда  айтқандарыма сенбесеңіз, ертең алаңға шығып, балалардың асфальтқа салатын суреттеріне назар аударыңызшы: КҮН КҮЛІП ТҰРАДЫ!!!