Батыста… Сонаааау Маңғыстау деген жерде, Жаңаөзеннен ары қарай, Аққұдықтан бері қарай, құм мен таудың ортасында орналасқан елді мекен-Сенек.2000дай халқы бар, айнымаған салты бар, табиғаты ерекше жер.Сыйлы қарттары мен сүйкімді жастары бар, бұл ауылдың таңнан күн батқанға дейінгі қызу тіршілігі — таңғы сағат 5-6 дан басталады.Қызу тіршілік ерлердің малдарын өріске айдап,әйел адамдардың түйе, сиыр саууынан басталып, түнгі сағат 2-де түйе сауумен аяқталады.Жері шұрайлы, ексең егін, отырғызсаң тал, ағаш,қазсаң жер астынан су шығады.Айналасындағы жақын елді мекендерді жер асты суымен қамтамасыз етіп отырған да — Сенек.
Сенек сөзінің — түп төркіні «сен ек!» деген сөзден шыққан деседі.Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша бұл туралы аңыз да бар екен.Ертеден қазақ пен шекаралас жатқан түрікмендер арасында жерге талас тартыс болып, арты қырғын соғыспен аяқталыпты.Құнарлы, егін егуге жарайтын жерге түркімендердің көзі түсіп жерді иеленбекші болып егін салуға кірісіпті.Тегінде бұл жер қазақтарға тиесілі болса керек.Мінезбен мыңды жыққан Адайлар жерін беріп,қарап қалсын ба?! Жер үшін соғыс ашып, түркімендерден жерді тартып алыпты.Сонда түрікмендер «осы жерге егінді сен ек!» деп жеңілгенін мойындапты.Содан кейін бұл жер сенек аталыпты деседі.
Қалада туылып, ауылда өскен мен үшін- бұл ауылдың орны бөлек.Есімді білгелі бері ата ажеме еркелеп өсіп,құм мен таудың ортасында сайран салып өстім.8 жасымда әке-шешем қалаға алып кетер кезде,"қалаң құрысын, бармаймын" деп әлек салғаным әлі есімде.Қалаға барсам да, дала өмірін аңсап тұратынмын.11сыныпты аяқтағанша,3 ай жазғы каникулда жұрттар лагерьге кетсе, менің лагерім Сенек болатын.Ерте тұрып кеш жату, малды суары,өріске айдау, жүн түтіп, киіз басу, күн жылынса киіз үй тігу,құдықтан су тарту сынды істерге шынықтырған да осы Сенек болды.Студент атанғалы бері бұрынғыдай емес, жылына бір рет ат басын тірейтін болдық.Үлкен қалада жүріп, алақандай ауылын сағынатын мен үшін 1 апталық демалыс аздық ететін.Сенектің мен үшін орны бөлек.Маңдайымнан ескен Сенектің самал желі де,ірілі-ұсақты тастары, боратқан шаңы, аязды күндері мен аптап ыстығы, бәрі-бәрі менің балалық шағымның куәсі.