Құм

Балалық шағым шағын ауылдың төбесінде қалды. Ауылдан бірнеше шақырым жерде кіндік әкем мен кіндік шешемнің пункті болды. Оны "құм" деп атаймыз. Ол жақта шошайған екі үй. Ен далада екі үй ғана өмір сүрер еді. 

Кіндік әкем құмнан ауылға үш-төрт күнде бір қатынап тұрады. Азық-түлігін сайлап алып, қайтып түйе арбамен шоқытып бұлдыр сағымға жұтылып, жоғалар еді. Кейде демалыс күнінде келіп қалғанда, анама: "Қара қызды ала кетейік" деп рұқсатымды сұрамастан, мені көтеріп арбаға салып алып, кете баратын. Кейде түйе, кейде ат арбаның үстінде жусан иісі аңқыған баябан далаға қарай-қарай көз тоятын. 

"Қазағымның даласы қандай кең еді"

Құмда таңсәріден тұрып, сиыр сауамыз. Бір емес, он бес шақты сиыр... Мен шелек көтерушімін. Кіндік шешем "белім-ай, белім-ай" деп күбірлеп жүріп, он бес сиырды оңай-ақ игеріп тастайды. Мен кіндік шешем әр сиырды сауып болғанда, мықшыңдап жүріп сүттерді тасып, үлкен бетонға құйып тұрамын.

Бара-бара сиыр саууды үйрендім. "Пышт-пышт-пышт-пышт"

Ерте тұрған соң, әлбетте ерте ұйықтаймыз. Күн қып-қызыл болып батып бара жатқанда, кіндік шешем төсек қамдай бастайды. Күннің ұясына соншалықты сылқым, соншалықты көркем болып батқанын мен өзге еш жерден көргем жоқ! Қызарып, жалындап тұрады-тұрады да, шапағын жайып, бар аспанды қып-қызыл шуағымен құшып барып, құм төбенің ар жағына жаймен сіңе береді. Екі үйде менен өзге кішкентай бала жоқ. Өз-өзімнен құммен ойнаймын. Бетіне сурет саламын, секіремін, сырғанаймын, құмның ішіне кіріп ұйықтаған болам. 

"Қайран, Нарын құмы"

Сосын... Сосын шексіз армандаймын. Сол кезде өскенде шашым қап-қара, ұзын болады, үстіме аппақ желбіреген көйлек киіп жүремін, кіндік шешем мен кіндік әкемді ауылға көшіремін деуші ем ішімнен. Қайта-қайта екі қабатты зәулім үй елестейтін де тұратын. Сол үйде папам, мамам, бауырларым мен кіндік әке-шешем тұрады дейтінмін. 

Қазір ару Алматының қақ ортасында отырып, сол кездерді сағынып кетем. Адам өзін толық бақытты сезінуі үшін тұратын жерінің маңыздылығы жоқ екен-ау. Тірі пенде жоқ ен даланың өзі жердің ұжмағындай ыстық көрінетіні несі екен?! "Дархан даланың өзі - тәрбиеші" деген рас болғаны ма...

Шыным. Сағынам. Бәлкім ауылдың топырағынан тәлім алып, құммен сырласпағанда, осыншалықты қарапайым болмас па едім... Бәлкім!



Бөлісу: