"Құлыным сол... алтыным менің"
блог
-Міне мынау менікі. Әне бір солдатты көрдің бе? Сол менікі.
-Жо-оқ, ол менікі еді ғой, сен мынаны аласың.
-Қойшы, бір жолға менікі болсыншы, сенен үлкенмін ғой?!
-Жоқ! Жүр құмға барып ойнаймыз.
-Жарайды, жүр.
***
-Әже, әже-е-е қайдасың?
-О не, құлыным, бірдеңе болып қалды ма?
-Апам қайда?
-Жұмыста ғой, ботам.
-Қашан келеді?
-Келіп қалады көкем. Қарның ашты ма?
-Ия, қарным ашты. Сүт берші.
-Қазір, қазір. Міне дайындап бере қоямын.
-Ініңді де шақыра ғой, ол бұзықтың да қарны ашқан шығар.
-І-і-і... Әже айтшы оған, солдатымды алып қойды.
-Құлыным-ау сенің ақылың бар ғой, үлкенсің ғой. Бөлісіп ойнасаңдаршы.
-Әже, әже-е.
-Ау ботам.
-Әже, саған бірдеңе айтайын ба?
-Айта ғой.
-Бағана көрші үйдегі көке мен апай ұрысып қалды ғой, біз қарап тұрдық. Дауыстары қатты шықты. Біз қорқып кеттік, сосын қашып кеттік.
-Тек! Біреудің үйін аңдушы болмаңдар! Жаман әдет. Ол жаққа жоламаңдар, иттері қауып алып жүрер. Жарай ма көкем, үйдің алдына келіп ойнаңдар. Бастарыңнан күн өтіп кетпесін.
-Жарайды. Мен кеттім.
-Тоқтай тұршы құлыным, басыңнан күн өтіп кетеді, бас киіміңді киіп алшы. Әй құлыным... Жүгермек...
***
-Әжем саған сүт ішсін дейді.
-Ішпеймін.
-Ішпесең ұрсады, бар, сосын шомылуға барамыз мақұл ма?
-Мақұл. Менің солдатыммен ойнама, ол менікі.
-Ойнамаймын, маған жаңасын алып береді.
-Онда маған да жаңасын алып береді. Сосын мен саған өзімдікін берем.
-Ақылдысын! Сеніңкі бар, менде жоқ, сосын маған алып береді. Әжем маған әпереді, саған әпермейді.
-Мақұл көреміз. Әже мені жақсы көреді, сенен де қатты жақсы көреді. Маған күштісін әпереді.
-...
-Мен сүт ішіп келемін.
Автор сөзімен:
Екі елдің әскерін жасақтап, "қым-қиғаш соғысымызды" аяқтап болғасын, Арысқа кететін тұғынбыз шомылуға. Ол уақыттарда күннің ыстықтығы әсер етпейтін еді-ау деп ойлап қоямын. Күннің астында шыжып, ойыншықтарымызды аударыстап отыра беретін ек қой. Ыстықтап бара жатсақ, арыққа аунап аламыз, сосын ары қарай жалғастыра бер. Қазір ше? Шомылу тұрмақ шыбын жанымызды күтіп далаға әзер кіріп шығамыз. Таң алакеуімнен қас-қарайғанша дала кезетін қайран менің балғын балалық шағым... Бала демекші, мен өзім әлі де баламын, бір жағы. Күнәдан пәк, ойыннан басқаға назары аумайтын сәби балалық шағымды сағындым. Осында БІР КҮН деген кезексөз өтіп жатыр екен. Көбіне балалық шақты жазып жатыр екен. Осы кезексөз мені еріксіз балалық шаққа жетеледі. Бала болғым келді, секіргім келді. Айқайлағым келді, жылағым келді. Бала кезде бұлардың бірін де әбес көрмейтін едік қой, қайта қызық. Үлкендердің не ойлап не қоятынында шаруамыз жоқ. Пішту-у оларға. Қолды бір сілтейсің. Іс бітті. Ары қарай кете бер. Біз үйде 4 ұлмыз, төртеуміз қосылып ойнайтын кезіміз сирек. Көбіне екі үлкен ағам бірге, біз інім екеуміз бірге ойнаймыз. Бір қызығы біз жұрттың балалары ұқсап көше кезіп, көрші үйдің балаларымен ойнап кетпейміз. Дымымызды шығармай, өзімізбен өзіміз үйдің ауласынан шықпаймыз. Інім екеуміздің жұбымыз ешқашан жазылмайтын. Қайда барсақта біргеміз. Тіпті әжем туыстарының біріне қыдырып бара қойса, екеуміз әжеміздің екі шетінде жүреміз. Қайран әжеміздің жанында біреу бізге сөйлемек тұрмақ, тәйт дей алмайтын. Әжеміз қашанда біздің жақта. Ол міндетті түрде ғой. Дұрыс болсын, бұрыс болсын біздің сөзімізді сөйлейді. Әке-шешеміздің өзі бұлар біздің бала деп айтуға қорқады, әжесінің баласы дейді. Бар мейір - шапағатын төгіп, бізді осылай тәрбиелеп өсірген әжеміздің қадірін біле алдық па екен сол кезде. Әй-қайдам ау. Енді міне әжесіз төртінші жазым өтіп барады. Сағынышымда шек жоқ. Бірді айтып бірді кетпедім ба екен. Айып етпессіздер. Сағыныш қой. Балалық шақ. Әже. Жалпы осылай өтетін менің бір күндік балалық шағым...