Құлшылық

Құлшылық
жеке
блог

Құбылаға қаратып бет-жүзімді
Тәпсір айтып намазға ой түзілді.
Құлақ қағып, дүниені ысырып
жалғанменен байланысым үзілді!

Ойым түзу. Оқтай тіп-тік денем де
Қол байланып кіндіктен сәл төменде...
екі тобық аралығы төрт елі
Мойын бұрмай ешбір алаң-елеңге. 

рухым самғап жер бетінен қиянға
пенделіктің қалыбына сиям ба? 
"Субханака", "ағузу" менен "биссимиллаһ"
"Фатиха" һәм сүре оқып ҚИЯМДА... 

Бой алдырмай ешқандай да күдікке
арқам - оқтай. Ал белімді бүгіп те
екі қолды қос тізеге апарып
ЖАРАТҚАНға дұға жасап РҮКІҒТЕ. 

Аллаһ ұлық. Аллаһ Тәңір бар жанға, 
Тәңіріңе бас июге арланба. 
Қабірдегі сұрақ еске түседі
рүкүғтен соң сәждеге бас барғанда.

сындырмасқа базбіреулер сағымды 
байламасқа Хақ бұйырған бағымды. 
"Әт-тахият" және дағы"салауат" 
дұғаны оқып отырыста ақырғы. ..

дәргейіне Жаратқанның жығылып
қауқарсыз құл екенімді ұғынып
құлшылығым намаздағы бітеді
сәлем жасап оңға-солға бұрылып. 

Жәннәт бағын сыйласын деп бақида
кешу сұрап өзіме һәм ақиға. 
Жалбарынып тілек тілеп Раббымнан
дұға оқып "Рәәббәнә-әтина". 

Мойыныма ілінбеске құрық кеп
шар басыма тимес үшін сырық кеп. 
Тәспих тартып отыз үш рет қайталап
"Аллаһ пәк" һәм "Шүкір", "Аллаһ ұлық" деп... 

бұзақылар салмас үшін ылаңды
иман нұры шарпысын деп ұланды. 
Жәннәт сұрап бақилық пен тіріге
қырағаттап оқимын мен құранды. .. 

P.S.
Періштелер тұрса көкте жебеп те
Аллаһ маған назар салса ерекше. 
Күнәларым ада болар Иншаллах
жапырағы түскен күзгі терекше... 
Алмат Ержанов.