ҚҰЛПЫТАС
блог
ҚҰЛПЫТАС
Қырықбай орнынан әзер қозғалды. Ары-бері қимылдап, ескі керуеттің ащы даусын шығарды. Ішінен мырс етті де, ауыр денесін әрең көтеріп, жердегі суға толы бақырашты басына құя салды. Кеше кешке алдын ала дайындап қойған амалы еді. Өзінің амалшылдығына тағы да мырс етті. «Айтпақшы, кеше не үшін ішіп едік?» Есінде жоқ. Қырықбайдың себепсіз іше бастағанына көп болды. Есігін тақылдатып, келіп кететін жолдастарының өмірінде болып жатқан әр оқиғаға қосыла ішуге құмар-ақ. «Достым, кеше мен тиын-тебен тауып алдым. Жүр, тойлайық». «Жүр» деп кете баратын.
Қырықбай керуетіне құлай кетті. Шашынан аққан су тамшылары денесіне тиіп, қытықтайтындай. Көздері төбедегі сары даққа түсті. «Жаңбырдың суы. Тұрғанына бес-алты жыл болып қалды ма екен?» Әйелі кеткелі Қырықбайдың үйі толық жөнделмек түгілі сыпырғыштың ұшы да тимеген жер болатын. Бірақ, оған бәрібір. Ішетіні бар. Жататын жері бар. Ал тазалықтың оған қажеті шамалы.
«Бүгін жұмыс аз. Тапсырыс екеу-ақ. Демек, асықпай бастасам болады» Қырықбай орнынан көтеріліп, сыртқа беттеді. Оның жатын бөлмесі төрде орналасқан. Ал дәлізде қарама-қарсы екі бөлме бар. Бір жағында ас бөлме және екінші бөлме жұмыс орны саналатын. Ол жұмыс бөлмесіне енді. Қара көлеңкелеу. Терезе әлі ашылмаған. Тек терезеге жапсырылған газеттің жыртылған саңылауынан күн сәулесі ішке еніп тұр екен. «Адасқан бейбақ. Мынандай қара жерге енгенін қалай? Бұл жерді жылытуға сенің күшін жетер деп ойлайсың ба?» Қырықбай есік алдында жатқан қағаз қиқымын алды да, сілекейлеп терезеге жапсыра салды. «Бұл іс те бітті». Жарық жағылды. Үстел үстінде кешеден қалып қойған бөтелке мен шылым қалдықтары, әрі қарай балғасы мен шегесі жатыр екен. Қырықбай бөтелке түбіндегіні сіміріп салды да, шылымын аузына салды. «Бұл шаруа да бітті» Қабырғаға сүйеулі тұрған үлкен қара тасты үстелге әрең қойып, балғасын ұстады. «Бұл шалға арналған. Қанша жаста деп еді? Тоқсан ба?! Иә, тоқсанға келген деген сияқты. Бір ұлы келсе де болатын еді. Екеуі де келіп, тапсырыс бергені қызық болды. Әке алдындағы борышын осы қара таспен өтемек пе әлде жұрт алдында ұятқа қалмаудың амалы ма екен? Менің шаруам не? Бірақ, жерге көмілген жанға тиіп кетер пайда жоқ-ау. Үстін қандай тас басып жататыны оған бәрібір. Балалары тек ұмытпаса болды ғой. Дегенмен де, кешегі ұлдардың көздерінен мұң байқадым ба? Осы мен неге көп ойланатын болғанмын?» Қырықбай басын қатты шайқап жіберді. Жалғыздыққа үйренген жаны соңғы күндері өз-өзінен шаршай бастағандай. Санасын көптеген ойлар қаумалап, көңілі сан түрлі әсерге ие. Ішімдікке құмартуының себебі де осы болмақ. Ойлардың кесірінен Қырықбай қатты сермелген балғаның ұшы қолына қалай тиіп кеткенін байқамады. Тек жанына тиген аурудан қолын лезде аузына салып жіберді. «Әкесіне ...» Қолынан аққан қанды тоқтату үшін суға батырды да, жанары су бетіндегі қызыл ала бояуға түскені сол-ақ еді, ойына сол бір күн түсті.
«Бәдишә... Менің сұлу Бәдишәм... Көптен бері есіме түспеген едің. Қалың жақсы ма екен? Соңғы кездескенімізде қарамай кеткенін жаныма қалай батқанын сезсең ғой. Баламды көрмегелі жиырма жыл болды. Қатыгез жан емес едің-ау, соншалықты қинағанын не? Неге мені кешірмедің? Неге құтқармадың?» Қырықбай Бәдишәмен танысқан шақта жиырмадан енді асқан жас жігіт-тін. Бойында қаны қайнап, жүрегі дамыл таппай, алып-ұшып жүретін еді ғой. Қыздарға қарай бастаған шағында Бәдишәмен кезікті. Көрікті қара торы қыз жас жігіт жүрегін лезде жаулағандай. Екеуі қалай жүріп кеткені белгісіз. Сезімге құмартқан жастарда ақыл болады ма? Көп ұзамай Бәдишәнің құсқысы келіп, өзінің ауырсына бастағанын сезген сәтте Қырықбайға қорқынышын айтты. Үлкен той болды. Босағаны аттаған сәттен ауылдың бетке ұстар келіндерінің бірі болған Бәдишәнің айыбы жоқ-тын. Қырықбайдың бар шаруасын тыңдырып, үй ішін дөңгелетіп әкетті. Тәтті мен жақсыны күйеуінің аузына тосумен жүрді. Дегенмен, Қырықбайдың көңілі көншімеді. Әйелінің толып кеткен денесі мен бетіне түскен даққа қарағысы келмейтін. Құшағына алу тұрмақ, кешкісін қасына жатудан қашатын. Достарына еріп, аққа құмар болды. Ақпен бірге қыз-қырқынға баруды бастады. Күлкі мен ойынды қалай қуып кеткені белгісіз, көп ұзамай Қырықбай өз әйелінен жиіркенуді шығарды. Бәдишә алтыншы айда жүргенде жалғыз қамқоршысы енесі көз жұмғаннан бастап жас келіннің көзі жастан құрғамады ғой.
Қырықбайдың көз алдына сол бір түн келді. Бәдишәға жұмсаған қолы. Жас әйелдің ішін құшаптап, талып түскені. Ұлының дүниеге келуі. Сол түн баласын көрген соңғы түн болды ғой. Бәдишә аурухадан лезде ата-анасына қайтып кетті. Басында өзінше намысқа берілген Қырықбай әйелі мен баласын қайтару түгілі, іздеп баруға жоқ-тын. Ұлды болғанына мәз болып, тойлаумен күндер өткізді. Тек әйелінің басқа біреуге тиіп кеткенін естіген кезде ғана барлығынан айырылғанын сезінді. Қанша іздеді, бірақ ұлы туралы ештеңе анықтай алмады. «Баламды аймалап бір иіскесем, шіркін...»
Қырықбай қолын дәкімен орап алып, жұмысына кірісе бастады. Оның әкесі Жұмабай қабыршы болатын. Кейін баласын құлпытас жасауға тәрбиеледі. Содан бері Қырықбай міне, отыз жыл шамасында құлпытас шебері болып келеді. Әкесі мен шешесіне, ауылдағы бар туыс-туғандарына, ауылдастарының қайтқан әр мүшесіне қойылған құлпытас Қырықбайдың қолынан шыққан дүние. Ол екінші тапсырыс жазылған қағазға қарады. «Жиырмаға да толмапты. Жас кеткен тағдыр-ай... Есімі – Темір. Қандай жақсы есім. Мен ұлымды Темір деп қоюды аңсап едім ғой. Бәдишәмен екеуіміз осы үшін қанша таластық та. Әділов Темір. Өзі көркем екен. Өмірден осындай жастар кеткенше, біз сияқты қырсықтар кету керек қой. Әділдік деген осы емес пе? Әлі тәтті мен ащыға қаныға білмеген, өмірден түңіліп көрмеген жастардың кетуі дұрыс емес. Өмірдің жартысы өліммен байланысты болғанда өздігінен ойшыл болады екенсің. Неге бұл өлім маған осыншалық әсер етті? Балам... Иә, балам...» Қырықбай кеудесін ұрғылап жіберді. Аузын қайта-қайта ашып, ауаны қарпығандай болды. Көптен бері жүрегі шымырлап, кеуде тұсы ауыратын секілді. Қырықбай қолындағы балғасын үстелге қоя салып, сыртқа шығып кетті. «Әлі қыс. Қыста адам өлгені қиын-ақ. Оны қою керек дегендей. Осы мен қай мезгілде кетеді екенмін. Әйтеуір, қыс болмаса болды. Мені көметін адам бар ма екен? Ұлым қасымда болса, бір сәрі. Әттең, бәрі кеш. Кеш. Бәдишә періштем екенсің, текке қор қылдым» Қырықбай мұрнын қытықтаған аязға қарамастан, айналасына көз тастаумен болды. Аққа көмілген жер беті жаңа шыққан мақтадай екен. «Қар енді ғана жауған секілді. Өйтпесе, адамдар баяғыда басып, жаншып, қор қылатын еді. Обал-ақ. Пенденің жүрегіне әдемілік пен тазалық беруге арналған табиғат жаратылысын аямастан аяқпен басқандары обал-ақ. Қолымыздағының қадірін кеш түсінетіміз қалай? Біз соншалықты көрсоқырмыз ба әлде топаспыз ба? Бізді ең саналы дейтіндердің өзі ақымақ шығар»
Қырықбайдың ойын телефон қоңырауы бұзып жіберді. «Алло? Иә, мен. Сіздің тапсырыңыз дайын болып қалды. Кешке алып кетесіздер ме? Бүгін болмайды. Ертең таңертең толығымен әзірлеп қоямын. Иә» «Өзінше болуын қарашы. Әкесін жерге тезірек көміп, үстін қара таспен басып тастамақшы ғой. Иттің баласы. Жоқ, нағыз иттің өзі» Қырықбай өзінің осыншалық неге ашуға берілгенін түсінбеді. Әрине, тапсырысы тезірек жасалғанын қалау дұрыс жайт. Қырықбай жұмысына кірісті. Қабырғадағы сүйенген құлпытастарға бір көз тастап, өз шеберлігіне тәнті болғандай. Не дегенмен, өмірде өз ісін табу нағыз бақытта жетудің бір жолы шығар. Ертеңгі күні тоқсан жастағы қартқа арналған құлпытас дайын тұрды. Қырықбай керуетін сықырлатып, қорылдап жатты. Көздері ашулы. Төбедегі сары даққа қадалып қалғандай. «Бүгін Темірдің тасын дайындауым керек. Осы адамдарға құлпытас не үшін керек екен? Кім екенін білу үшін бе? Жоқ, құлпытастың қайтқан кісіге қажеті шамалы. Ол тірілерге керек. Жақынының қайда жатқанын білу үшін. Демек, мен өлілерге емес, тірілердің жұмысын істеймін. Бәдишә өлім туралы айтудан қорқатын. Біреу о дүниелік болды дегенді естісе болды, көзі жыпылықтап, жылауға шақ қалатын еді ғой. Менің осы бөлмеме кіруден қашатын. Бөлмеден өлімнің иісі шығатын дейтін. Ал мен сезбейтінмін, қазір де сезбеймін. Мүмкін, сол өлімнің иісі үстіме де шығып кеткен шығар. Ажал мені осы үшін де алмайды ма екен? Темірге граниттен жасасам қалай? Ата-анасының қандай күйде екенін елестету қиын. Бәдишә, біздің баламызды аман сақташы. Өтінемін. Біздің баламыз аман болса екен» Қырықбай көзінен аққан жасты байқамай қалды. Өзінің неге жылап жатқаны да беймәлім. «Мен тым сезімтал болып кеткендеймін. Қою керек. Бұл тек қана жұмыс. Балам. Балам аман болса екен» Керует басындағы терезеге көзі түсті. Күн енді көтеріліп келеді. Көкжиекті қанқызылға бояған күн сәулесінің ерекше әсем болатындығы аян. Қырықбайдың кеудесіне күн нұры түскендей ме? Іші жылып сала берді. «Осы тапсырыстан кейін Бәдишә мен баламды іздеп табуым қажет. Маған басқа ештеңе қажет емес» Жұмыс бөлмесіне еніп, қолына қара гранитті алды да, жұмысына кірісті. Әр соғылған балға даусы жүрегінде үлкен жара салып жатқандай. Өз күйін түсінбеген Қырықбай балғасын лақтыра салып, шығып кетті. «Не болды?» Асбөлмеге еніп, бір шыны аяқ шайды тұрған күйі сіміріп салды. Аузына бір талым нанды үзіп салып, бейтарап күйде шайнай бастады. «Бұл тапсырыс маған қиын тиген секілді. Баламды есіме түсіргеннен шығар. Қу арақтың кесірі-ай... Неге осыншалық ақымақ болдым? Мен не бүлдірдім?» Қырықбай әйелі мен баласын көп іздеді. Бірақ, Бәдишәнің туыстары маңдарына да жуытпай, қуып жіберді емес пе? «Бейбақ жаным-ау... Қалай ауыратынынды мен ғана білемін. Мен ғана сеземін. Мен ғана...» Қырықбайды қоңырау даусы селт еткізді. «Алло? Иә, балам, амансың ба? Жақсы, дайын. Иә. Түсінемін. Жақсы» «Демек, Темірді ертең жерлейді. Мен барсам қалай болады екен? Жүрегім біртүрлі болып тұрғаны несі? Ақымақ болма. Жұмысыңды аяқта» Қырықбай гранит үстін қолымен бір сипап шықты. Суық тас көңіліндегі қобалжуды басқан секілді. Алаңсыз жұмысына кірісті. «Өмірдің құны немен өлшенеді? Негізінде, осы жасқа келгенше өмір туралы көп ойланбаған секілдімін. Бармын. Асым бар. Үйім бар. Жұмысым бар. Болды. Бірақ, түбіне үңіліп қарайтын болсақ, өмірдің құны мен өлім мен өмір айырмашылығы сан сауалға тірелтетін секілді. Егер өмір бақытты сәттермен өлшенеді десек, бақыттың неден туылатындығын білу қажет. Бақыт әркім үшін әртүрлі. Мен үшін бақыт не еді? Мен бақытты бола алдым ба? Барлығынан айырылған күйде өмір сүре білудің өзі бір жағынан бақыт шығар. Өлім мен өмір. Осы екі дүние туралы ойланбаған адам жоқ шығар. Сол пенделердің қатарына қосылмай-ақ қояйын. Жүрегіме жылу беретін басқа жағдай бар да, мен өлімді ойламай, өлім атынан қызмет етейін. Балам. Менің барым, қаным, жаным. Анаңның кұшағында іңгәләп кете бардын. Әкеңмен айырылып бара жатқанынды сездің бе екен? Бәдишәнің «Мен сізді жек көрмеймін. Бірақ, мен сізбен бола алмаймын. Мен енді анамын. Мен өз балам үшін жауаптымын» дегенін естігенде, неге тізелеп кешірім сұрамадым екен? Неге айғайлап жыламадым? Неге ғана менмендік таныттым екен? Балам, мені кешір. Мен ақымақ болдым» Тас үстіне бір-екі тамшы үзіліп түсті. Қырықбай жеңімен көздерін сүртіп, сырт тұрған стақандағы ақты ішіне құйып жіберді. Ащы су тамағын қарпып жібергенімен, ойындағы сан сауалды ұмыттырған секілді. Қайтадан қол астындағы гранитке жүгінді. Бұрындары әкесімен еріп, ауыл сыртындағы зираттар арасын көп аралайтын. Әкесі ана жерде, мына жерде жерленген туыстары мен жолдастарын көрсетіп, дұға оқытқызатын. Басында қорыққанымен кейін үйреніп кетті. Әкесі «Балам, өлген адамдардан қорықпа. Бұл өмірде тірілерден қорқу керек» деп отыратын. Қырықбай алғаш рет қайтқан кісіні жеті жасында көрді. Ауылдағы үлкен бір қарт кісі о дүниелік болып, ата-анасына еріп, көңіл айтуға барған-тын. Байқаусызда сол кісі жатқан бөлмеге қалай кіріп кеткені белгісіз, төрде жатқан кісіні байқағанда, ұйықтап жатқан шығар деп те ойлады. Қара көлеңкелеу бөлме ішінде жатқан кісінің түрі көрінбеген еді. Тек сырттан енген жарықтың жатқан кісінің бетіне түскен сәтте ғана қайтыс болған қарт кісі екендігін сезді. Ақ не сұрланған ажары мен көгерген еріндерге қарап, тұрып қалғаны есінде. Анасы іздеп, тауып алмағанда қанша тұратыны да белгісіз еді. Содан бері Қырықбай өлілерден қорықпайды. Дегенмен, өлуден қорқатын. Есікті қаққан дыбыс шықты. Қырықбай бөлмеден шығып, сыртқа беттеді. Кешегі тапсырыс жасаған жас жігіттер келіп тұрған екен. «Темірдің достары болды ма екен?»
-Ағасы, ассамағалейкум!
«Тәриелі балалар екен»
- Уағалейкум ассалам. Тапсырысқа келдіңдер ме?
- Иә, ағасы. Ертең жерлейтін күн еді. Анасы құлпытасты да сол кезде қойғысы келеді. Рұқсат болса.
- Әрине, балалар. Қазір дайын болып қалды. Отыра тұрыңдар. Мен лезде аяқтаймын.
Үйге енген сәтте жас жігіттердің бір-біріне тастаған жанарларынан Қырықбай қымсынып қалды. Үйге әйелдің қолы тимегелі көп болғаны, өзінің де тазалыққа жоқ екендігі қазіргі үй жағдайынан байқалып тұрғандай. «Үйді де тазалап қою керек шығар» Жастарды ертіп, жұмыс бөлмесіне енді.
- Бір сұрағым бар еді.
- Иә, ағасы.
- Сендер Темірдің жолдастарысыңдар ма?
- Иә, ағасы. Біз жолдастарымыз. Кішкене кезімізден бірге өсіп едік.
- Түсінікті. Ал Темір қалай қайтыс болды?
- Жол апатынан қайтты.
- Обал болған екен. Бауырлары бар ма еді?
- Жоқ, ағасы. Темір үйде жалғыз бала болатын. Анасы қатты қайғыруда. Ауырып қалмаса игі еді.
- Әрине. Әр ана үшін баласының өмірі барлығынан артық қой. Ал сол бала өзінен бұрын кетсе, бұдан асқан қандай қайғы бар дейсін?
Қырықбай көзіне толған жасты көрсетпестен жеңімен сүртіп салды. Тамағына тығылған өксікте кетер емес. Неге өзінің осыншалық көңілшек болып кеткенін білмей дал-дұл.
- Қайда бара жатыр еді?
- Әкесіне.
- Әкесіне де қиын болған екен.
- Айтпаңыз, ағасы. Барлығымыздың басымыздан жай түскендей әлі есіркеп жүрміз.
Қырықбай сұрағын жалғастырса, жігіттердің көңілі жасырқап қалатындығын сезіне қойды. Қалған жұмысын үндеместен аяқтап, жастарға қарамауға бекінді. Себебі, өзінің жанарындағы жасты да көрсеткісі келмеген еді.
Келесі күні таң ата оянған Қырықбай асықпай жуына бастады. Ішінен бір дүниеге бекінген жандай сабырлы күйде киінді. Темірді сағат үште жерлейтінін кеше жолдастары айтқан-ды. Неге екені белгісіз, барғысы келді?! Енді дайындалып жатыр. Үйден шыққанда, сағат бірден асты. Зиратқа жақындаған сайын Қырықбайдың көңілі мың құбылды. Бір жағынан барғысы келсе де, басқа жағынан неге қашатынын түсінбеді. Кеше жігіттерге өз ойын неге айтпады екен? Қырықбай зиратқа енгенде, Темірге қазылған қабір қасында адамдар жиналып қалған болатын. Ағаш түбінде тұрып, адамдар арасынан қабірді көргісі келген түрде Қырықбай мойнын соза берді. Алыстан болса да, Темірді көріп қалғысы келетіндей. Кеше құлпытасқа суретін де салған-ды. «Жас әрі көрікті бала еді ғой. Қалайша қыршынынан қиылып кеттің?» Қырықбай молданың даусын естімеді. Бар жанымен кілемге оралған қабірге қарай берді. «Жастықтың бал дәмін татып көрмеген жас баланың о дүниелік болуынан асқан қайғы жоқ шығар. Ешкімге пайдасы жоқ мына біздей кәрілердің кеткені дұрысырақ емес пе? Әттең... Бұл сауалдың шешімін кім білер дейсің? Әттең...» Қырықбайды ой толқынынан зарлы әйел даусы суырып алғандай селт етті. Зиратқа кірер есікке жармасып, жылап тұрған әйелге қараған күйде қатып қалды. Шашы жалбырап, «балам» деп зар жылап, темір есікке қыранша қадалып алған әйелді артынан тартқан екі-үш кісі тұрғыза алмай әлек болуда. Қырықбайдың құлағына «Темірім... Балам...» деген дауыстар естілді. Әйелдің даусы таныс сияқты. Түрін көргісі келіп, алдыға ұмтыла берді. Бір кезде Қырықбайдың үстінен ыстық су құйып жібергендей шарпып түсті. «Бәдишә... Қалайша? Бәдишә... Жоқ. Мүмкін емес. Бәдишә... Жоқ. Жоқ. Жаратқаным, сен маған осыншалық безбүйрек бола алмайсың. Бәдишә... Темір... Менің Темірім... Балам...» Қырықбай аяқтарының күшінен айырылып, әлсіреп бара жатқанын ғана сезді. Соңғы есінде қалғаны Бәдишәнің «Темірім» деп айғай салғаны болатын. Көздерін ашқанда, басында қайда екенін түсінбеген Қырықбай жан-жағына қараумен болды. Пеш қасында отырған қарт кісіні байқады да, орнынан көтерілді.
- Оянғанын дұрыс болды, қарағым. Жедел жәрдем шақырайын ба деп отыр едім.
- Мен қайдамын?
- Менің бөлмемдесің. Қарасам, жерде жатырсың сұлайып. Өліп қалды ма десем, тірі екенсің. Сосын алып келдім.
- Мен зираттамын ба?
- Иә, балам. Ал мен осы зираттың күзетшісімін. Былай айтқанда, өлгендердің тыныштығын қорғаймын. Оларға да тыныштық керек.
Қырықбай басын ұстай кетті. Болған жайттардың барлығы көз алдынан лезде өтіп шыққан секілді. Қабір. Адамдар. Әйел даусы. Бәдишә. Темір. Балам. Қайтты. «Демек, Темір менің балам ба? Менің балам қайтты ма? Мен өз балама құлпытас дайындадым ба? Мен жиырма жыл көрмеген, аңсап жүрген, сағынған баламның өзін емес, қабірін көрдім бе? Құдайым, мен саған не жаздым?» Төсек үстінде басын құшақтап, ыңылдап отырған аға жігітке қараған күзетші шал шошиын деді. «Мынау өзі делқұл емес пе? Басыма бәле тілеп алмаған шығармын, әйтеуір»
- Балам, саған не болды? Ауырып отырсың ба? Су берейін бе?
Қырықбай қартқа үндеместен шығып кетті. Қайда баратындығы мен не істейтіндігін білмеген күйі жүре берді. Тоқтаған сәтте ұлының қабірінің басында тұрғанын ғана байқады. «Әділов Темір Қырықбайұлы. Қырықбайұлы? Жөндетіпті. Менің атымды қойыпты. Қырықбайұлы. Темір. Балам. Әкеңе маңдайынды бір иіскетпей, кете барғанын қалай? Бейбақ әкеңе бір «әке» деген дауысыңды есітпей, кетіп қалдың ғой, балам. Маған қаншалық ашулы болсаң да, неге бетіме айтпадың? Үндемей кете барғанын қалай? «Сен оңбағансың. Сен ең жаман әкесің. Мен сені жек көремін» деп соңғы сөздермен жамандасаң да, көнетін едім ғой. Аузымды ашпай, аяғына жалбарынып кешірім сұрайтын едім ғой. Мені «әке» демесең де, мені көргін келмесе де, барлығына мына мойнымды салбыратып, иілетін едім ғой. Балам... Темірім, мен барлығына көнетін едім ғой. Темірім, анаңды тастап кеткенін қалай? Мені кешірім алу құқығынан айырып, мені бұл әлемдегі ең бейбақ, мүсәпір адам еткенін қалай? Балам! Темірім, қайтып оралшы. Қайтшы. Өтінемін. Жалынамын. Жалбарынамын. Құлын болайын. Балам...» Күзетші шал зарланған дауысты естіп, сыртқа шыққанда, бүгін ғана жерленген жас жігіт қабірінің қасынан маңағы кісіні байқады. «Кімі болды екен? Барсам ба? Жоқ. Бармай-ақ қояйын» Қырықбай қабір қасында қанша болғанын білмеді. Кеше ғана аяқтаған құлпытасын құшақтап, жаңа көмілген қабірді сипалай берді. Тек ішінен үһілеген дыбыс пен «Темірім» деген даусы ғана шығып отырды. Ертесіңе ерте оянып, сыртқа шыққан күзетші шал көрген көрініс жүрегіне қорқыныш сезімін тудырды. Қабір басында құлпытасты құшақтап отырған ер кісінің о дүниелік болып кеткенін әкі көз бірден байқады. Қырықбай қайтып кеткен-ді. Тек ол Бәдишәнің Темірге әкесі туралы барлық жақсыны ғана айтқанын, Темірдің үйлену тойына туған әкесін әкелу мақсатында көлікке мінгенін, жас жігіттің әкесіне деген махаббаты мен сағынышын, Бәдишәнің Қырықбайды баяғы да кешіргенін білмей кетті.