...Ерекше сезім күйіне елітіп кетіп, өлең жолдарын да жазып көруге тырысып көрдім. Бірақ... ақын емеспін ғой, оны өзім де жақсы білемін. Иә, саған ғашық талай жігіттер сен үшін парашютпен де секіріп жатыр, суретіңді де салып жатыр, әнді де шырқап сайрап жатыр, басқа да өнерлерін көрсетіп жүр. «Сен мен үшін не жасадың?» деп сұрасаң, рас, сен үшін әлі ештеңе де жасаған емеспін, талпынып та көрмегем. Тек қиялыма қанат бітіріп, көңіліме көндігіп жүрмін.
Астанадағы конкурсқа пьесамды жазып жүрмін. Болашақта киносценарийге де ден қойғым келеді. Рас, Алматыда мені ешкім күтіп отырған жоқ, болмаса жұрт менің шығармашылығыма мұқтаж емес. Ал мен көңілім қалаған, жүрегім таңдаған іспен шұғылданғым келеді. Ол да менің бақытымның бір бөлшегі емес пе!? Сен де өзің ішкі жан дүниең ұнататын іспен айналысып жүрсің. Актрисасың. Яғни, бұл – сенің өнерің. Бизнесмен де өнерді түсінбесе де, оның сәтті жасап жатқан бизнесі – өнер.
Бір нәрсе турасында айтқым келеді. Тек ренжімеші... Мен саған сондай қатты сүйсінемін. Ғашықтық сезім деп айтқым-ақ келмейді. Бәлкім, одан да жоғары, одан да керемет сезім деп айтсам, қателеспегенім болар... Сенің өнеріңе қызықпаймын, мені оныңмен баурай алмадың... Тәңір нәсіп қылған тәніңе де тәнті емеспін. Сұлулықты тәннен бөлек нәрселерден де көре аламын... Сенің жаныңа, ішкі дүниеңе... Яғни менің-дағы сезімімді ояттың... Оятып қана қоймай, тербете де білдің...
Рас, көп нәрсені қалай алмаймын. Сенімен бірге отбасын құрсам... Бұл тек менің қиялымда ғана жүзеге аспақ. Сондықтан сен үшін... Саған арнап... Тек қана пьеса мен киносценарий жазу қолымнан келетін шығар. Жаратқан біледі. Ал жаратылған мен тек сенемін...
Тым ашық киінбеші дей алмаймын... Ақылың мен білімің барда адаспассың... Саған толығымен сенім артамын... Жылы киініп жүрші... Күз де жетті. Тек өзіңе салқын тигізіп алмағын... Ауырып қалсаң, жаныңда бола алмаймын... Кешкі алтыдан кейін тамақтанбайтын болсаң, ол саясатыңа да көнемін... Семіріп кетемін деп қорқатын болсаң, кешкі алтыға дейін жақсылап тамақтанып алғын... Нан жемеймін дейсің. Мен болсам нанды да шәймен ішіп, жей беремін. Тамақты да таңдамаймын. Жұрт та «қарны шыққандардан» қашықтықта жүреді. Спортпен де шұғылданады екенсің. Оның да дұрыс! Мен де Алматыға жетіп жатсам, Алла жеткізсе, спортпен шұғылданғым келеді. Қарнымды құрта алмаспын, алайда спортпен айналыса аламын. Көзіңді де сақта... Көп оқимын деп, көп қараймын деп құртып алмағын... Құртып алған күннің өзінде көз жанарыңды ешкім де жұлып алмайтын шығар... Мен оған да көнемін, бірақ көздеріңді қимаймын... Тамырыңда қаның аз болса, бүкіл қанымды саған құйдыртуға дайынмын...
Ертең күйеуге тиіп жатсаң... Дегенмен, жақсы адамға қосылуыңды тілеймін! Дегенмен, жақсы адамның да кейде мінезі тыныштық бермей жатады. Сен одан ажырасаң да, мен саған қосылуға дайынмын... Мейлің, араларыңда он шақты, жиырма шақты бала дүниеге келсе де... Болмаса, «шалың» сенен бұрын аттанып жатса, тірі болсам, бәрібір де қосылуға дайынмын... Мейлің, сенен ұрпақ көрмей өтсем де... Сірә, сенімен бірге бір шаңырақ астында тұрсам да... Бұл – әдемі сөздер жүйесі емес. Бұл – әдемі өмір!
Сондықтан сенің жұмысыңа төзетін, сен жұмыстан үйге оралмайтын күндерде де, мейлің, айларда да балаларды бағатын, олардың тамағын беріп баптайтын күйеуге шығуыңды қалаймын. Мейлің, ол жақсы да болуы мүмкін, жаман да болуы мүмкін... Мен болсам төзбес едім... Төзбес едім!.. Төзу деген не сөз!? Сенің жаның қалайтын ісіңе мен қалайша шыдамдылық танытуым керек?! Қалайша?.. Мен болсам қуанушы едім... Иә, мен сен үшін қуануым керек... Әйел адамның да қуанышы сол емес пе!? Күйеуі қуанышына одан да асыра қуанса, ал қайғы-мұңына одан да бетер қайғырса... Сол емес пе әйелдің бақыты?.. Бір жыл емес, он жылға шет елге кетсең де, балаларды бағып-қағушы едім...
Тек сен жүрегің қалаған істі соңына шейін жеткізбей жарты жолдан қол сілтеп тастай көрме!.. Рас, өнер мәңгілік болғанымен, сенің ғұмырың мәңгілік емес. Бұл өнер де бір күні сені өзінен ажыратады, алыстатады... Тек сен өз бақытыңнан, жүрегің, жаның қалаған нәрселерден ажырап алыстай көрме!..
Алла жеткізсе, Ақан Сатаевпен де танысып, достасқым келеді. Саған айтқан ақылым емес... Өзім де игі жақсылардың ақылына мұқтажбын. Жұрт ақылына мұқтаждығым жоқ. Жұрт сөзіне ере көрме! Жұрт не ұнатып айтады, не жақтырмай айтады. Одан басқа олардың берер бағасы жоқ. Шабыт толқынын жұрт атаулыдан ала көрме! Жұрт ішінде кітап оқығандары болса да, сауаттылары болса да, басқалары болса да, жақсы жайсаңдары болса да, олардың пікіріне кұлақ асып, шығарар шешімдеріне, үкімдеріне жүгініп, олардан жақсылық көрсең де, үміт артып, сенім білдіріп жүрме! Өзіңмен-өзің бол! Әрдайым! Жұртсыз-ақ та сүйікті ісіңмен шұғылдана аласың, өміріңді сүре аласың...
Бәлкім, бәз біреулер үшін бұл нәрсем жәй ғана қиялдан шыққан дүние болар... Бәлкім, айтуға оңай дер... Дегенмен, Әлияшжан, бұл сөздерім ешқандай да қиял емес! Жүректен шыққан сөздер ешқандай бояу-сояуды, әдемі ұйқас, ғайыптан пайда болған тіркестерді қажет етпейді!..
Жүректен шыққан сөздерімді тек сенің ғана жүрегіңе жетуін тілеймін! Күлімдеп жүрші!.. Күлімдеп жүрші, Әлияш!.. Күлімдеп!..