ҰБТ күндері жақындаған сайын мектеп бітіруші түлектердің қобалжып жүргені анық. Бірі сынақтан қалай өтемін деп басы қатып жүрсе, бірі таңдаған мамандығының болашағына алаңдап жүр. Біздің елімізде кей маман иелеріне сұраныс аз болса, кей мамандық иелері ауадай қажет болып жатады. Ал әлемде біз біле бермейтін мамандық иелері бар екен. Солар туралы аз - кем мәлімет:
Доп жинаушы. Гольф ойыны аяқталысымен гольф доптарын жинақтайтын маман.
Сиырға арналған педикюр шебері. Тұяқтары нашар күйде, күтімсіз болса, сиырлардың көңіл-күйі болмайды да, сүт беруі де азайып кетеді екен. Еуропа және Америкада элиталы фермаларда осы мақсаттағы арнайы бөлімнің арнайы мамандары болады.
Жиһаздарды сынаушы. Бұл кәсіп иелеріне ірі дизайн орталықтары мен жиһаз фабрикалары жүгінеді. Олар үстелдер мен сөрелерді тексермесе де, орындықтарды, креслолар мен кереуеттерді міндетті түрде тексеріп көреді.
Пингвиндерді аударушы. Пингвиндер жақын қашықтықта ұшып бара жатқан тікұшақтарға басын көтеріп қараған кезде шалқасынан құлап қалады екен. Құлаған пингвиндер өздігінен тұра алмайды, тіпті аударыла да алмайды. Сондықтан тікұшақтар ұшып өткеннен кейін оларға арнайы маман көмекке келеді. Әйтпесе, олар о дүниелік болып кетуі мүмкін.
Қолтық иіскеуші. Бұл мамандар терге қарсы әр түрлі бүріккіштер мен дезодоранттар өндіретін компанияларда жұмыс жасайды. Олар сынама үшін шақырылған топтың қолтық астына себілген сынақ өнімдерін иіскеу арқылы олардың иісінің күні бойына қалай өзгеретінін анықтайды.
Миды суырып алушы. Қорықпаңыз. Бұл мамандар мал сою орталықтарында жұмыс істейді. Олар бассүйектегі миды ұқыпты алып, мейрамханаларға еш кем-кетіксіз жеткізуге жұмыстанады.
Бұдан басқа да құмырсқа сұрыптаушы, қыртыстарды жазушы, көпшіктерді түзеуші, кезекке тұрушы, әжетханаға жол көрсетуші сынды күлкілі де қызық мамандықтар жетіп артылады. Қандай мамандықты таңдасаңыз да, жүрек қалауына бағынғаныңыз жөн. Сонда ғана өз мамандығыңыздың хас шебері болып шығуға мүмкіндігіңіз жоғары. Іске сәт!