Күле білмейтін адамды...
блог
Қандай кітапты қолыма алып оқысам да, әйтеуір ішінен титімдей болса да өзімді көріп тұрамын. Кейде айталмай жүрген ойымды сол кітаптың жолдарынан табамын. Ашық жарамды тұзбен сепкендей күйде болып, сандалып кеткен сан ойымды бір мезетте жинап аламын. Бұл қалай? Оны мен де білмеймін. Тек ойларды тізбектеп жаза беремін. Кезекті шығарма Ғабит Мүсірепов жазушының «Ұлпан» романы.
«Әйел тұрмай, еркек оянбайды»
қазақ мәтелі
*Жаяу қалған адам несімен адам?.. Несімен қазақ?..
*Осындай өжет жастарды Есеней қатты ұнататын еді. Жиырмаға келмеген бала жігіттің сөзінде нәр де, зәр де бар екен. Осылай өсірермін деп үміт еткен екі ұлы қара шешектен бір күнде қайтыс болғалы, осындай уытты жасқа қызыға қарап қалушы еді.
*Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар деген бар ғой.
*Қазақ соғыстарында жаралану көп те, өлім аз болады. Садақ оғы көбінесе алыстан атылады да әлсіз тиеді, әлсіз жаралайды.
*Бірақ, хандық деген өмірлік тіршілік бола алмайды.
*Ұлпанды көздерімен ғана жанап өтті. Қыз балаға одан артық көңіл аудару ерсілік болатын.
*Құдыққа құлан құласа, құрбақа құлағында ойнар.
*Жаугершіліктен, ұрлықтан қолға түскен адамдарды әуелі көгендеп алып қорлау – қорлаудың да ауыр түрі. Бұл кезде қалып бара жатқан ескілік. «Көгенге түсіп қайтқан жігітте қадір-қасиет қалмайды».
*Әр жерден келген ит, ит болмайды.
*Есенейге екі нәрсе өтпейді: оқ өтпейді, сөз өтпейді.
*Бұл жақсы көрудің бір таза түрі. Екеуі де білетін, біріне-бірі айтпайтын, өмір бойына үнсіз кетер түрі. Үлкендік те, кішілік те бөгет емес, басқа бөгесін де жоқ.
*Айтты – болды. Басың болса ие бер, тізең болса бүге бер...
*Ақбоз үйдің қасынан аттандырып,
Қош-есен бол дегенің естен кетпес.
*Қыз дегеннің мұндай қиын екенін кім білген.
*Бұл үлкен адамның кішірейгені ме, кішкене адамның үлкейгені ме?
*-Мен әуелі бай болмас едім, - деді Мүсіреп. – Байлық деген немене өзі. Азап! Бай адам күні-түні, қысы-жазы малын ойлайды да, өзі малға ұқсап кетеді.
*Күле білмейтін адамды күлімдей жүретін ету үлкен еңбектердің бірі болу керек.
*Бұл балалық шақтарында ойналмай қалған ойындары еді. Балалық шақтарында күлінбей қалған күлкілері еді. Қазір сол ойналмай қалған бала шақтың ойыны мен күлкісі бір сәтте жарқ етіп жарып шығып, бір-ақ бұрқ етті. Бойда қала берген қайғы шердей, жинала берген кектей, ойналмай қалған ойын-күлкі де сәті келіп қалса жарылып шықпай қоймайды екен.
*Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді емес пе...
*Екеуінің көңілінде де бір у сарқыны қалғанын екеуі де сезінеді, бірақ ондайды қайта қозғап, бірінің жүрегіне бірі запыран зәрін қайта құятын жандар бұлар емес.
*Ойында бір өн бойын өртеп кететін толқыныс бар. Ол – пісіп жеткен әйел мұңы – бала. Ұл бала!
*Қазақ дәстүрінше, шариғат бойынша баласыз әйел өз үйіне өзі ие деп саналмайды.
*Қазақ әйелі еркектен жүзін жасырып паранжі киген емес. Келіншек болып түскенде әуелі шымылдық ішінде отыратыны рас.
*Дүниедегі ең қысқа әңгіме Индия топырағында туыпты.
*Әкелі бала қандай, мен қандаймын? Мен неге әкеден ерте айрылдым, апа?
*Мүгедек әке жалғыз перзентін тым болмаса бір рет қолына алып маңдайынан иіскей алған емес, тым болмаса бір рет шашынан сипай алған емес. Мұндай да азап бола береді екен-ау!..
*Жақыныңды жаттай сыйла, жат көңілінен түңілсін!