“Күлдіршінді өлтіру” (“Убить пересмешника”), Харпер Ли. Рецензия

«Күлдіршінді өлтіру» — американдық жазушы Харпер Лидің 1960 жылы жарық көрген бестселлер-романы. Осы кітабы үшін ол 1961 жылы Пулитцер сыйлығын алды. Оның бұл жетістігі қара нәсілділердің құқықтары үшін күрестің маңызды кезеңі болды.

Америка Құрама Штаттары, Ұлы Депрессия жылдары. Майкомб провинциясының шағын қаласында заңгер Аттикус Финч екі баласын - ұлы Джим мен қызы Жан Луизаны жалғыз тәрбиелейді. Әңгіме осы кішкентай қыз Жан Луизаның әлемге көзқарасы бойынша баяндалады. Жан Луиза өз жасындағы барлық балалар секілді әкесіне көп сұрақтар қояды. Кейде оның «неге?» деген сұрағы оқырманды да қызықтырып, терең ойға батырады.

Бастапқыда бұл роман балалар туралы, олардың өсіп-өнуі, тұлға болып қалыптасуы, өмірдің оларға берер сабағы, одан үйренетіні туралы ғана айтылған секілді. Бірақ кітапқа тереңірек үңілген сайын оның тек балалар мен отбасы туралы ғана емес екенін түсінесіз.  Бұл жалпы өмір туралы, жақсылық пен жамандық, шындық пен өтірік, әділдік пен әділетсіздік жайлы роман. Бұл ақ нәсілді қызға зорлық көрсетті деп айыпталған қара нәсілді жігіттің сотының оқиғасы туралы.  Бірақ бұның бәрінен бұрын, бұл Американың оңтүстігіне тән ксенофобия, нәсілшілдік, төзімсіздік пен екіжүзділік біртіндеп өткенге сіңіп бара жатқан бетбұрыс оқиғасы. Американы «өзгеріс желі» соқты. Ол не әкеледі? Бұнымен романды оқи отырып таныс боласыз.

Кітап неліктен «Күлдіршінді өлтіру» деп аталады? 

Шығарма атауының жан-жақты түсіндірмесін кітаптың өзінен табуға болады, кейіпкердің әкесі балаларға адам үйлерінің қасында ұя салатын кішкентай сенгіш құс - күлдіршін туралы айтып береді. Бұл құс зиянсыз және әлсіз, сондықтан оны ренжіту - күнә. Сол сияқты, адамды жасамаған әрекеті үшін айыптау немесе ештеңеге кінәлі емес балаларға шабуыл жасау да - күнә.

Сонымен қатар, бұл кітап балаларды қалай дұрыс тәрбиелеу керектігін үйретеді. Әрбір ата-ана баласын Аттикус секілді ұрыспай, айқайламай, мәжбүрлемей тәрбиелей алмайды.  Ол балаларының ішкі жан дүниесін түсінеді, оларға теңдей қарайды, ең бастысы, олардың қандай болу керектігін, жақсылық пен жамандықты өз тәжірибесінде үйретеді.

Кітаптағы күрделі тақырыптар қарапайым және жеңіл тілде жазылған. Әрине, себебі бұл кішентай қыздың ойлары, көзқарасы емес пе.  Сондықтан да болар, көпшілік бұл романды балаларға арналған деп ойлайды.  Бірақ мен бұл кітапты тек жасөспірімдерге ғана емес, ересектерге де оқуға кеңес берер едім. Роман төзімділікке, мейірімділікке және пікірдің объективтілігіне үйретеді. Кітапты оқып отырып көп нәрсені ой иелегінен өткізесіз.

 



Бөлісу: