Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй... (байқау)
блог
Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдың ұрпағы, Ырғызбайдың шөбересі, Өскенбайдың немересі, Құнанбайдың Ұлжанынан төртеудің екіншісі болып дүние есігін ашқан, қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы ақыны, бір сөзбен айтқанда ұлы философ әрі композитор Абай Құнанбаев әнге де жақын болған. Тіпті, Абайдың әнші шәкірттері болған деседі. Абай әндерін нақышына келтіре орындап, халыққа таратты.
Қазақ ауылында ән менен өлең қашан да қатар жүрген. Абай ауылында да солай болды десем қателескенім емес. Себебі Абайдың репертуарындағы әндердің қарасы көп және әрбір әнінің сазы ерекше. Мысалыға алсақ: "Желсіз түнде жарық ай", "Қараңғы түнде тау қалғып", "Көзімнің қарасы", "Сегіз аяқ", "Өзгеге көңілім тоярсың", "Айттым сәлем Қаламқас", "Қор болды жаным", "Бойы бұлғаң", т.б. және орыстың белді ақындары Пушкин, Лермонтов, Крыловтың үздік туындыларын қазақшаға аударып, оларға ән жазған.
Абай табиғаттың әсем де көркем сырлары мен қырларын, ондағы болып жатқан түрлі құбылыстарды махаббатпен байланыстырып, әдемі әуенді сазға қосты. Бір ғана "Желсіз түнде жарық ай" атты әнімен-ақ түнгі табиғаттың барлық сырларын аша білген. Бұл әнді 1888 жылы Абай Ақшоқыға қарап тұрып айтқан екен. Ақшоқы Абай жырының бесігі. Бұл өлең 1909 жылы кітапқа басылған. Жарық айдың сәулесі суға түсіп, дірілдеп тұрған жанды бейнесі, терең сайды қуалап, тасқындап ағып жатқан өзен, қалың ағаштың сыбырласқан жасыл жапырақтары, жер жүзін құлпыртып тұрған көкорай шалғын – табиғаттың сан алуан суретін көз алдыңа елестетесің.
Абай - тек ән шығарушы ғана емес, ән-күйдің әділ сыншысы да бола білген. Ол ән-күй жөнінде көптеген терең ойлар мен үлгілі пікірлер қалдырған. Мысалы: "Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй..." немесе: "Жүрек тербеп оятар баста миды". Ән-күйдің сана-сезімге, көңілге әсер ететінін айта келіп, "Салған ән көлеңкесі сол көңілдің", - десе, екінші бір жерінде:
"Ұйықтап жатқан көңілді ән оятар,
Оның тәтті оранған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар",
- дейді.
Абай дарынды композитор, әділ сыншы бола білді. Нотадан хабары болмаса да музыка әлеміне айтарлықтай жаңалықтар алып келді.
Абайдың әндері мен әншілік қыры әлі де зерттеуді қажет етеді. Себебі, зерттей берсек, зейінімізге түйіп аларлық көп нәрсе бары сөзсіз.