Белгілі Орын-Мекені Жоқ... Яғни БОМЖ: жалынсыз жанар. Қаңғыбас ғұмыр. Күресінде күнелту. Ажалын жылу тұрбасынан табатындар. Көз алдыңызға кім елестеді? Ия, ия, өзіміз күнделікті қоқыс маңынан көріп, көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен тіршілік иелері (адамдар деп айтуға аузым бармай отыр). Қоғамның қотырына айналған қаңғыбастар да өзін «адамбыз» деп есептейді. Өз мұңы, өз базынасы бар. Өкпелейді. Балағаттайды. Қарғайды. Қалалықтардың қалдығынан нәпақасын айырып, жүргіншілерге жалтаңдап тапқан тиынына арақ алып ішетін өздерін емес, әрине. Өкпелерін өмірге артып, баспанасы барларды балағаттайды. Қаңғыбас еткен қоғамды қарғайды.
Жылдың қай мезгілі, қандай күні болмасын, есік алдына шығып, қолындағы түк жазылмаған қағазын бетіне көлегейлей ұстап тұратын кейуананы көріп, таңырқайтынмын. Кейуана дейтіндей аса кәрі де емес, жүрісі ширақ, сөзі дұрыс. Заты орыс болса да, қазақшаға судай. Бірақ қылығы... Күнделікті ішіп- жемнен артылған қалдық-қоқысымды төгуге шықтым. Әдеттегідей қолында бір жапырақ қағазы бар Маринаны байқадым. Қоқыс жәшігінің ішін қопарып, астың қалдықтарын жинап жүр. Маринаның қаланың ортасында өз пәтері бар. Жағдайы жаман емес, дегенмен оны қоқыстан қалдық теруге не итермеледі? Ашық сөйлесуге ынта білдіре қоймады ол. Психикалық жағынан дімкәстігі сезіліп тұрды. «Құдай аясын..» дедім ішімнен. Бірақ құдай ғана емес, өзімнің де аяп кеткенімді қалай жасырайын?! Өзіне тым назар аударып кеткендігімді аңғарды ма, бетіме бажырайып бір қарады. Болды... Кейінгі тірлігі менін қоқыс пакетімді ақтару еді...
.. Соңғы уақытта Марина үшін деп бір бөлек нан мен айранды арнайы алып шығатын болып жүрмін.. Аяушылық па, әлде... Құдай аясын...