Наурыз – 12 айдың ішіндегі ең сүйікті айым. Себебі, бұл айдың әрбір аптасы мерекегі, көңілді күндерге толы. Наурыз айы мен үшін жаңару айы. Бұл ай мерекеге дайындықпен басталып, мерекелерді кең көлемде атап өтумен бітеді.
Бүгін наурыздың 15-жұлдызы. Айдың ортасы. Мен үшін ерекше күн. Себебі, бұл күні мені дүниеге әкелген аяулы жанның дүниеге келген күні. Апам-марқұм, «Сендердің шешелерің дүниеге келгенде аулада өрік гүлдеп тұрған» деп айтатын. Иә, менің анам дүниеге келген кезде күн ашық, ағаштар бүршік атып, гүлдеген екен.
Көп жандар менің ата-анам туралы сұрай бастағанда, олардың мамандығын, немен айналысатындарын білгісі келіп тұрады. Әрине, сұрақтарды жауапсыз қалдырмайсың. Бірақ, менің мамамның мамандығын сұрағанда, мен «Мамамның мамандығы - Мама» деп жауап қайтарамын. Кейбір жандар бұл сөзді түсінбей жатады. Түсінбесе, түсіндіруге тырыспаймын. Өйткені, менің мамам ол –МАМА. Ол - жолдасы, бала-шаға, қайын жұртының жағдайын жасап отырған жан. Ол – шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған жан. Ол – ыстық пен суыққа төзген, ауыр мен жеңілді көрген, дауыл мен аптапқа көнген жан. Оның рухы биік, мінезі тура. Бойы мейірім мен жылулыққа толы. Оның жүзі жайнап, жаны жадырайды. Ол – нағыз мама.
Бәзбіреулер «Сен кешке үйіңе келгенде дайын тамаққа келесің» деп мін тауып, айыптап, соны дәу әңгіме қылып айтып жатады. Иә, мен дайын асқа келемін. Себебі, менің анам бізге барлық жағдайды жасайды. Өзгелердің өз уақытында қазаны қайнап, самаурынынан түтін шықпаса, оған мені айыптаудың еш қажеті жоқ. Бұған кім не десе, о десін, маған бәрібір.
Бір досым «Ертең тұрмысқа шықсаң, жолдасың үйде отыр десе, қайтер едің?» деп сыни сұрағын қойды. «Көнер едім» деп жауап бердім. Иә, мен көнер едім. Себебі, маған бұл жағдай таңсық емес. Менің де мамам кезінде мансап қумай, өз ғұмырын мына бізге арнауды жөн санады. Мен сол үшін ата-анама шексіз ризамын. Егер де, менің анам әкемнің шартына көнбесе, бәлкім, мен де біреуге «сен дайын асқа келесің» деп айып тағар ма едім?!
«Қыз бала шешесіне қарап бой түзейді» дейді. Иә, мен бесігімнен анам қарап, бой түзедім. Сол аяулы жан сияқты мен де ертең «нағыз мама» болғым келеді.
Өткен жылдың наурыз айы, біз үшін, уайымға толы ай болды. Алғашқы күннен бастап әулетіміз қара жамылды. Содан кейін есімізді жия бастағанда, менің мамам ауруханаға түсіп, дәл өз туған күнінде пышақ астында жатты. Өмір мен өлім арасында болып қайтты. Өткен жылдың бұл күні көңіл мұңға, көз жасқа толы болды. Мамам есін жинаған соң «Мен бүгін қайта өмірге келдім» деді.
Содан кейін мен қазір үй маңынан жедел жәрдем көрсем үрейленемін. Өткен жылы жедел жәрдемнің мамамды алып кеткен сәті көз алдым келеді. Аулаға жедел жәрдемнің кіріп келе жатқанын көрсем, бірден үйге қарай асығатын болдым.
Адам баласы қай жаста болмасын, анасына жақын болады. Анадан артық ешкім жоқ. Ананың орнын ешкім баса да алмайды.
Төртінші сыныпта оқитын кезім. Көктем мерекесі қарсаңында ана туралы шығарма жаздық. Менің шығармам үздік деп танылып, мерекелік іс-шарада күллі жұртшылық алдында оқылды. Ағила апайым шығармамды оқып жатып, аяғындағы «Құдай анадан баланы, баладан ананы айырмасын!» деп бітетін сөйлемді оқыған сәтте, отырған жұртшылық ауыр күрсініп, кейбіреулері жас алып та үлгерді. Сол шығармамда мен «Өскенде әнші болғым келеді. Сазгерлермен жұмыс істеп, олармен бірлесе отырып, ана туралы ән жазғым келеді» деп жазыппын. 11-жастағы кезім, балалық ойым ғой. Білмеймін, бәлкім, сол кезде өз болашағыма болжам жасаған шығармын. Жақында белгілі сазгер әнге қосу мақсатында менен ана туралы өлең жазып беруімді сұрады.
«Құдай анадан баланы, баладан ананы айырмасын!»