Арман деген не?
Арман — адамның санасында қалыптасқан қиял-ғажайып ой. Армандауға ешкім шек қоя алмайды және армандау зиянды емес. Армандаудың арқасында адам алдына ойсарлы мақсат қояды. Мақсатсыз адамның болашағы бұлыңғыр. Мақсатты қоя білумен қатар, талпынып, қажырлы еңбектің арқасында ойлаған ойыңа жету қажет. Бұл бір белес. Өмір баспалдығының бір асуы.
Жазғы демалыста Массагет.кз порталы оқушыларға арнап "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауын ұйымдастырған болатын. Бес жетекші өз топтарыңа оқушыларды қабылдады. Жетекшілердің әр біреуі өз мамандығының майталманы, ақылды да парасатты жандар. Бақытыма орай, мен Қарлыға Бүйенбайды таңдадым және оған еш өкінбейбін. Тек қана қыздардан құрылған "Томирис" тобының мүшесі болдым. Қыздар Қазақстанның түкпір-түкпірінен екен. Тез тіл табысып кеттік. Ойымыз бір жерден шығып, бір үйдің балаларындай бауыр басып қалдық. Өз басым осы топтың мүшесі болғаныма дән ризамын. Топтың жетекшісі Қарлыға Бүйенбай туған әпкемдей жақын болып кетті. Білгенін үйретіп, көмектесіп, бағыт-бағдар беріп тобымыздың ұйытқысы болды.
Осы жазғы демалысымды ерекше өткіздім. Армандаған ойыма жету үшін нақты мақсат қойдым. Мақсатыма жету үшін көп тер төгіп, еңбектендім. Менің арманымның орындалуына үлес қосқан ата-анама алғысым шексіз. Әкем көлік жүргізуді үйретсе, анам қазақ қызына тән көрпе тігу, сүт тағамдарын әзірлеуді, төте жазуды үйретті.
Әр апта сайын біздің ұпайларымызды есептеп, әділ шешім қабылдаған Өмірбек Сансызбайға ерекше алғысымды білдіремін. Өмірбек ағаның бұл байқауда сіңірген еңбегі зор. Әр қатысушының ұпайын есептеп, жалпы рейтинг шығару оңай шаруа емес. Бұл кез келген адамның қолынан келе беретін іс емес.
Сабаққа бір апта қалғанда байқау аяқталды. 1 қыркүйек қорытынды шығатын болды. Осы күнді асыға күттім. Білім күні мектепке барып келіп, жүрегім алып-ұшып үйге жеттім. Сүйікті порталымды ашып қарасам, әлі шыққан жоқ екен. Достарым білім күнін атап өтейік деп дәмханаға шақырды. Құрбы-құрдастарымен серуендеп жүріп, уақытымның қалай тез өткенін байқамай қалдым. Құрбымның үйіне барып, Массагетті ашсам, қорытынды әлі шыққан жоқ. Сабырсызданып, ашулана бастадым. Кешке үйге келдім. Массагетті ашсам, қорытынды әлі жоқ. Уатцапта "Мәңгілік біргеміз" тобымдағы достарым да асыға күтіп отыр екен. Бәріміз де сабырсызданып кеттік. Зелим (Зелимхан Жолдасов) айтады: "Немене Мемлекеттік гранттың қорытындысын күтіп отырғандай. Айтты ғой кешірек шығады",-деп өзінше бізді сабырға шақырып қойды. Мейлі деп, кешкі асымды ішуге ас бөлмеге кеттім. Шамамен 10-15 минуттан кейін телефоныма қарасам, Гүлекеден (Гүлдәрі Құрманбек) пропущенный тұр. Уатцапқа кірсем, бәрі қорытынды шықты деп қуаныштары қойындарына сыймай мәз-мейрам. Мен де тағатсыздана күткен байқау қорытындысын ашып, апыл-ғұпыл оқи бастадым. Рейтинг бойынша бесінші екенімді көріп қуандым. Сыйлықтарымды көріп, одан сайын қуанып, ата-анамды тамақ ішіп отырған жерінен тұрғызып, оларға да көрсеттім. Сондағы менің түрімді көрсеңіздер қой. Қанат бітіп ұшуға даяр құстай аспанда қалықтап жүрдім.
Сыйлықты ұттым. Ал енді оны қалай аламын? Алматыда туған-туыс деген атымен жоқ. Өзім барып алуға оқу басталып кетті. Ата-анам жібермес еді. Олар да жұмыста. Қайттым? Қарлыға әпкемен сөйлестім, поштамен алуға болады екен. Оған сәті түспей жүрді. Түрлі себептермен сыйлығымды ала алмай жүрдім. Достарымның көбі алып, өз қуаныштарымен бөлісіп жатыр. Мен болсам, мына жақта жүрмін жеңіп алған сыйлығымды алмай. Бұйырғаны болар, менің анамның құрбысы Шымкентке баратын болды. Сыйлықтарымды Балжан есімді әпкем алатын болды. Балжан анамның құрбысының қызы. Балжан әпкем сыйлығымды алып, Шымкентке кетті. Менің сыйлығым Шымкентте болды. Шымкенттен анамның құрбысы қызынан яғни Балжаннан алып, кеше ғана пойыздан түсіп үйге келді. Ол кісінің өзінен гөрі сыйлығымды күтіп жүрдім. Асыға күткен сыйлығым да келді. Қуаныштан бал-бұл жайнап, Қарлыға әпкеме хабарласып, алғысымды айттым. Ата-анам да маған жылы лебіздерін айтып жатыр. Қуанышым қойныма сыймай, сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Байқауды ұйымдастырушылар, әр топтың жетекшілері, Массагет.кз қазақ ойын сауық порталының журналистері сіздерге алғысым шексіз! Сіздерге тек шығармашылық табыс тілеймін! Жұлдыз ФМ радиосына алғысымды білдіре отырып, осы радионың тұрақты тыңдарманы екенімді айтқым келеді.
Армандар орындалады. Тек оған сену керек!