Ассалаумағалейкум, бауырлар!
Сөзімді бастамас бұрын, баршаңызға алғысымды білдіремін. Менің әр жазбама пікір қалдырып, ақ тілектерін жолдаған әрбіріңізге Алланың нұры жаусын дегім келеді.
Менің шығармашылық жолыммен қатар, ұстаздық қызмет атқаратынымды біреу білсе, біреу білмейтін болар. Мен Ж.Елебеков атындағы эстарада-цирк колледжінде ұстаз болып қызмет атқарамын. Жыл сайын алдымызға еліміздің түкпір-түкпірінен небір талантты жас қыз-жігіттер келеді. "Бұлақ көрсең, көзін аш" дегендей, әрқайсысының қабілетін кеңінен ашуға, оны ары қарай шыңдауға бар үлесімізді қосып жатамыз. Аллаға шүкір, шәкірттеріміз ұстаздарының сенімдерін ақтап, үлкен биіктерден көрінуде. Соның бірі 1 курс студенті Ахметбаева Айдана. Айдана таяуда ғана Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қор тағайындаған шәкіртақыға лайық деп танылды. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Алда да мұндай қуанышқа әрбір талантты жас кенеледі деген ойдамын.Ал шәкіртақының тағайындаған абзал осы қордың президенты, Мұқағали Мақатаевтың келіні Бақытгүл Қыдырбайқызы әпкеміз. Әрдайым өзінің аналық ақылын айтып, әпкелік жолын көрсететін Бақытгүл жеңгеміз бен Мұқағали атамыздың ұлы Жұлдыз ағамыз кеше біздің колледжде қонақта болды. 1 курс студенттері ұйымдастырған "Құдыретті жырдың құндағында" атты ән-жыр кеші тамаша деңгейде өтті. Бұл кештің өтуіне ат салысқан әрбір балаға, оқу ордасының басшылығы мен бұқаралық ақпарат құралдарына рахмет айтамын.
Осындай қуанышты хабармен бөлісе отырып, барлықтарыңызға әрдайым керемет көңіл-күйде болыңыздар деймін!
Ізгі ниетпен, Нұрлан Албан