Қуаныш Шонбайдың кітабын 5 000 теңгеге сатып алмаңыз...

Қуаныш Шонбайдың кітабын 5 000 теңгеге сатып алмаңыз...
жеке
блог

«Бұл кітап кімдерге арналған?» атты І тараудағы «Өкініш. Ұят. Банкрот» бөліміндегі автордың алғы сөзін алға тартамын: «Адамдардың көпшілігі осы кітапқа қатысты «Қуаныш, білгенін, оқығанын аударып жаза салды» деген ойда қалуы мүмкін. Ондай сынға дайынмын». Ендеше, автор дайын болыңыз!

Куаныш Шонбай «Екінші болма!» кітабын асыға күттім. Қашан аламын деп тағатсыз сағат санадым. Ақыры бүгін қолым жетіп, кеңселеріне барып алып қайттым. Meirbek Zhumabekov мырзаның қарсы алып жылы амандасқаны, кітапты «мә» деп бере салмай, берген ақшамның салмағы бар екенін түсініп, арнайы конвертке орап, атымды жазып, оған қоса автордың қолтаңбасымен және алғысымен берілген парақты алып бірақ шықтым. Ресторатор тек мейрамхандағы клиентпен емес, барлық адаммен жұмыс жасауды командасына жақсылап тұрып үйреткен секілді. 
Кітапты ала салып, үйге келдім де оқиын деп отыр ем көңілім тартпады. Жиналдым да Абылайхан-Қабанбай көшесіндегі «Rumi» мейрамханасына тарттым. Автор жазған кітапты, автор ашқан ғимараттың ішінде сезініп оқиын дедім. Сонымен...

Бұл кітапты 5 000 теңгеге сатып алмаңыз... 

Кәсіпкер қандай кітап жазуы мүмкін деп бастап едім, тілі жатық, түсінікті. Сөйтсем, автордың «Алаш айнасына» мақалалары шыққан екен. Қуаныш Шонбай – кәсіпкер, ресторатор, тілші, экономист, жазушы... қысқасы универсал адам болып шықты.

Кітап тілге жеңіл, ойға қонымды, бір-бірімен байланысып жатқан сюжетке құрылған сериалдың сценарийі секілді жазылған. Автордың басынан өткен қиындықтарынан бастап, өмірден алған сабағы, жеңіске жеткен кездегі әсері, тәжірибесі бәрі бүге-шігесіне дейін қатарға тұрған сарбаздай сайланып жазылған. 

Бірден айтайын, кітап тек кәсіпкер үшін емес. Кітап өзін таппай жүрген, алдына арман не мақсат қоя алмайтын жандарға да арналған. Кітапты бір деммен оқып шығасыз. Үзе де алмайсыз. Себебі жібермейді. 

«Екінші болма» дегенді тек бірінші болуға тырыс, елден қалма деген түсінік екен деп түйіп келсем, мүлде олай емес. Бұл кітап өзіңмен күресуге арналған еңбек. Нәпсіңмен алысу. Сен өзіңді жеңген күні ғана «бірінші» боласың, оған дейін екінші болып қала бересің. Міне, кітап нені меңзеп тұр?! Үлкен бір философия болмаса да, соның ұшқыны бар. 

Әр тарау өзінше сөйлейді. Автор осы уақытқа дейін 600-ден астам кітап оқығанын алға тартады және оның шындыққа жанасатын әңгіме екенін түрлі мысалдар арқылы беріп отырады. Оқыған әр авторынан үзінді беріп, айтқан ойларын оқырманға жеткізеді. 

Ең кереметі – кітаптың тұңғыш қазақ тілінде жазылған кәсіпке және шабытқа шақыратын еңбек болуында. Тек бұл ғана емес, кітап ішіне қарап отырып, оның қазіргі заманауи кодтарға негізделе отырып, QR код арқылы өзге автордың еңбегімен танысуға жол сілтейтін сілтемені де көресіз. Еуропаның идеологиясын, түріктің, орыстың тағы да басқа ұлттың мәдениетін бойына сіңіріп, оны қазақы менталитетке идіре отырып, салыстырмалы түрде жазылған еңбектің ішінен өзіңізді міндетті түрде көресіз. Сасық көкірек, жалқау екеніңізді байқайсыз. Ал, байқап отырып оның жолдарын қалай шешуге болатын жауаптарға тап боласыз. Ендеше автор оқырманға ой салып, сол тұрған жеріне тастап кеткен жоқ. Қайта қай бағытқа жүру керектігіне және не керек екенін айқындап алуға болатын жолдарды сілтейді. 

Кітапты оқып отырып Мұхтар Мағауин туралы жазған жолдарын көріп, хадистерден мысал келтірген тұстарын аңғарып, Абайдың әр сөзін мысалға ала отырып жеткізген мысалдарынан автордың шынымен кітап оқудың қандай пайда әкелетінін көруге болады. Егер шынымен кітап оқуға мотивация емес, шабыт таппай жүрген болсаңыз, «Күміс кітапты» емес осы кітапты оқыңыз.

Бұл Қуаныш Шонбайдың тағы бір қыры екен. Таныдық. Білдік. Тез сөйлейтін жаман әдеті болса да, асықпай толғанып жазып, оқырманға тез ықпал ететін еңбек тудырғанын айта кету керек. 

Кітап ұзақ жылдар бойы жасалған зерттеудің арқасында келгенін көруге болады. Халықтың бойындағы жаман және жақсы қасиеттерді бақылай отырып, шешу жолдарын да ұсынады. Кітаптың соңында өзі оқыған кітаптардың тізімі мен көрген фильм, сериалдарының қатары бар. Әрі тараушалардың да соңында тақырыпқа байланысты тізімдер көрсетілген. Бір сөзбен айтқан кезде кітап оқып шығып сөреге қойып қоятын еңбек ретінде емес, адам үшін күнде пайдаланып отыруға керек әдіснамалық құрал ретінде жазылған.

– Кітап үлкен 7 тараудан және 53 тараушалардан тұрады;
– Бет саны – 263; 
– Кітапты толық оқып шығуға кететін уақыт: 4 немесе 4 жарым сағат. 
– Графикалық және түрлі суреттермен безендірілген;

Бұл менің бірінші рецензиям. Кітапқа жалпы шолу. «Екінші болма!» кітабы туралы 3 рецензия жазамын деп шештім: 

1. Кіріспе: кітаппен танысу ( қазір ғана оқыдыңыз)
2. Жалпы кітап не туралы? (жақында оқисыз)
3. Автор не айтқысы келді: жалпы түсінік ( жақында оқисыз)

Ал енді тақырыпқа оралайын. Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма!» кітабын 5 000 теңгеге сатып алмаңыз. Себебі ұялып қаласыз. Неге? Ішінде 8 жылдық еңбектің, 600 кітаптың пайдасы, құлап қайта тұрған, миында миллиард ақша табуға ұмтылған автордың жемісі жатыр. Бес мың теңгеге сатып алған кітап сізге елу жыл азық болатын алтынның картасын көрсетеді. 

(с) Марғұлан Ақан 
#ЕкіншіБолмаКітап