«Кітап — білім бұлағы,білім — өмір шырағы!» – дегендей кітап қай ғасырда болмасын білім мен тәрбиенің құралы болған. Кітап арқылы адам рухани байып, сауатын ашады. Сөздік қорымызды көбейтіп, әдемі сөйлеуге үйретеді.
Ал сол кітапті қалай дұрыс әрі пайдалы оқуға болады?
1.Күнде оқыңыз.
Әр күн кітап оқуға кем дегенде 1 сағат арнаңыз. Бірақ, кітапты дәл ұйықтар алдында оқуға кеңес бермес едім. Себебі, күні бойы шаршаған миға кешке кітап оқу қиынға соғады. Оқыған кітабыңыз дұрыс есіңізде қалмауы мүмкін.
2.Мұқият оқыңыз
«Дұрыс оқу» «тез оқу» дегенді білдірмейді. Керісінше, кітаптардың пайдасы «оқылған бет санына емес, түсінгеннің көлеміне байланысты». Ештеңені түсінбей өтіп кеткенше, қиын немесе даулы үзіндіні қайталап оқыған дұрыс. Бейтаныс сөздер мен терминдердің мағынасын білуге де тырысыңыз. Яғни, контекстке көп назар аударыңыз.
3.Маңызды жерлерін түртіп отыру
Кітаптан қажетті ойларды немесе оқу барысында туындайтын өз ойларыңызды жазып алу мүмкіндігі оқудың тиімділігін айтарлықтай арттырады. Осы жазбаларды пайдалана отырып, сіз кітаптың негізгі ойларын жадыңызда оңай сақтап, есіңізге түсіре аласыз. Оларды кітап қолыңызда болмаған кезде де пайдалана аласыз.
4.Әрқашан кітап ізденісінде болыңыз
Ия, қазіргі заманда кітап көп. Бірақ,бұл кітаптардың көпшілігі сізге пайдасыз болуы мүмкін. Сол үшін, оқуға арналған әдебиетті таңдауда жауапкершілікпен қарау керек. Сізді қызықтыратын жанрдағы кітаптарды үнемі іздеп, оған байланысты «оқылатын» кітаптар тізімін жазып жүрген абзал. Бір сөзбен айтқанда, оқу процесін жоспарлаңыз.
5.Әртүрлі кітаптарды оқыңыз
Кейде, бір тақырыптағы бірнеше кітапты қатарынан оқып, бір-бірімен салыстырып, мәселеге әр қырынан қарау өте пайдалы. Бірақ, сіз бір нәрсеге көп тоқталмауыңыз да керек. Мысалы, өзін-өзі дамытуға арналған кітаптардан кейін, ғылыми фантастика, содан соң әдеби шығармалар оқу деген сияқты, жан-жақты болыңыз. Яғни менің айтқым келгені, бір кітапты «пайда үшін», ал екіншісі – көркем әдебиетті ләззат алу үшін оқып көріңіз.
6.Оқығандарыңыз бойынша қорытынды жасаңыз
Соңғы бетті оқып болған соң, оқығандарыңыз туралы өз ойларыңызды тұжырымдап, өзіңіз үшін кейбір қорытындылар жасағаныңыз дұрыс болар еді. Нені түсіндіңіз, немен келісесіз/келіспейсіз, нені қолдануға болады. Ал, бұл ой жүйелеуге көп септігін сигізетіні сөзсіз. Сөз соңын Абай Құнанбайұлының мына бір керемет сөздермен аяқтағым келеді:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Гүлжан Кенжебек