Оқушы кезімізде, «екінші үйіміз – мектеп» дейтін біздер, студент болғанда оның тек мектеп қана емес, университет, тіпті, асхана, кітапхана, мұражай, театр болып кеткенін өзіміз байқамай қаламыз. Әсіресе, шығармашылық немесе әдеби салада оқитындар бұл үйлерде тек университет қабырғасында жүргенде ғана емес, мәңгілік тұрақтаса керек. Соның ішінде ең керегесі кең үй – кітапхана. Лихачев «кітапхана – ғылым жұмағы» депті. Есігінен кіргеннен, жаңа оқиғалармен, әлемнің жаңа қырларына кез болатын бұл үйдің баспалдағына кітап оқитындар қаншалықты көп барады? Басым көпшілігі – студенттер ме? Міне, осындай сауалдар жиі мазалап, кітапхана қызметшілерінен сұрағанымда: «Иә, басым көпшілігі – студенттер. Бірақ, олардың басым көпшілігі мұғалім берген тапсырмамен өз қалауынсыз келетін секілді. Кітапты алып, партаның бетінде ұйықтап жатқандарды жиі көресің. Ұрысайын десең жаның ашиды» дейді. Ол – рас секілді. Мәселен, мен жеке ізденіп барсам, аптасына 1 рет, кейде 2 аптада 1-ақ рет барамын. Ал, оқытушы берген тапсырма болса, күнде болса да оның маңын амалсыз жағалап жүремін. Сабағым кеш біткеннен кейін, кітапхана 7-де жабылса да, кептелісті желеу етіп, үйге асығамын Ал, ерте біткен күндері «ілім отанына» қарай жол тартатыным рас. Әлгіндей, оқытушы тапсырма берген күндері сабақтың ауыр күні иығыма асылып, парта бетінде отырып немесе соның ішіндегі мамық орындықтарда (диван-кресло) жатыңқырап, алған кітабымды бетіме басып ұйықтап қалатын кезім де жиі болып тұрады. Бір уақытта барлық жағдайды өткеретін студенттер кезеңі – сынды сәттер ғой, шіркін?! Ал, сіздерге менің оқиғам таңсық емес пе?! Таныс болса, бөлісе отырыңыз!