Кітап оқудың маңызы


   Журналистика факультетінде оқимын. Болашақ мамандығым, игеріп жүрген салам телевизия, теледидар сияқты ұғымдармен тікелей байланысты. Бірақ түсінемін: адам теледидардың ықпалында болмауы керек. Өйткені ол - ақпаратты ұғындырудың, санаға жеткізудің, түсіндірудің, көңіл көтерудің ең оңтайлы жолы. Бірақ оның бір үлкен кемшілігі бар: телевизия адамның қиялын өлтіреді.

    Неге біздің оқыған кітаптарымыз бен сол кітапқа негізделіп түсірілген экранизациялар санамызға әртүрлі әсер етеді? Неге Бондарчуктың "Соғыс пен бейбітшілігі" дәуірлік туынды бола тұра, Кеңес Одағынан "Оскар" алған туынды бола тұра, Лев Толстойдың "Соғыс пен бейбітшілігі" жеткен ұлы деңгейге жете алмады? Неге Габриель Гарсиа Маркестің "Жүз жылдық жалғыздығы" ғажап роман бола тұра, ол бойынша түсірілген бірде-бір фильм көңілімізден шықпайды? Ең қарапайым мысал - Маргарет Митчеллдің "Жел айдағандары" мен оның экрандық нұсқасы бізге әртүрлі әсер етеді? Неге кітап ылғи да тереңірек, әсері күштірек, бізге берген мағынасы құндырақ болып тұрады? Өйткені кітап оқығанда сіздің қиялыңыз жұмыс істейді, дамиды. Шығармашылық потенциалыңыз өседі. Ал телевизия, кино - дайын картина. Режиссер сіз үшін қиялдап, бәрін көз алдыңызға тізіп береді. Еш қиналмайсыз. Оның ләззаты, руxани қанағаты аздау болатыны содан. Сондықтан қиялымыз ұшқыр, біліміміз терең, санамыз жоғары дәрежеде болуы үшін кітапты көптеп оқу керек.



Бөлісу: