Кітап оқу: сән бе? (қазіргі таңдағы сұранысқа ие авторлар немесе қазақ тілді кітаптардың қазіргі жай-күйі)
блог
Қазіргі таңда, кітап оқу сәнге айналды ма? Әлде, әркім өзінің жанының қалауымен оқи ма? Қандай кітаптар немесе авторларға сұраныс көп? Осы сұрақтардың жауабын кітап дүкенінде жұмыс жасай жүріп, табуға тырыстым.
Үш күнге жуық уақыт жақын маңдағы кітап дүкенінде журналистік зерттеу жүргізу мақсатында жұмыс істедім.
Кітап сатып алу үшін дүкенге келгендер, әрдайым тек орыс тіліне аударылған әлем әдебиетін аралап кетеді. Қысқа мәлемет оқи жүріп, қызық дегендерін сатып алады. Қазақ тіліндегі кітаптарды көріп тұрса да, олар тұрған сөреге бас сұғатындар саны аз. Олардың бағасы орыс тіліндегі кітаптарға қарағанда арзанырақ. Дегенмен, оларға сұраныс әлдеқайда төмен. Неге дейсіз ғой?!
Біріншіден, қазақ тіліндегі кітаптардың мұқабасы тым қарапайым. Ерекше бір сәндеу, әдемі дизайн өте аз. Бүгінгі күні көптеген оқырман, кітапты мұқабасына қарап бағалайды.
Екіншіден, бізде аударма ісі жақсы дамымаған. Керемет шетелдік туындыны қазақ тілінде оқығыңыз келсе, аударма арқылы, кітаптың сәні мен мәні кетіп қалғанын түсінесіз.
Үшіншіден, қазақ кітаптары түсінуге тым ауыр келеді. Әдемі туынды шығуы үшін, оны әдеби стильде жазу керек болады. Әдеби тілді көп оқырман түсіне бермейді.
Төртіншіден, қазақ оқырмандарына қарағанда, орыс оқырманы аудиториясы ауқымдырақ келеді.
Бұл негізінен, әлем әдебиетіне қатысты болатын. Қазақ жазушыларының туындыларының кереметтігіне дауым жоқ. Оларды түсіне білсең ғана, кітапты қызықты ете аласың.
Ендеше, жоғары сұранысқа ие авторларды талқылап көрелік.
-Эльчин Сафарли. Талғамы жоғары шығыс жазушысы. Туындылары жан-дүниеңізді баурап, бірден өзіне тартып алады. Өз басым бұл автордың 4 кітабын оқып шықтым.
-Джоджо Мойес. Жазған дүниесіне сендіріп, сезіндіре алады.
-Сара Джио. Нәзік, әрі түрлі-түсті бояулар арқылы жазатын жазушылардың бірі. Жазғанын бірден жүрекке жеткізе алады.
-Рэй Бредбери. Бұл жазушының кереметтілігін оның "Вино из одуванчиков" романын оқыған соң түсінесіз.
-Сисилия Ахерн. Романдағы оқиғаға бірден елітіп әкетеді.
Көріп тұрғаныңыздай, бұлардың арасында классиктер мүлдем жоқ. Мұнда тек романдар мен бестселлерлер жазатын заманауи, жаңа ғасыр жазушылары. Олардың туындылары жеңіл, әрі түсінуге оңай.
М.Әуезов, М.Шаханов, Ф.Достоевский, А.Чехов, М.Лермонтов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов т.б. туындылары түсінуге ауыр келгенімен, өмірдің шынайы беттерін парақтауға көмегін тигізеді. Тіл байлығын арттырып, әдеби сөйлеуге, талғампаз болуға көмектеседі. Тек сапалы жазылған дүниені іздегендер ғана олардың кітаптарын қолдарына алады.
Ал, сіз қандай туындылар мен авторларды сүйіп оқисыз? Бөлісе кетіңіз...