Адамның қиялын шексіз сапарға аттандырып, жүрегін парағындағы сөздермен елжіретіп, бақыттан қайғыға дейінгі түрлі эмоцияларды сыйлай алатын зат- ол кітап. Ақылыңа ақы сұрамайтын бұл қазынаның маңыздылығын бірі түсінсе, екіншісі түсінбес. Адам ойының азығы, жан тыныштығы бола алатын кітаптың моральді әрі физикалық түрде әкелетін пайдасы көп.
Мамандардың айтуынша, кітап оқу эмпатия, мейірімділік секілді сезімдерді дамытып қана қоймай, адамды депрессия және ұйқысыздық секілді психологиялық аурулардан арылтады.
Бұны Social Science & Medicine журналында жарияланған зерттеу барысы да растай алады. Зерттеу мәліметтері бойынша, ұйықтар алдында кітап оқу мидың жұмыс істеуін және еске сақтау қабілетімізді арттырып, ұйқымыздың сапасын да жақсартады десті. Сондықтан да, смартфондарымызға телмірмей, миымызды тынықтыру үшін күніне 5 минут болсын кітап оқуға арнасақ, денсаулығымызға үлкен пайда тигіземіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің үндеулерінде кітаппен дос болу керектігін ескере кеткен еді: "Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз."
Өскелең ұрпақты кітапты оқу, сүю дағдысына баули отыра, біз саналы ұрпақ жібін жалғастырамыз. Кітап-қайнар білім теңізі болса, кітапхана-ұлттың жады.
Ауданымыздың орталық кітапханасының оқырманы ретінде, сіздерге де кітапхана табалдырығын жиірек аттауды ұсынамын. Жас ерекшелігіне қарамастан, әр адам ол жерден жанына жақын кітабын таба алады.
Сөзімнің соңын жазушы Михаил Шолоховтың қанатты сөзімен аяқтағым келеді: "Білімге құмартып, кітапты бүкіл жан дүниеңмен сүй. Ол сенің ең жақсы досың ғана емес, өміріңнің ақырына дейін сенімді серігің."
Сенімді серігімізден айырылмайық, құрметті оқырман!
Қосымша материалдар: Мақалада қолданылған сурет "Ақмешіт апталығы" сайтынан алынған.