Кітап эстафетасы

Қазір бәрі интернетке телмірген заманда, кітап оқуға жалпы халықтың, оның ішінде жастардың қызығушылығын арттырам ба деген үлкен үмітпен, біраздан ішімде жүрген ойымды көпшіліктің қолдауымен іске асырсам ба деген ниетім бар. Менің ойым интернетте тез таралып кететін суға түсу, қымыз ішу, т.б.  флешмобтарға қарағанда көбірек пайдалырақ деген пікірдемін. Қысқасы, бір-бірімізге кітап оқу эстафетасын ұсынамыз.

Жалпы қазіргі жастар ғана демеймін, көпшілігімізде керек дүниемді интернеттен оқып аламын деген пікір қалыптасқан.  Сол оқитынымыз жұлдыздардың ішкен-кигені, қайда демалғаны тағы басқа бір-ақ күнде ұмытылып қалатын керексіз ақпаратпен миымызды толтырудамыз.  Фонаграммамен ән салып , сахнаға әдемілігін көрсету үшін шығатын әншілеріміздің өмірі неге соншалықты қызықтыратынын білмеймін, теледидардағы бағдарламар да оларсыз өтпейтін болды. Біраз жыл бұрын ғана ақын-жазушыларымызды, қайраткер-зиялыларымызды шақыратын бағдарламар болып тұрушы еді. Қазір кез-келген сұхбат түріндегі бағдарламаларымызда кеше ғана сахнаға шыққан әншілеріміз отырады ақылын айтып... Қазақстанда қандай көзі тірі ақын-жазушыларымыз барын да ұмыта бастадық тіпті.

Ақын-жазушыларымыз жазбай кетті деп сынап қоямыз арасында. Олардың кітабын сатып алып оқымасақ 500 тиражбен шығатын кітапты кім жазғысы келеді көз майын тауысып. Сұраныс жоқ болса жазушыларымыз да бірдеңе жазуға қолы бармайды. Мен ойлаймын қазіргі ақын-жазушыларымыздың небір құнды, халыққа жеткізгісі келген идеялары іштерінде тұншығып өліп жатқан шығар. «Тыңдалмаса сөз жетім» деген, сол секілді оқылмаса кітіп жетім болып қалмай ма.

Сөздің қысқасы мен кітап оқу эстафетасын сізге тапсырдым. Менің соңғы оқып, бітірген кітаптарым  М. Мағауин "Қыпшақ аруы", Оралхан Бөкей "Кербұғы".



Бөлісу: