Кірпігіңе үміт ілдіріп

     Қайран жастық... Жасындай жарқ етіп, жұлдыздай жылт етіп, жақсы мен жаманды жыға танытпастан жалт бересің-ау! Көңілдерін сезімнің оты қарыған, жүректерін жастықтың жалыны шарпыған он сегіз бен жиырманы еріксіз еске алғызатының былай тұрсын, қызығы көп, қиқуы мол өткен күндерге жалтаң-жалтаң қаратып, өмір-мұхиттың арғы жағасында орын тепкен ордалы ортаға амалсыз аяқ бастырады екенсің. Көнсең де, көнбесең де, бес күндік деп айдар таққан алдамшы мына жалғанда тәлейіңе жазылған ақиқат – осы. Мың жерден өзегің өртеніп, ішің күйіп тұрса да, өз қолыңнан келер дәрмен жоқ. Хал-қадірің жеткенше жастығыңды қайтарып алуға қам қылып бағасың. Бірақ, амал нешік?!

     Бойыңда жастықтың алауы шалалана бастаған қайсы бір сәттерде өміріңнің титімдей де қызығы қалмағандай, көз көрмес, құлақ естімес, аяқ жетпес айдалаға безіп кеткің келеді екен. Енді бірде “екі ауылдың арасын қиқулатқан жиырма бес, бұғалықсыз асауды – құр-құрлатқан жиырма бес”(Базар жырау) деген сағынышпен уақыт атты құдіреттің қаталдығына лағнет айтқың келеді. Көзі жайнап, желігі бойында ойнап, көңілі қыз-қыз қайнап кетіп бара жатқан жастық атаулыға қимай көз салғанмен не пайда? Оралмайды. Қайырылмайды. Осындай мұңлы мезеттерде жаныңа жұбаныш болар, жабыққан жүрекке басу айтар әлдекімді іздейді екенсің.

     Әлбетте, “жастықтың берген оғымен жауыңды атып, отымен жалындатып” жүргенге не жетсін? Айдынында бейқам жүзген аққудай, өз биігінде армансыз самғаған қырандай болған күндер бітпес болар ма?! «Аулақтап жастық бағымнан, көзімнен бұлбұл ұшқаны-ай» – деп жастық шақтың “қырандай тиген кептерге қызғалдақ ғұмырдың” даңғылында алшаң басқан кездеріңді еріксіз аңсайсың. Сөйтіп тұрып бір тәубә, бір өкініш, бір үміт араласқан дүдәмал оймен өмір-мұхиттың беймәлім терең тұсына күмп бересің...

     Жас күнде жасаған жасампаз тірлігіңді ендігі сәтте мың сан мәрте құмарта бір қайырғың келгенімен қайталай алмасың хақ. Өйткені жастықтың заңы осындай. Сосын “жастықта жазып кеткен жырыңды оқып, таңданып та, алданып отырғаның”.

     Уақыт – өмір өлшемі. Өмір – жастықтың ауыздық тимеген адуынды асауымен дүние-керуеннен қалмау үшін тиген еншіміз. Ақ-қараны айыра білмеген шақта әлгі асаудың жалынан тартып мініп, шауып жүріп сан дүркін сүрінеміз, құлаймыз, жылаймыз. Өкси жүріп өмірдің не екенін түбі бір түсінеміз-ау, әйтеуір.

     Әгәреки, адамзаттың бүкіл ғұмырына сырттан көз салсақ, онда жастық шақты көктемге балауға болар. Көктемде еккенімізге орай күзде жемісін көреміз. Кімнің жемісі қандай боларын әркімнің санасы сезер. Ақырында «Жастық – өлең, жігіттер, жастық – өмір, қалғанының барлығы оттау екен» деп сағымдай боп бұлдыр тартқан жастық шақ ауылынан ат ұзатамыз. Көңілге кірбің ұяласа да, кірпікке үміт ілдіріп, қайнап жатқан өмір базарына бас сұғамыз...



Бөлісу: