Кірпігім айқаспайды......
блог
Кірпігім айқаспайды,
Көздерім жұмылмайды.
Көңілім тебіреніп
Телмірген ұғынды айды.
Түн іші қаламымды
Сезіммен сиқырлатып,
Оң жақтан құлағыма
Періштем сыбырлайды.
Періштем сыбырлайды
Сөзімді оюлаймын.
Өзгесін ұмытамын,
Сұйылып қою қайғым.
Жұлдыздар жақұттанып,
Ай, әсте, алтынданған,
Ақ түндер силап кеткен
Өлеңге тойынбаймын.
Өлеңге тойынбаймын,
Түндерден шабыттанам.
Жыр қылып ағытамын
Түймемді ағытпаған.
Кешемін өлең-ғұмыр,
Бір өліп тірілемін,
Кебінім – қойын дәптер,
Қаламым – табыт маған.
Қаламым – табыт маған,
Бойында бағар сыр бар.
Ей, жұртым, жырымды оқы,
Жанымнан хабаршымды ал!
Шабытты түнді құшып,
Ақ таңға жетпей қалсам,
Ескірмес елесімді
Өлеңнен табарсыңдар!
Өлеңнен табарсыңдар
Жасырған шындығымды,
Шумақтар астарында
Шимайлы сыр бүгулі.
Боздаған боп-боз таңдар,
Мезгілсіз жетіп келіп,
Бұзбасын тынышымды,
Түрмесін түндігімді.
Түрмесін түндігімді,
Тарқайын, бір күпті едім,
Мазасыз түндерімнен
Маңғаздау жыр күткенім.
Періште сыбдырларын
Қағазға ойқастамай,
Әй, шіркін, айқаспайды-ау
Ұйқышыл кірпіктерім.
Кірпігім айқаспайды....