Кірпі "шешен" атағын қалай алды?

   Кешегі әйелінің сөзі хан Сүлеймен пайғамбарды қатты жүдетті. Он сегіз мың ғаламды билеу Сүлейменге сөз болып па? Ертелі-кеш алтын таққа арқасын сүйеп, ойлы жанарымен алысты шолған кең дүниенің қисапсыз кеңістігі мұның алдында алақандай аян. Осынау алақандай әлемді жұдырықтай қысып ұстауға үлкен күш қажет-ақ. Ол күш әрине-ақыл. Онсыз он сегіз мың ғаламның басын бір өзінің алдына иілдіру мүмкін емес. Мұны ол біледі.

   Күнде ақыл сұрап, бұл кеңес беріп жататын керуеннің ұзын ырғасының қатары сейілмейтін қанаттылар мен тұяқтылардың қарасы мына бүгін көрінбей-ақ қойды. Кең кеудесі жүрегіне тарлық етіп жатыр ма, ауық-ауық ауыр күрсініп, еңсесі түсіп, мазасы болмай отыр. Анадай жердегі ашық тұрған терезенің аржағына өтіп, көкірегін кере терең тыныстағысы келеді. Бірақ бұл ойын есікті әлде кімнің батылсыздау қаққан дыбысы бөліп жіберді. Бұл кім деп те, кір деп те тіл қатпады. Ешкіммен сөйлесуге зауқы жоқ патша төсекке қарай құлай кетті. Есік қайта қағылды. Патша өзінің үнсіз қалғанына намыстанып еріксіз қаһарлы үнімен әмір етті. Ол да көп кідірген жоқ. Іле-шала есік сығырая ашылып, аяғының ұшымен басып жылжыған аққу құс көрінді. Ала кеугім көлеңкемен көмкерілген патша сарайы лезде жарқырап сала берді. Тұс-тұсынан қаумалаған қалың ойы серпіліп, ой кеңістігіне ойда-жоқта кіріп келген аққудың әсем сұлулығы оны бейжай қалдырмады. Оның өзіне үміт артып келген тілегін бұл тіс жарғызбай-ақ іштей салған жерден ұққан еді. Аққудың нәзік сұлулығын үнсіз аялаған патша қыбыр етпестен ажарына ұзақ көз тікті. Арадан үнсіз сынаптай сырғып аққан уақыт Сүлейменге белгісіз. Көркімен патшаның көңілін үнсіз жаулап алғанын ағаттық санап, оның алдынан уақыт созбай кетіп қалғысы келді.

-         Тақсыр, -деді ол сыбырлай.

 Патша әлсін басын шайқады. Оның мұнысының байыбына бармаған ол алдында артық аялдамай, кері қарай жылжып шығып кетті. Есік жабылғанша оның соңынан ұзақ көздерімен шығарып салды. Сарайдың соңғы шамын ақырын жабылған есік үзіп жіберді. Сарай ішін қара түнек қайта жаулап алды. Мазасыз патша әлгі аққудың көркем келбетін көзін тас жұмып, ойында ұзақ сақтап қалуға тырысып бақты. Патша көзін жұмған күйі орнынан ауыр көтеріліп, терезеге қарай беттеді.

-         Әміршім, -деді мұның ту сыртынан қапсыра құшақтап алған әйелі оны кеудесіне басып.

Әйелінің хабарсыз келгеніне бұл таңданбады. Оның бұл қылығы әлімсақтан белгілі.

-         Сүйіктім, -деді патша. Осы сенің он сегіз мың ғаламнан артықшылығың неде? Осы сұрағыма жауап бере қойшы.

-         Әйеліңмін.

-         Әрине, оныңа дауым жоқ. Бәрінің қырын біліп, сырын түсініп, мына ғаламды ақылыммен, айламмен табындырдым. Сегіз қырымның жұртқа құпия бір қыры саған ғана аян болса керек. Ендеше сол тамырымнан неге басуға асықпайсың?

-         Не айтпағыңызды шамалай алмадым, хан ием. Алдыңызда ақылымнан адасып қия басқан жерім жоқ. Бойыңыздағы салқын қанды сырқатыңызға сая болайын, сабыр етіңіз. Менің де бір көксеген арманым бар еді.

-         Бәсе, жанымнан айналшықтап шықпай қойғаның осы екен ғой! Бұл тағы не арман, көксегенің не?-деп Сүлеймен сұрақ үстіне сұрақ жаудыра түсті.

-         Адамның көңілі нені аңсамайды дейсіз. Енді неден тосыламыз, аянатын түгі де жоқ. Менің құстың мамығынан салынған хан сарайында билік еткім келеді.

-         Арманың қандай қатыгез еді?­-деді де патша тағына әрең жетіп, ауыр денесімен бос құлай кетті.

   Иә, әйеліне салса бүгін-ақ он сегіз мың ғаламды жинап алып, патшаның жаңа әмірін жалпақ дүниеге жария етпек. Әйелінің сөзінен шыға алмаған патша құстың мамығынан сарай салып беруі шарт. Оның өзгенің ақылымен санасуы қастандықпен пара-пар. Ендеше айтарын айтқан, кері қайтаруға жол жоқ. Енді бұл не істемекші? Байқұс құстардың обалынан қорыққан патша, ерсілі-қарсылы жүріп, өзімен-өзі кезіп кетті.

Сүлейменнің бүкіл ғаламым жиналсын деген әмірін дүниенің төрт тарапына түгел таратты. Әйтсе де ол белгілі бір байламға келген жоқ, уақыттың өзі шешер деген сенімі табан тіреп, түнімен түн ұйқысын төрт бөлді. Бұл амалсыз басын ізегенінде әйелінің бетіне қан жүгіріп, еркелей мойнына асыла кетіп, тәтті ұйқысына бата кетті. Бұл дөңбекшумен кірпік таңды тағатсыз күтті. Мұнша неге асыққанын өзі де түсінбей, әлек болды. Жүрегі әлденеден сезіктеніп отыр, жоқ шын мәнінде қорқып отыр.

-         Әміршім, -деді есіктен жартылай денесі көрінген хабаршы мойнын созып.

-         Еліңіз түгел жиналды, бірақ «әлгі бір...» деп, сөзінің аяғын жұта беріп еді, -сөйле, тосылма, -деді сабырлы үнімен.

-         Әлгі кірпіміз жоқ, мүмкін кешігіп жатқан болар.

-         Тезірек келсін, келер болса маған хабарын беріңдер, сазайынын берейін, -деді қаһарланып.

-         Әлгі құс атаулының бәрі осында болар, анау «иә» дегендей басын изеді де, кері бұрылып шыға кетті.

   Саяси сезімі оянбаған құстардың өміріне қиянат жасау, әрине бүкіл ғаламның тағдырына қиянат жасаумен бірдей. Өмірде біреу-біреуден ұлы емес, бәрі бірдей. Санадағы саяси ойынның салқындығынан бәрі де бейхабар. Бұл туралы ешкімге де тіс жармауы керек. Бірақ мұны еріксіз мәжбүрли бағыттап отырған әйелі еді ғой. Теңдік пен теңсіздіктің, әділет пен әділсіздіктің арасына меже тарту бүгіннен басталуға тиіс.

-         Әміршім, кешігіп ем, айып етпессіз-,деді кірпі маңғаздана.

-         Себебің қандай, дәлелің бар ма?

-         Тақсыр, дүниеде тір көп пе, өлі көп пе, әйел көп пе, еркек көп пе соны таң атқаннан қара кешке дейін зерттеп, зерделеп жүріп кешігіп едім.

-         Ал дәлелде, өлі көп пе, тірі көп пе екен?

-         Әрине, өлі көп екен, тақсыр.

-         Жоқ, тірі көп еді ғой, патшаның үні зарлы шықты.

-         Таң атқанша ұйықтап жатқан жанды өліге санап едім.

   Патша сабырлы қалпына қайта енді. Осындай ақыл ғана алдыңдағы қорғанышың, өмірдегі панаң болса керек.

-         Жә, әйел көп пе екен, еркек көп пе екен?

-         Әрине, әйел көп екен, тақсыр.

-         Жо-жоқ еркек көп. Қателесесің кірпі.

-         Кешіріңіз,әйелінің сөзін екі етпей орындайтын, батылдық қасиеті жоқ, ақылға бас ұрмайтын еркектерді әйел қатарына жатқызып едім.

   Патша артық тіл қатпай терең ойға шомыла кетті, бұл жауап күтті, патшаның пәрманын тосты.

-         Е, кірпі, шешен болса сендей-ақ болсын, шырмалған ойдың түйінін шешендігіңмен шеше білдің.

   Патша қайта ұзақ ойға кетті. 



Бөлісу: