«КІРМЕШІ ЖИІ ТҮСІМЕ...»

«КІРМЕШІ ЖИІ ТҮСІМЕ...»
жеке
блог

...Мен өмірде әншіні тек сырттай – концерт сахнасынан ғана көрдім. Ал жүзбе-жүз кездесуге тағдыр жазбапты. 2000 жылдың қараша айында «Қош енді, қош бол, күрең күз» деп күзбен де, бізбен де қоштасып, келмеске кетті...

Мәдинаның әндерін тыңдаған сайын, неғып екенін, үнемі оның репертуары жайлы ойлаймын... «Сағындым сағым жылдар» деп шырқаған әншінің сағым елесімен сырласып та алатын едім. Сонау бір жылдары анасы жайлы жазылған Роза Ақболатованың «Мәдина» атты орыс тілінде жарық көрген кітапты Әрсен қолтаңба жазып сыйлаған. Осынау кітапты оқып отырып, әнші жайлы естеліктерді жинап, қағазға түсіруге бекіндім. Қазақ тілінде! Біраз нәрсе жазылды да... «Жалғыз ұлының үйленгенін көргенде ғой, немересінің маңдайынан иіскегенде ғой тым болмаса...». Осылай ойлаған сайын құлағыма «Ризамын саған, тағдырым» деген Мәдинаның дауысы келеді. Көлік апаты орын алғанда басқа емес, өзінің орындауындағы тура осы «Ризамын саған, тағдырым» әні шырқалып жатты деседі...  Күллі қазақтың баласына «Тыңда, балам, ертегі» деп ән арнап, өз немерелерін көре алмаса да, тағдырына риза болып кеткен шығар... Сурттегі бейнелерінен ризашылықты көремін өйткені.

«Мәдина өте еңбекқор болатын...». Ол жайлы маған естелік айтқандардың барлығы осылай деді. Жалқаулық желкеме мінген сайын да Әрсеннің анасын еске алам. Ол «Әйел заты болған соң барлығы қолыңнан келуі керек, барлығын үйренуің керек», – деп тұратындай... Өйткені ол сұлулықты жақсы көрді, қолынан бәрі де келетін...

Роза Бағланованы еске алу кешіне Жанна (келіні) баламен үйде отырып, Әрсен жұмыста болғандықтан, Әлішер (немересі) екеуміз бірге бардық. Бар-жоғы 1-сыныптың оқушысы болса да, Әлішер үш сағатқа жуық созылған кешті зерікпей тыңдады. Өнерге жақындық қанында болғандықтан шығар... Ал мен Роза апамыздың дауысынан, түрінен Мәдинаны көргендеймін сол жолы. Әнші қартайғанда тура Роза апа сияқты болар ма еді... Кім білсін, бір жақтың ауасын жұтып, топырағында өсіп-өнгендер ғой...

«Есіңе мені алғайсың»... Ол шырқаған кезекті әннің бірі. «Жігіттердің» орындауындағы «Айқаракөзді» тыңдағанда Мәдинаны есіне алмайтын қазақ жоқ шығар-ау!

...Бүгін Оразаның 25-інші күні, күн – жұма әрі әншінің туған күні.  

мәдина