Кредит алуға байланысты жиған тәжірибем
блог
Сәлем, массагетім. Аман-есенсің бе?! Көп жылдан бері енді ғана кіріп отырмын. Сағындым! Блогымды қабыл ал)
1. Ешқашан көлік алу үшін кредит рәсімдемеу керек. Көлікті "асырау" - жөндеу, айыппұл, ЖКО, бензин деп жалғаса беретін шығындары, оған қоса несиенің ай сайынғы төлемі табысыңның көп бөлігін жеп қояды да, ары-бері қозғалысыңды, басқа да қажетіңді тыйып тастайды. Ал бензиннің ақшасын соғұрлым таксиге де жұмсап, кредитсіз өмір сүре беруге болады.
2. Кредит алғанда ай сайынғы төлемі аз болуы үшін көп жылға ала берген дұрыс. Себебі кез келген адам ай сайынғы төлемі аз болса, оны еселеп жауып, барынша пайызын азайта алатынын түсінеді. Мысалы кей банк ай сайынғы төлемнің үш айлық сомасынан асырса ғана ішінара жабуға рұқсат береді. Сондықтан, өзіме сенемін деп, босқа тыраштанып, аз жылға, ай сайынғы төлемін көбейтіп алу қате дер едім.
3. Ешқашан төлемді кешіктірмеу. Өзің келісіп, қол қойғаннан кейін міндеттемеңді орында. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін көзі ашыла кетіп, елдегі саяси жағдайды ойлап кететіндер бар. Бұл өзіңе ғана кедергі. Қазір ютубта коллекторлармен әңгіме-дүкен жүргізген заңгерлердің видеосы көп қаралатын болған. Бірақ бұл өз жағдайыңды қиындату.
4. Ай сайынғы төлемін оңай төлеуге болатын банкке жүгіну. Мысалы Сбербанк қосымшасы болса да, сол есепшотқа ақша аударып, ай сайынғы кредитті ұстап қалатын мүмкіндік жоқ. Я жұмыс күні бар шаруаңды тастап, бөлімшеге барасың (таксиге де ақша кетеді), я терминалдарға комиссиясын төлеп барып қана қарыз өтейсің. Оның орнына үйден отырып-ақ кредитті жаба беретін банкке жүгінген дұрыс. Бұл жағдайда Kaspi bank алда келеді.
5. Кредит алғанда әр банктің сall-орталығына хабарласып немесе сайтындағы калькулятор арқылы артық төлемді есептетіп алу керек. Көп жағдайда жұрт "банктің бәрі үкіметтікі ғой" деген оймен бәрінде шамамен бірдей пайыз деп ойлайды, сөйтіп, жылдық тиімді мөлшерлемесі ең көп банкке ұрынады.
6. Кредитті той үшін алмау керек. Мұны көлікпен бірге жаза салуға да болар еді. Бірақ менің бір түсінбейтінім, 300 адамды шақырып, тойдыру - той емес. Иә, көріспеген туыстарыңның басын қосу дұрыс-ақ, бірақ "ел не дейді" деген сылтаумен шашылудың жөні бөлек. Сонша дәстүршіл, салтшыл боп бара жатсаң, тарихқа үңіл, тарихта еш кредит болмаған, тойды кім жасай алса, сол жасаған, ол көбіне ауыл аймақтағы көрші-қолаң, жетім-жесірге қарасу, тамағын беру, ет асату еді. Бүгін дастарханыңа бөтен адам кіріп кетсе қуып шығатын той - той емес, жиналып өлгенше тамақ жеп, арақ ішіп, ақша шашу ғана.
7. Кредиттің майдасы да бар. Киімге, техникаға, смартфонға кредит алуды дұрыс деп санаймын. Өз басым киім мен техникаға бөліп төлеу, red сияқты бағдарламаларды қолданамын. Одан ұтпасам, ұтылмаймын. Көп ақша бірден шығармай, бір ай бойында қиналмай, сапалы затты дәл қазір алуға мүмкіндік бар. Ал смартфонға келгенде міндетті түрде жақсысын алуым керек. Себебі ол баяғы "телефон - сөйлесу құралы ғана" деген пайымды жойып жіберді. Қазір жұмысыңда жақсы смартфон ұстамасаң, көптен құр қаласың (әрине, таймменденджментті өлтірмей, дұрыс қолдансаң). Мысалы смартфоным сынды делік, бірақ бұл айға бюджет жоспарламағанмын. Бірақ смартфон жұмысқа керек, келіссөздер, жиналыстар... Сондықтан смартфонды кредитке алып, бөліп төлеуді дұрыс деп есептеймін.
8. Біреу үшін кредит алып бермеу керек. Ешқашан. Ең жақын адамың болса да кредит - сенің ғана жауапкершілігің. Ай сайын өзі төлей береді ғой деу - ең алдамшы ой. Көпке жақсы атанып, соңында өзім жауып тастаған кредитім бастан асады. Шындығым. Содан бері ақшаң болса, аямасаң - бер, бірақ кредит алып беруге болмайды. Тіпті біреу үшін гарант, кепіл болуға келгенде де көп ойлану керек, өзің бір жағдайға тап болып я өзің қарыз алғың келетін жағдайлар туса, оған тез арада жауып бер дей алмайсың.
9. Отбасында бір адамда ғана кредит болғаны жөн. Өмірде қандай жағдайлар боларын ешкім де білмейді. Үйінен, соңғы жиған-тергенінен осы кредит үшін айырылып қалғандарды білемін. Сол үшін кредитті бір адам алып, оны отбасы қосылып жапса, бұл өте дұрыс нәрсе екен. Бірақ мұнда мен сегізінше пунктке қайшы келіп отырған сияқтымын. Мұнда мәселе отбасылық, үйге қажет деген зат үшін кредит алу туралы болып отыр: теледидар, жиһаз, ремонт дегендей.
10. Қиын әрине, бірақ ең негізгі айтқым келгені - мүмкіндігінше кредитсіз өмір сүруге тырысу.
Cурет: Тұрар Қазанғапов