Бұл оқиға шамамен 2006 жылдары, ауылда болған.
Ағам, мен және інім огородтан есекпен қайтып келеміз.
Әңгіме деген бітсін бе, бір сөздің аяғы бір сөзді түртеді. Ананы айтып, мынаны айтып, ағын судан өтетін көпірге де келіп қалдық. Дауыс жететін жерде үйіміз тұр. Бұл ағын су Сырдариядан бастауын алып, дарияны жағалай қонған ауылдарды сумен қамтамасыз етіп, қайта дарияға құяды. Тереңдігі бойшаң адамның өзін кейде бойламайды. Біздің үйдің тұсынан салынған бұл КСРО-ның көпірі өте тар. Екі адам қатар жүрсе әзер сыяды. Өткенде бөлем айтып еді, «ең алғаш біздің ауылға келгенде осы көпірден еңбектеп өттім, құлап қалам ба деп қорықтым. Арғы бетке өткенім сол еді, үлкен великтің рамасының ішіне аяғын тығып алып айдаған бір құйтақандай қыз құйғытып келген күйі көпірден өтті де кетті. Өз-өзімнен масқара күй кештім. Қайта айналада ешкім жоқ еді» дейді.
Өзіміз үйреніп кеткендіктен бе, судың үстіне бес-алты метр биіктікте салынған көпірдің үстімен великтің алдына адам отырғызып айдап өтеміз, суға баспен де, сальто жасап та секіреміз.
Айтайын дегенім, есекпен келіп жеттік осы жерге. Есек көпірден өтуге қорқады. Ал судан мініп өткізу керек, онда малмандай су боласың. Осы жұрттың есегі зырылдап өтіп жатады көпірден. Енді кім мініп өткізеді судан? Ағам тұрды да:
- Көпірден өткізем, - деді. Қалай деп үлгермедік, футболкасын шешті де есектің көзін жабатындай етіп, басына кигізе салды. Мойын жібінен тартып еді, есек еріп жүре берді. Інім екеуміз мәзбіз. Ағам алдында, көзсіз есек артында аяғын аңдап басып, көпірдің үштен бірін жүріп өтті.
Көпір бетондардан біріктіріліп жасалынған, біріккен жерінде бір қарыстай тереңдікте жарықтары, тесіктері бар-тын. Тура сол тесікке есектің тұяғы кіріп кетсе бола ма. Есектің денесі діррр ете қалды, бойынан ток жүріп өткендей болды. Аяғын дереу тартып алды да тоқтап, артына қайтпақшы болып бұрыла бастады. Есектің бұрылғанына тар көпір қайдан сәйкес келсін. Ағам күшпен есектің басын өзіне тартып қалып еді, футболка сыпырылып түсіп қалды. Есектің көзі доп-домалақ болды. Көзінде дәәәәу қорқыныш бірден пайда болды. Жылдамырақ бұрылғаны сол еді, артқы екі аяғы көпірден сүрініп кетті.
Ағам жібінен тартып тұр, есектің артқы екі аяғы көпірде ілулі күйде далақтап, алдыңғы екі аяғымен көпірдің үстінде қарпып ұстар ештеңе таба алмай тыпырлап жатыр. Мен дәл жанында тұрмын. Қазір құлап өлем деген ойдың жетегіндегі есектің екі көзі жасаурап, доп-домалақ боп, қорқыныш тұнып тұр. Мен күлкіден жарылып жатырмын, көмектесуге шамам жоқ. Өйткені құласа да, астында су ағып жатыр, өлмек түгіл,адреналин болады.
Ақыры есек суға шалқасымен құлады. Өз көзіне өзі сенбей, шынымен-ақ тірімін бе дегендей жан-жағына алақтап қарады да арғы жағаға қарай жүзіп берді дейсің.
Алдынан күтіп алдық. Жағаға қуанып шықты да бррр етіп сілкінді. Су есекке қайтадан мінгіміз келмеді. Үйге жетектеп қайттық. Күлкіден үшеуміздің көзімізден жас ағып, қызарып кеткен, ішіміз түйіліп ауырып кетті. Ой қызық-ай!