Қою қызыл далап немесе алғашқы бояну
блог
Бала кезімізде алғаш опа-далаппен танысу да бір дәурен екен ғой. Анамнан тығылып, алғаш бетімді бояғаным есімде әлі күнге дейін қалып қойыпты. Анам қою қызыл далапты ұнататын. Қазір далап десе, есіме сол қою қызыл түстісі ғана сап ете түседі. Анам жұмыстан келгенде ешкімге байқатпай сөмкесін ақтарып, төңкеріп, заттарды қаз-қалпында қайтып орнына салып қоятынмын. Сондағы күнде көретінім – өзіме таныс заттар. Дәптер, қаламсап, опа-далап, әмиян, аздаған тиын-тебен. Ешқайсысына тиіспей, қалай алсам, солай салып қоям.
Анамның сөмкесінен анама ғана тән иіс мөңкіп тұратын. Анамның сөмкесі мен үшін анамның иісі сияқты еді. Бір күні қайдан есіме түскені белгісіз, сөмкені аударып-төңкеріп жатып, опа-далаппен боянғым келді...
Пештің түбінде отырып, басымды қылтитып ешкім келе жатқан жоқ па екен деп есік жаққа ұрлана қарадым. Жүрегім дүрсілдей бастады. Анам боянған жерімнен ұстап алса, біттім дей бер. "Опа-далап дегендер зиян! Қолыңды тигізуші болма!" деп әпкем де әлгінде ұрысқан.
Мейлің. Күл болмаса, бүл болсын. Тәуекел!
Сопақ айнаның алдына барып, алдымен бетіме айдақ-сайдақ етіп опа жақтым. Біртүрлі ағарып кеткен сияқтымын. Кейін далаппен ернімді қызарттым. Ммм, иісі де, дәмі де керемет екен!
Сопақ айнадан маған бала шақтан бойжеткен дәуренге аяқ басқысы келген бейтаныс қыз тесіле қарап тұрды.
Осылайша айнадағы "өзгерген" түріме сұқтана қарап, шамамен 5 минуттай тұрған шығармын.
... Енді бөлмеден шығып көр. Бет-аузымды сүртіп шығуым үшін шүберек керек. Шүберегім – жемпірдің жеңі. Бетімді ысқылап сүртіп, айнаға қарағыштадым. Опа кетсе де, далаптың кететін түрі жоқ. Далап жемпірдің жеңімен сүрткен сайын қызара түсе ме, қалай?! Жындана бастадым. Долыланып, жылап жібердім.
Мырс-мырс етіп жүріп, бәрібір бөлмеден шықпаққа бекідім.
Нысанам – дәліздің есігі. Бөлмеден шығып, дәліздің есігіне дейін жетсем болды. Әрі қарай далаға зып берем.
Осы оймен сықырлатып бөлменің есігін жаймен аштым. Еден де осындайда жанын қоярға жер таппай безілдеп кетеді. Есікті жауып, мысықша басып дәлізге қарай жүре бергенім сол еді, алдымнан анамның дәл өзі шықпасы бар ма?!
Дірілдеп, үлкен қылмыс жасағандай бір орнымда қатып қалыппын. Бетім қызыл қою далаптай қызарып, дуылдап кетті.
Анам бетіме қарады да, ештеңе демеді. Не үшін үнсіз қалғанын білмеймін. Сөйтіп, теріс айналып, күйбеңдеп өз тірліктерімен айналысып кетті...
Бірнеше жылдан соң анам бір күні менің бала кездегі қылықтарымды айтып отырып, сол кезде бетімдегі опа, далап, көз жасынан туған "бояулы" айғызға қарап күлкі қысқанын, күлкісін жасырмақ боп теріс айналғанын айтып берді.
Ал мен болсам, содан бері, мектеп бітіргенше, бояуға аса жоламаппын...
Сурет: happy-journal.com