Қойшыбек Мүбарак. "Махаббат"

Қойшыбек Мүбарак туралы ең бірінші рет газеттен оқыдық. «Болашақ» газеті еді. Оның әңгімесін оқи бастағанда-ақ аз-кем жатырқау пайда болады екен. Біртүрлі жатсынып, жаңа бір әлемге: сезім мен үрейдің шекарасындағы бір түсініксіз ойда адасасың. Кейде фантастикалық, ал кейде мистикалық, ал кейде тіпті мифтік желіге ауысып отыратын қайбір құбылысты алсаңыз да – ащы. Қайткенде де жазушының біз секілді өз оқырманы бар. Натуралистік ағымнан гөрі адреналин сыйлайтын сентиментал мистиканы құп көретіндерге өте бір қызық әңгімесін ұсынамыз. «Махаббат» деп аталады. Әңгіме не үшін бұлай аталды? Айтары не? Мұның барлығын өзіңіз іздеп табуыңыз керек, тек...

Махаббат

  Ол бұлақтың қарсы жағасында отырған өзін көрді. Қабағы түсіңкі, жүзінен жүрегінің жылап тұрғаны көрінеді. 
– Кел бері! 
Ол басын шайқады. 
– Мен барайын ба? 
Ол тағы басын шайқады. 
– Саған не болды, айтсаңшы? 
– Өзің ойлап тап! 
– Неге, екеуіміз бір адамбыз ғой. 
– Жоқ, мен сенен кеткенмін. Кеше Әсеммен еріп кеткем. Енді саған ешқашан келмек емеспін… 
– Тоқтат! Сен – менсің. Ешқашан бөлінбек емеспіз! Ондай былшылды тоқтат! Қайтып кел!

– Маған айқайлама, айқайлауға хақың жоқ. Сен менен айрылғансың. 
– Жоқ, олай болмайды, себебі мен сенен бұрын пайда болғанмын. Сен менен жаралғансың. Сол үшін әркез менің құзырымда боласың. Сені маған берген нағыз ақы ием өзіммен бірге қайтарып алғанша! 
Ол орынынан атып тұрып бұлақтан бір-ақ ырғыды да қасына жетіп келіп, бетінен жанып-жанып жіберді. 

– Ойлан, әрі өзің шеш, мен тек Әсеммен бірге қаламын, ал, сен өзің біл, қайда барарыңды. 
Оңбай тиген ауыр шапалақ есеңгіретіп жіберді. Ол сылбыр басып әріректе тұрған кішкене төмпешікке барды да батып кетті. 
Есеңгіреді де есіне келе бастады. 
– Жаным, менің не жазығым бар, бар кінәм – сені жанымнан артық көріп сүйгенім бе, бар жазығым – туған ата-анамды ит арқасы қиянға қалдырып, сенің етегіңнен ұстап осында келгенім бе, бар кінәм – бар асылымды саған арнауым ба, бар кінәм – сен үшін жанымды, Алламның маған берген ең асыл аманатын сен үшін қиғаным ба?!. 
Оның миы шыңылдап кетті. 
Қараңғы тас көше. Құшағында белуардан төмен жаншылып қан жоса болып жатқан Әсем. – Мені жалғыз жіберме, алып қалшы, әй, алып қала алмайсың-ау! Қалғанда қалай жүрем, менің аяғым жоқ қой. Менімен бірге жүрші!.. Ол жаққа аяқтың керегі жоқ… 
– Жаным, Әсемім менің, шыдашы, сәл шыдашы, сені ешқайда жібермеймін, өз қасымда алып қалам. Сен менімен біргесің, әрі бірге боласың… Шыдашы жаным, жедел жәрдем шақырып қойдым, қазір жетеді… аман қаласың. Алаңдамашы, жаным! 
– Жоқ, мен қала алмаймын. Мен кетіп барам, жүрші менімен бірге жүрші!.. 
Үздігіп барып үзіліп кетті. 
Иен көшенің басынан дабылын қосып, шырақтары жарқылдап жедел жәрдем көлігі де келіп жетті. Ішінен ақ халатты егде тартқан еркек шығып, жабдықтарын оның қасына қойды да Әсемнің тамырын ұстап, басын шайқайды. Ау-ы-р күрсінді. 
– Бала, тағдырдың жазмышынан озмыш жоқ, қайраттан, бұл мүрде сақтайтын орын, саған бұнда қалуға болмайды. Жүр, сыртқа шыға ғой. 
Манағы егде еркек қолынан тартты. Құр сүлдері қалып, басы зеңіп қалған ол сүйретіліп есікке қарай жүре бергенде, тура өз ішінен “Жоқ, ешқайда кетпеймін, Әсеммен бірге болам” деген дауысты естіді. 
Бар қайратын жиып, есікке қарай жылжи берді. 
– Мен Әсеммен бірге қалдым… 
Жылай жүріп, опасыз жалғанды қарғап-сілей жүріп, Әсемді Жер-Анасының қойнына берді. Кешегі жайнап жүрген ақ көбелегін жер бетіне сәл томпайған бір шөкім топыраққа айырбастады. 
Сүйекті ақымға кіргізіп жатқызғаннан кейін, ақіреттің сыртынан тас қып құшақтап жатқан өзін көрді.

Автор туралы ақпарат: Қойшыбек МҮБАРАК 1976 жылы 20 қазанда Шығыс Түркістанның Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Атамекенге қоныс аударған. ҚазҰУ Журналистика факультетінде оқытушы



Бөлісу: