"Қойныңдағы әйеліңе сенбе"
блог
«Қойныңдағы әйеліңе сенбе». Осы сөзге бұрын жыным келетін. Ал кеше растығына көзім жетті. Өзімде әйел заты, қыз баласы болсам да, шынымды айтайын, әйел деген не деген тұрақсыз немесе өзгергіш (сатқын) келеді екен осы. Бұл кешегі «Қазақтар» тарихи қойылымынан кейін туған ой.
Азаттыққа ұмтылған қазақтың тарихынан сыр шерткен қойылымда Жәнібек, Керей, Қасымдардың ақылы мен парасаты, өжеттігі мен ар-намысы, ел билеудегі өзіндік саясаты көрсетілді. Әкесінің Шайбани әулетімен бірігуіне қарсы болған Қасым бөлек сұлтандық құрып, алысырақ отырады. Қасым ұнататын Мұхаммад Шайбанидің балдызын Қасымның ағасы жар етеді. Кеін ағасы қайтыс болған соң жесір жеңгесі (бұрынғы ғашығы) Қасымға өзі келіп тұрмысқа шығып алады. Қасым және басқа да ел басқарған қазақ азаматтарының басын айналдыруда өзбек әйелдерінің «сайқалдығы» менің жынымды қоздырды. Қайбір ұнатып дейсіз, өз өзбегіне жығып беру үшін етегін түруге де барады.
Ол ол ма, ағайынды Қойгелді мен Тойгелдінің қылықтары тіпті кешірімсіз. Жо-жоқ, олардың емес, екеуіне ортақ бір әйел Шолпанның сатқындығы. Жасында жетім қалған Шолпанды Қойгелді мен Тойгелдіге қарындас болсын деп аналары асырап алады. Ержетіп-бойжеткен соң, Қойгелді асыранды қарындасы Шолпанды жүкті қылып, өзбек еліне қашып кетеді. Өзбекке қызмет етеді. Қыз өмірі азап, елге мазақ болмасын деп аналары баланы Тойгелдінің ұлы деп кіші ұлына қосады. Менің жынымның келгені, екіқабат етіп, елге қарабет қылып кеткен Қойгелді бес жылдан соң оралғанда Шолпан ойланбастан, бес жыл отасқан Тойгелдіні сатып кетеді. Қырық пышақ болып қырылған ағалы-інілі, ортақ әйел үшеуі де мерт болады. Солардан қалған бес жасар баланы Қасым сұлтан асырайды, оны Мойынсыз деп атайды.
Мойынсыз Қасымға қалтқысыз қызмет етеді, өте адал жігіт боп ер жетеді. Қасымның жесір жеңгесімен еріп келген қызметші қыз Гүлбахорды ұнатқан Мойынсызды сатқын әйел Қасымды өлтіруге үгіттейді. «Қасымды өлтіргенше, сені өзгеге қор қылғанша» деген Мойынсыз өз ғашығын өлтіреді. Бұл Қасым сұлтанға деген адалдығы еді. Шексіз риза боласың.
Қанша сатқындық, қанша қиындық көрсе де, Қасым Шайбани әулетін әділ жеңіп, «Қасым ханның қасқа жолын» қалыптастырады.
Қысқасы, бұл қойылымнан сатқындық, қызды жүкті етіп тастап кету қай заманда болмасын артта қалмаған екен деген ойда қалдым. Еркекті де гүлді баптағандай баптау керек емес пе? Кешегі қойылым маған біраз сабақ берді. Болашақта тұрмыс құрсам, еріме еркелеймін, бірақ етекке емес, төрге жетелеймін деп түйдім.
P.S. «Қазақтар» қойылымынан түйген ойым. Қаласаңыз, ой бөлісіңіз. Ал бүгін Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түн» лирикалық драмасы Н.Жақыпбайдың режиссерлігімен қойылады. Қапы қалмаңыз .