Көшпелілер мәдениеті. Қазақ ырымдарындағы отбасылық құндылықтар.

Көшпелілер мәдениеті. Қазақ ырымдарындағы отбасылық құндылықтар.
жеке
блог

Көшпелі қазақ халқының тарихының тамыры сонау кезеңдерде жатыр. Қазақ елінің  өмірінде аса маңызды рөл атқарған көшпелі мәдениет бірден қалыптаспады. Оның астарында ұзақ уақытқа созылған революция мен даму бар. Жылдар бойы қалыптасқан көшпелі өмір мен көшпелілердің табиғат аясымен байланыса өрбіген өмірін  ежелгі дәуірдің көптеген ойшылдары мен философтары саралаған еді. Көшпелі қазақтың рухани мәдениетінің өзіндік даму жолдары жетерлік. Ол көшпелілілердің тіршілік іс-әрекетінің, тұрмыс-жағдайының ерекшеліктерінен туындаған. Көшпелі халық өз тұрмыс-әрекеті мен жағдайына лайықты мәдениеттерді қалыптастырып отырды.  Мәселен, материалдық мәдениет олардың көшіп-қонып жүрулеріне ыңғайланып жасалынған. Көшпелі материалды мәдениет үлгілеріне –жиналмалы, жығып-тігуі оңай әрі жеңіл күйіз үй, ер-тұрман, ат әбзелдерін және теріден, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарын, бесігін, басқа  да өзге тұрмыстық заттарды жатқызамыз. Ал рухани мәдениеті тіптен бай. Ол қазақтың айналысатын шаруасына, күнделікті тұрмыс тіршілігіне негізделе отырып, кең даладан алған тәжірибемен, өмір ағысымен құрылған мәдениет еді. Әрі көшпелі халық отырықшы халыққа қарағанда табиғатқа тым жақын болды. Олардың табиғатқа негізделген дүниетаным, ақындық, қиялшылдық, нақтылай келгенде шығармашылық ойлау жүйесі керемет дамыған.

Талай қилы замандарды бастан өткеріп, от кешіп, мұз төсенген қазақ тәрізді ұлы халықтың өмір тіршілігінің асылдары мен құндылықтары аз болмаған. Соның бірі-осы заманға дейін өмір сүруін тоқтатпаған, бабаларымыздың тіршілікте ұстанған позициясы, көзқарасы мен  арман-аңсарын бүгінге күнге дейін жеткізген ырым-кәделері. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, ырым халықпен бірге көптеп жасап келе жатқан әдет-ғұрып болып саналады.

Ырым адам баласы өмір есігін ашқан сәттен бастап, ғұмырының соңғы жылдарына дейін тұрмыс-тіршілігінің айырылмас бөлшегіне айналады. Ырымның көпшілігі баланы жастайынан отбасылық құндылық пен табиғатқа деген сүйіспеншілікке, жануарларға деген қайырымдылыққа баулиды.

Қазақтың ырымдары сәбидің дүние есігін қағуынан-ақ басталады. Әйел толғатқанда үй ішінде ілулі тұрған заттардың бәрі алынып тасталады. Сандықтардың ауызын ашып қояды. Осылай істелсе — толғақ жеңіл болады, жолдың бәрі ашық, ақ ниетпен тілеу тілеп тұр деп ырымдалады. Жаңа туған сәбидің кіндігін киелі әйелге немесе жасы үлкен парасатты кемпірлерге кестіреді. Себебі, «Нәресте кіндік шешесіне тартады» деген сенім бар. Ауру-сырқат немесе жарымжан әйелдер кіндік кессе, бала соған тартып кетеді деп ырымдалады. Осы жерден қазақ жұртының тектілікке, парасаттылыққа сәбилік кезеңнен бастап ерекше мән беретіні аңғарылады. Дүниеге перзенттің келуі бір үйді ғана емес, бүкіл ауылды қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Алыс-жақын ағайындар келіп, құттықтап, бауы берік болсын айтып, шашу шашады. Бұдан кейін шілдехана басталады. Ол үшін арнайы дайындық жасалып, қонақтар күтіліп, тойға арналған мал сойылады. Бұл қазақ жұртының ағайынның қуанышын әрқашан бөлісуге, жақсылыққа ортақтасуға даяр екендігінің бір белгісі болатындығы даусыз.  Келесі кезең- балаға ат қою қазақта кілең тілекпен, үмітпен астасып жатады. Баласының аты мағыналы, құлаққа жағымды болуына қатты мән беріледі. Қойылған есім баланың өмірі мен тұлға болып қалыптасуына әсер етеді деген ырым да жоқ емес.

Кейіннен бала есейе келе, отбасы құндылығы, ағайын-туғанға құрмет, қайырымдылық тәрізді әдет-ғұрыптың негіздеріне үйрене бастайды. Үлкен кісі тұрмақ, жас сәбилерге де ілтипатпен қарауға, көңілін табуға дағдыланады. Мысалы, қыдырып келген жас баланы үйден құр қол шығармайды. Өйткені сәбидің меселдесі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, келер бақытының беті кайтпасын, үйде оттай ыстық ықыласы қалсын деп ырымдаған. Егер сәби суық рай көріп, кейіген кейіппен шығып кетсе, бұл шанырақтан бақ, төрден бақыт, дәннен ырыс кетеді деп ырымдалады. Үлкен тойда, аста немесе салтанатты мерекелерде сыйлы қонаққа көк қасқа тай, ақ сары бас қой, аттан түйе, дөнен өгіз сойылады. «Сонда барлық тілек қабыл болып, зор бақыт қонады» деп ырымдайды. Қонақ келгенде есікті үй иесінің өзі ашады. Ал қонақ шығарда, есікті қонақ өзі ашып шығады. «Қонақ үйге келгенде-құт бірге кіреді, қонақ кетерде үй иесі есік ашып берсе, құт та әлгі кісімен бірге ілесіп кетеді» -деп ырымдалады.  Байқап отырсақ, халқымыз келген әрбір қонақты құт алып келуші, зор бақытқа бөленудің себепшісі ретінде қабылдап, үлкен құрметпен күтіп алар болған, бар жақсысын алдына тосып, көңілін табуға бар ынта-жігерін жұмсаған. Осындай ырымдарды көріп өскен әрбір қазақ баласының бойында үлкенге құрмет, кішіге деген ізет қалыптасады, әдептілік пен сыйластық санасында орнығады.

Бірақ, “Заманыңа сай бөркіңді ки” демекші, тұрмыс-тіршіліктің, қоғамдағы сананың уақыт өте келе өзгеруіне байланысты кейбір салт-дәстүрлер жаңғырып, жаңартылып отырады, ал кейбіреулері мүлдем өмір сүруін тоқтатады. Дәл сол тәрізді ырымдардың да арасында заман талабына сай келмейтін, тек ескінің көзі ретінде қалғандары  бар. Мысалға алар болсақ, киіз үйдегі тұрмыс-тіршілік, көші-қон, гендерлік теңсіздік тақырыбындағы ырымдар өздерінің актуалдылығын жоғалтып, халық арасындағы  қолданыстан барынша шығып қалған.

Алайда, табиғатты аяулауға, төрт түлікке қатысты ырымдар осы күнге дейін өзінің маңыздылығын сақтап келді.  Қазақ баласы жаңа шыққан көк шөпті жұлмайды. Ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты сындырмайды. Өйткені, жас өндірдің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі. Көк жұлсаң – көктей орыласың, қарғыс атады деп ырымдалады.  Қазақ баласы бастау басына, бұлақтың қасына дәретке отырмайды. Барлық тірліктің атасы да, жан біткеннің анасы да сол бұлақ, сол бастау деп біледі. Сондықтан бұлай істегенде оның киесі атады, қарғысы тиеді. Тазаны арамдасаң – арың кірленеді, абыройың төгіледі деп ырымдайды. Кептерге қарай тас лақтырмайды. Олай істесе — тыныштық бүзылады, береке кетеді деп ырымдалады. Хайуандарды, аңды, малды адамдай көру парыз саналады. Жүрегі кірді, қара ниеттер ғана бұлай істей алмайды. Бұл міндетті өтемегендерде адамдық қасиет жойылады дей келе, экология мәселесімен қатар, адамның жүрегіндегі мейірді тек адамға емес, жануарға қатысты да білдіруді ырым арқылы жеткізеді. Оның үстіне, дана халқымыз жер бетіндегі тіршілік иелерін аялап қана қоймай, көшпелі өмірдің ауырлықтарын жеңілдету мақсатында да дұрыс қолдана білген. Төрт түліктің, ис-құттың іс-қимылына сыни көзбен қарап, асқан көрегенділікпен табиғат құбылыстарымен байланыстыра білген. Жұт болар жылы өрістен кайтқан қойлар аузына бір-бір шөп тістеп қайтады деседі.      Егер қыста түйе ернін жыбырлатса, жылкы оқыранып жұтынар болса, онда кешікпей-ақ түйе мен жылқы қар суын ішеді. Яғни, көктем ерте шығады деген сөз. Егер қой тұягымен төсін қасыса, қар калың түседі.  Егер қой тісін қайраса, кешікпей боран болады.  Егер қой қорасына еркін кірсе, жыл жаксы болады деген болжамдарға бағдарланып, қыс қамына кірісіп, я болмаса жақсылыққа жорып отырған деседі.

Көшпелі өмірге тағы қажет маңызды заттардың бірі- аспан денелері туралы білім еді. Қоршаған орта мен жер, ауа жағдайын білумен шектелмей, аспан әлемін зерттеу де қажет болған. Аспандағы "Темір қазық", "Жеті қарақшы", "Үркер", "Шолпан" жұлдыздарының орналасуы мен олардың қозғалыстарын білудің өзі көп жеңілдіктер беретіні мәлім еді . Жолға "Шолпан" жұлдызы туа аттанған керуен, "Темірқазықты" аумас бағыт етіп алған жолаушы адаспайтын болған. Қазақ халқы аспан әлемін білуге ерекше зер салған және өз ұтымды қолдана білген. Аспан денелеріне қатысты ырым-тыйымдары мен наным-сенімдері  де жетерлік. Тіпті адам өмірін аспандағы жұлдыздармен байланыстырып, оларды әрбір адам жанының бейнесі деп санады. Бір жұлдыз ағып түссе — бір жан үзілді деп нанды.

Қорыта келгенде, көшпелі қазақ халқының рухани мәдениеті ырымдарға өте бай. Қазақ баласының өмірінде ырымдардың алар орны да ерекше болып келді. Сыйластық, адамгершілік, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер бірінші ананың сүтімен дарыса, екінші осындай тәлімі мол халық даналығынан, салт-дәстүрдің ықпалынан дарыған болуы керек. Ғасырлар өтсе де, бұл асыл мұра ұмытылмақ емес. Салт-дәстүр-  халықтың мықты тірегі, өшпес ошағы.