Жаздың күні шуылдасып есік алдында ойнап жүретін балалар...Жамырай жүгіріп, дауыстары бүкіл ауылды алатын ұл мен қыздар...Бүгінде олардың бірде біреуі жоқ. Көше тып-тыныш...
Қалың қарға қарамай көшенің о шетінен бұ шетіне шанамен сырғанап...Бірінің үстіне бірі мінгесе, таласа шанаға бірінші отыруды көздейтін көздер...Есік алдына үлкен аққала жасап, оның көзін қадауға көмір іздеп жүретін қыздар...Ал енді аққала да, оттай жанып тұратын көздер де жоқ...Қорадағы шананы шаң басқан...
Мектеп маңындағы ойын алаңынан бір кездері бос орын таппай сенделіп жүретін оқушылар... «кольцоға» одан қалса «қақпаға» гол салуға асығатын арман қуған жастар...Бұл күнде олар жоқ... «кольцо» да, «қақпа» да бос...Құмарың қанғанша ойнай бер...
Салқын самал кеште жиналып әңгіме-дүкен құратын әйелдер...Әр үйден шығып ортақ дүние айтуға құмартатын жандар...Қазір олар жоқ...Көшеде жоқ...Теледидар алдына телміріп телесериал көруде...
Ауылдың ақсақалы, шашын ақ шалғаны, шалмағаны бар...Олар шығып әйтеуір бір істі ақылдасатын еді...Әттең еді...
Күн жылыда жарыса көшені сыпырып, даланы суарып, қоқысты өртейтін еңбексүйгіш адамдар...Сол істерінен ләззат алатын біздің көшенің тұрғындары...Бүгінде олардың саны азайды... Мүмкін тазалыққа деген махаббаттары да бәсеңдеген болар...Қайран менің ауылым...Ай-ауылым-ай, сенен де сән кетіпті...мән кетіпті...